
Су айдындарында 51 адамды құтқарды
Елімізде шомылу маусымы қызу өтіп жатыр. Әсіресе шілде мен тамыз айларында өзенкөлдер мен жағажайлар халыққа лық толады. Бұл кезең жұрт үшін демалыс, саяхат пен сергектік уақыты болса, екінші жағынан қаупі мол және жауапкершілікті талап ететін маңызды маусым. Сондықтан Төтенше жағдайлар министрлігі өңірлердегі су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ауқымды профилактикалық іс-шараларды жалғастыруда. Мақсат – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, халықтың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және су жанында демалу кезінде ережелерді сақтау қажеттілігіне тұрғындардың назарын аудару.
Ведомство мәліметінше, жаз басталғалы бері құтқарушылар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, республика бойынша 30 мыңнан астам патрульдеу мен рейд өткізген, нәтижесінде қауіпсіздік шараларын сақтамаған 902 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осындай шараларға қарамастан, жыл сайын елімізде суға кететіндер көп.
Шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар еліміздің су айдындарында 51 адамды, оның ішінде 13 баланы құтқарған. Ал 50 адам, оның ішінде 15 бала суға батып қайтыс болды. Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан мұндай фактілер Шымкент қаласы мен Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарынан басқа өңірлерде тіркелген. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі рұқсат етілмеген, жабдықталмаған жерлерде шомылу, ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы, ішімдік ішіп, суға түсу, жүзу білмеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтамау себептерінен болған.
Бүгінде облыс орталығындағы су айдындарында да профилактикалық рейдтер жалғасып, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су айдындарында күнделікті қауіптің алдын алу іс-шараларын жүргізуде. Оның аясында құтқарушылар жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен бірлесіп, демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жабдықталмаған жерлерде шомылуға тыйым салынатынын және белгіленген талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салуда. Рейд барысында бірнеше тыйым салынған орындарда шомылу фактілері анықталған.
Аталған құқықбұзушылықтар бойынша хаттамалар толтырылып, ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған бір жағдай бойынша әкімшілік айыппұл салынды. Департамент қызметкерлері тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға, өзінің және жақындарының өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Себебі су маңындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Профилактикалық рейдтер облыстың барлық өңірлерінде тұрақты негізде жалғасуда.
Бір аптада – 200 шақырту
Өткен аптада облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 24 төтенше жағдай мен оқиғалар тіркелді. Оның 1-і табиғи сипаттағы, 22-сі техногенді сипаттағы жағдайлар болса, тағы 1-і жедел ақпарат.
Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері апта ішінде 200 шақыртуға барған, оның ішінде өрт сөндіру бөлімшелері 178 шақыртуға (өртке – 23, жану оқиғаларына – 149, авариялық-құтқару жұмыстарына – 4, басқа да түрлі сипаттағы – 2) шыққан. Нәтижесінде бір адам құтқарылған. Жедел құтқару жасағы 7 күнде 22 авариялыққұтқару жұмыстарына қатысқан.
Апта ішінде «Қазгидромет» РМК облыстық филиалынан 7 дауылды ескерту түсіп, тұрғындарды хабардар ету үшін ұялы байланыс операторларына 11 СМС-хабарлама жіберілді. 101 және 112 желісіне жалпы 8705 қоңырау түссе, оның 965-і жедел сипаттағы, ал 7740-ы жедел емес сипаттағы қоңырау болды.
Өрт-тактикалық жаттығудың берері көп
Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері ірі сауда нысандарының бірі – «Бек» базары аумағында өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты адамдар көп шоғырланатын нысандарда шартты өртті сөндіру кезіндегі жеке құрамның іс-әрекетін жетілдіру, өмірді қамтамасыз ету қызметтерімен өзара іс-қимылды пысықтау және төтенше жағдай туындаған кезде күш пен құралдардың дайындық деңгейін тексеру болды.
Тактикалық жоспар бойынша өрт сауда бутиктерінің бірінде орын алды. Шартты төтенше жағдай орнына дереу жеткен өрт сөндіру бөлімшелері барлау жұмыстарын жүргізіп, ошақты сөндіру мен зардап шеккендерді шартты құтқару шараларын ұйымдастырды. Осындай өрт-тактикалық сабақ кардиохирургия және трансплантология бойынша ғылымиклиникалық орталықтың базасында да өтті.
Іс-шараға қаладағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері және апаттар медицинасы орталығы филиалының жедел тобы қатысты. Жоспарға сәйкес мекеменің бір бөлмесінде шартты түрде өрт шығып, науқастар мен медициналық қызметкерлерді эвакуациялау қажеттілігі туындады. Өрт сөндірушілер шартты өртті сөндіру, барлау жұмыстарын жүргізу және түтінденген аймақтағы адамдарды құтқару іс-қимылдарын пысықтады.
