Ауыл мәдениетінің ауқымы кең

Ауыл мәдениетінің ауқымы кең
ашық дереккөз
Ауыл мәдениетінің ауқымы кең
1958 жылы облысымызда алғаш рет «Облыстық халық шығармашылығы орталығы үйі» болып ашылған нысан бүгінде 65 жылдық тарихы бар облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты болып жұмыс атқарып келеді. Облыстық халық шығармашылығы орталығы мәдениет үйлері мен клубтардағы көркем өнерпаздар ұжымдарының репертуарларын байыту тұрғысында әдістемелік құралдар әзірлеп, жеткізеді. Сондай-ақ, олардың өнерін насихаттау және орындау шеберліктерін арттыру мақсатында облыстық іс-шаралар ұйымдастырып, республикалық, халықаралық байқау, конкурстарға қатысуларына ықпал етіп келеді. Солардың ішінде ауыл мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосуға бағытталған жобаларға тоқталар болсақ, мәдениет үйлерінің қызметін жақсарту мақсатында атқарылып жатқан шаралар да аз емес. Жалпы, мәдениет үйлері мен клубтардың қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін материалдық-техникалық базасын ұдайы жаңғыртып отыру қажет. Өйткені, қазіргі уақытта көрермен мен тыңдарманның талғамы өте жоғары, сондықтан халыққа сапалы қызмет көрсету – басты назарда. Мәселен, 2005 жылы республикалық деңгейде бастау алған «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб», «Ең үздік әдістемелік кабинет» байқаулары әлі күнге дейін жалғасын табуда. 2019 жылы пандемияға байланысты уақытша тоқтап қалған жоба араға бірнеше жыл салып 2023 жылы қайта жаңғырды. Орталықтың ұйымдастыруымен 2023 жылы аудан орталықтары мен ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб- 2023», «Ең үздік әдістемелік кабинет» облыстық байқаулары талапқа сай жүзеге асты. Дәстүрге айналған бұл байқаулар аудандағы үлгі болуға лайықты ауылдық клуб келбетін жасау, жеткен жетістіктерін таныстыру, мекеменің эстетикалық талғамымен безендірілуі, әдістемелік кабинеттердің жаңа технологиялармен қамтамасыз етілуі, материалдық-техникалық базасының нығаюына ықпал ету мақсатына негізделген. Жоспарланған кестеге сәйкес, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйі, Қордай ауданындағы Степной ауылдық мәдениет үйі, Мойынқұм ауданындағы Биназар ауылдық клубы, Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылдық клубы, Байзақ ауданындағы Жақаш ауылдық клубы, Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйі, Талас ауданындағы Қараой ауылдық клубы, Сарысу ауданындағы Өндіріс ауылдық клубы, Меркі ауданындағы Ойтал ауылдық мәдениет үйі мен Шу ауданындағы Қонаев ауылдық мәдениет үйі ұсынылып, түрлі тақырыптарда іс-шаралар өтті. Нәтижесінде Мойынқұм ауданындағы «Биназар» ауылдық клубы I, Жамбыл ауданындағы «Өрнек» ауылдық мәдениет үйі II, Талас ауданындағы «Қараой» ауылдық клубы III орынды еншіледі. Ал «Ең үздік әдістемелік кабинет» облыстық байқауында Қордай аудандық мәдениет үйі III орынды еншілеп, 200 000 теңге қаржылай сыйақы алды. Ал, Меркі аудандық мәдениет үйі II орынға лайық деп танылып, 300 000 теңге қаржылай сыйға ие болды. Жуалы аудандық мәдениет үйі I орын иеленді. Оларға 500 000 теңге қаржылай сыйақы табыс етілді. Жыл сайын дәстүрлі түрде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып жүрген «Рухани қазына – 2023» республикалық фестивалінде де өңірдегі ауыл мәдениетінің әлеуетін көтеру басты назарда. Бұл байқаулардың ауыл мәдениетінің өрісін кеңейтіп, заман ағымына сай жаңашылдықтарды да ескеруде септігі зор. Сондықтан, дәл осы сарындағы мән- маңызы жоғары іс-шараларды іске асыруда облыстық халық шығармашылығы орталығының ұжымы бүгінгі мәдениет пен ұлттық ұғымды сабақтастыруды ұмытқан емес. Өйткені, ауыл мәдениеті арқылы қазақстандық мәдениетті өркендету – баршамызға ортақ міндет.  

Мөлдір ҚЫЗДАРБЕКОВА,

облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы.

Ұқсас жаңалықтар