Сабақтың басты мақсаты – төтенше жағдайлар кезінде әрекет ететін қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтау, адамдар көп жиналатын нысандардың төтенше жағдайларға дайындығын тексеру, сондай-ақ қызметкерлердің эвакуация және өрт кезіндегі іс-әрекеттері бойынша практикалық дағдыларын арттыру болып табылады.
Оқу-жаттығулар соңында оған қатысушылардың әрекеттері талданып, дабыл беру, эвакуациялау және алғашқы өрт сөндіру шараларын жетілдіру бойынша ұсыныстар берілді.
Есінен танып қалған екен
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 шілде күні 112 жедел қызметіне Тараз қаласының тұрғыны, 1997 жылы туған жас жігіттің ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай, пәтер есігін ашпағаны туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына дереу жеткен жедел құтқару жасағының қызметкерлері арнайы сатының көмегімен үйге терезе арқылы кірген. Құтқарушылар пәтер ішінен есінен танып қалған жас жігітті тауып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды.
Осылайша құтқарушылар өздерінің жедел әрекетінің арқасында ер адамның өмірін құтқарып қалды.
Қауіпсіздік күзетінде – әке мен бала
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде нағыз құтқарушылар әулеті қызмет етеді. Олар – Руслан Куржиев пен оның ұлы Дәулет Бектұрсынов. Азаматтық қорғау подполковнигі Руслан Бектұрсынұлы төтенше жағдайлар органына 17 жылдан астам өмірін арнаған жан. Осы саладағы қызметін 2007 жылы бастаған ол қарауыл бастығынан өрттерді зерттеу жөніндегі маман деңгейіне дейін көтерілді.
Аталған лауазым өрттердің шығу себептерін анықтауда маңызды рөл атқарады. Бұл болашақта осындай жағдайлардың алдын алуға және ең бастысы, адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі. 2022 жылы осы ізгі жолды жалғастырған Дәулет Бектұрсынов №4 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы қызметіне қабылданған болатын.
Әрбір шақырту – бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін әрекет етуге дайын болу деген сөз. Ұрпақтар сабақтастығы, мамандыққа адалдық, адам өмірін құтқару және қоғамға қызмет ету – Куржиевтар отбасының басты құндылықтары.
Адал қызметі үшін – алғыс
Жақында төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы Ольга Куприянова, Онила Бисенбаева және Сәуле Мұнатаева сынды әріптестерін салтанатты түрде зейнетке шығарып салды. Мұндай рәсім бүгінде облыс құтқарушыларының арасында жақсы дәстүрге айналған.
Аталған үш қызметкердің әрқайсының артында ондаған жылдық адал еңбек, мінсіз қызмет және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік бар. Кәсіби қызмет жолында олар жоғары жауапкершілік, төзімділік, еңбекқорлық және халыққа деген қамқорлықтарын көрсете білді. Салтанатты шарада департамент басшылығы мен әріптестері жылы лебіздерін білдіріп, азаматтық қорғаныс жүйесінің дамуына және жас мамандарды тәрбиелеуге қосқан қомақты үлес - тері үшін алғыс-тарын жеткізді. Құрмет иелеріне алғыс хаттар, гүл шоқтары және естелік сыйлықтар табысталды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әйелдер рөлі зор
Облыстық департаменттің кадр және тәрбие жұмысы басқармасы мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі туралы дөңгелек үстел өткізді. Жиынға облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Әлихан Нарегеев пен Тараз қалалық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Меруерт Оразалиева қатысты.
Жиынға қатысушылар мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдарында әйелдердің өкілдігін кеңейтудің, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің және оның қауіпсіздік секторында алдын алудың маңызды аспектілерін қарастырды.
Сонымен бірге әйелдердің сот төрелігін қамтамасыз етуде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет саясатын қалыптастыруда, тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алуда әйел қызметкерлердің кәсіби бірлестіктерін құрудың және қолдаудың айрықша маңыздылығы атап өтілді.
Іс-шараға облыстық төтенше жағдайлар департаменті аппаратының қызметкерлері, Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасы, өрт сөндіру бөлімдері мен жедел құтқару жасағының жеке құрамы және zoom-бейнеконференциясы арқылы барлық аудандық бөлімшелердің мамандары қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Газ құю стансаларындағы жағдай сараланды
Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен, газ құю стансаларындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жиын өтті. Бұл тақырып, әсіресе, жазғы ыстық маусым мен төтенше жағдайлардың туындау қаупі артатын кезеңде өзекті болып отыр.
Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері, кәсіпкерлер палатасының мамандары, сондай-ақ қала аумағында жұмыс істейтін жанармай құю стансаларының басшылары мен жауапты қызметкерлері қатысқан шарада басқарма мамандары өрт қауіпсіздігі саласындағы заң талаптарын кеңінен түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, жабдықтардың техникалық жағдайын бақылау, мамандарға үнемі нұсқаулық өткізу және нысандарды бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету қажеттігін еске салды. Әсіресе мұнай өнімдерін құю және төгу, сондай-ақ жабдықтармен жұмыс істеу кезінде өрт шығуына әкелуі мүмкін бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ашық диалог барысында қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты, сұрақтарын қойып, жоспардан тыс тексерулер жүргізу, нұсқамалар беру және өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтар өткізу тәртібі бойынша түсіндірмелер алды.
2500-ден астам қорғаныш құрылғысы орнатылды
Жыл басынан бері құтқарушылар еліміздің түкпір-түкпірінде көпқабатты үйлердегі пәтерлерде қорғаныш терезе тетіктерін орнату бойынша кең ауқымды акция өткізуде. Бұл бастама аясында ерекше назарды қажет ететін отбасылардың үйлеріне 2500- ден астам қорғаныш құрылғысы орнатылды. Құтқарушылар барлық құрылғыларды көпбалалы, әлеуметтік осал, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылардың пәтерлерінде тегін орнатуда.
Акцияның басты мақсаты – балалардың терезеден құлауының алдын алу. Өкінішке қарай мұндай оқиғалар балаларды тіпті қысқа уақытқа қараусыз қалдырғанда да, терезе ашық болса, орын алып жатады.
Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға қарапайым, бірақ өмірлік маңызды ережелерді ескертеді. Үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмаңыз. Терезе маңына жиһаз қоймаңыз, бала үстіне шығып кетуі мүмкін.
Тек қорғаныш механизмі бар терезелерді пайдаланыңыз, бала терезені аша алмауы үшін терезе тұтқасын бекітіп қойыңыз. Баланы терезе алдына шығуға үйретпеңіз, үлкендердің қарауынсыз балконға шығармаңыз. Москит торы құлап кетуден қорғай алмайтынын есте сақтаңыз. Балалардың қауіпсіздігі – ересектердің қолында!
Қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің терроризмге қарсы қорғалуын күшейту мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен қауіпсіздік техникасын орнату жұмыстары жүргізілді. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, нысан заманауи қақпалармен және бейнебақылау жүйесімен жабдықталды.
Жүйе нысан периметрін, бақылау-өткізу пунктін, негізгі және қосалқы кіру жолдарын толық қамтиды. Орнатылған бейнекамералар тәулік бойы бақылау жүргізіп, бейнені жіберуге, сондай-ақ бейнематериалдарды кемінде 30 тәулік бойы сақтауға және мұрағатқа жедел қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Атқарылған жұмыстар нысанның қорғалу деңгейін айтарлықтай арттырып, қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында азаматтық қорғау нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.
Жер сілкінгенде не істеу керек?
8 шілде күні түстен кейін Жамбыл аумағында жер сілкінісі тіркеліп, облыстың бірқатар елді мекендерінде 2-ден 6 баллға дейін сезілді. Сейсмикалық белсенділікке байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінде жергілікті және республикалық қызметтердің іс-қимылын үйлестіру, ақпаратты жинақтау мен талдау және барлық бөлімшелердің ықтимал салдарға дайын болуын қамтамасыз ету мақсатында облыстық жедел штаб құрылып, департамент психологтары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажетті кеңестер берді.
Жамбыл жерінде аракідік жер сілкінісі орын алып тұратындықтан, төтенше жағдайлар департаменті мұндай жағдайда азаматтарды сабыр сақтауға және мынадай қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырады.
Жер сілкінісі кезінде не істеу керек? – жер сілкінісіне дейін үй ішіндегі қауіпсіз орындарды алдын ала анықтаңыз (бұрыштар, есік жақтауы, үстел астында);
– құжаттар, су, дәрі-дәрмек, шам секілді заттармен «дабыл сөмкесін» дайындаңыз; – жиһаз бен ауыр заттарды бекітіп қойыңыз;
– сілкініс кезінде ғимарат ішінде болсаңыз, далаға шықпаңыз. Терезе мен жиһаздан алыстаңыз, қауіпсіз орында отырып, басыңызды қорғаңыз;
– далада болсаңыз, ғимараттардан, ағаштардан және сымдардан аулақ болыңыз, төмен отырып, басыңызды жабыңыз;
– көлікте болсаңыз, көпірлер мен ғимараттардан алысырақ тоқтаңыз, сілкініс тоқтағанша көлікте қалыңыз;
– жер сілкінісінен кейін өзіңізді және жақындарыңызды тексеріңіз;
– лифтіні пайдаланбаңыз; – мүмкін болса, газды, суды және электр тоғын өшіріңіз;
– ғимараттан абайлап шығыңыз, төтенше жағдайлар қызметтерінің хабарламаларын қадағалаңыз;
– төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді