«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үйсіз жүрген жандарға үміт береді

Үйсіз жүрген жандарға үміт береді
Автор
Президент тапсырмасына сәйкес азаматтардың жекелеген санатының баспана мәселесін жедел шешу мақсатында жалға алған тұрғын үйді субсидиялау тетігі 2022 жылдан бастап іске қосылған болатын. Енді осы жылдан бастап Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жүзеге асырып жатқан жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы баспана кезегінде тұрған адамдарды көбірек қамтымақ.

Бұған дейін бағдарламаға қатысу туралы өтінішті SMS-хабарлама алған азаматтар ғана жолдай алатын. Бұл хабарламалар жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдерді тағайындау және төлеу қағидаларының талаптарына сәйкес, уәкілетті орган қалыптастырған және банкке өткізген тізім бойынша жіберіледі. Тізімге төрт санат бойынша баспана алуға кезекте тұрған 70 мың адам кірді. Яғни кімдер ала алады?

Біріншіден, 1 және 2-топтағы мүгедектер, екіншіден, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, үшіншіден, жетім және атаанасының қамқорлығынан айырылған балалар, төртіншіден, көп балалы отбасылар субсидия ала алады. Тағы бір талап – жалдау субсидиясын алуға өтініш білдірген отбасының жиынтық табысының мөлшері. Соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 көлемінен аспауы керек.

2022 жылдың 4 шілдесінен бастап otbasybank. kz платформасында бағдарлама талаптарына сәйкес келетін кез келген қазақстандық субсидия алуға өтініш бере алады. Ол үшін ЭЦҚ қажет. Субсидиялау бағдарламасына қатысушылардың тізімінде болудың және Отбасы банктен SMS-хабарлама күтудің қажеті жоқ. Отбасы банк жұмыс барысында қолға алған тағы бір өзгеріс – әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты. Енді олар жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін табыс пен қызмет көрсету шарты бойынша төленетін қаражатпен қатар кіріс ретінде есепке алынатын болады.

Отбасы банк жұмыс барысында қолға алған тағы бір өзгеріс – әлеуметтік төлемдермен жәрдемақыларға қатысты. Енді олар жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін табыс пен қызмет көрсету шарты бойынша төленетін қаражатпен қатар кіріс ретінде есепке алынатын болады. Мәселен жалғыз өзі асыраушы болып табылатын отағасының әйелі мен үш баласы бар делік. Ол айына 180 мың теңге алады. Табыс талабы бойынша бұл отбасы субсидия алуға құқылы.

Алайда бұл отбасы қосымша жәрдемақы алатын болса, онда әрбір отбасы мүшесінің табысы 1 КМ-нен жоғары болады. Яғни бұл жағдайда отбасы мемлекеттік қолдаудан қағылады. Дәл осы себепті бағдарламаға қазірдің өзінде 1000- нан астам қатысушы қабылданбады. Қазір заңнамалық деңгейде бірқатар өзгертулер енгізілуде. Олар күшіне енгенін банк қосымша хабарлайды. Сол уақыттан бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар табыс ретінде қарастырылмайды. Сондықтан бұрын осы себепті субсидия ала алмаған қатысушылар өтініштерін қайта тапсыра алады. Жалдау ақысын субсидиялауға республикалық бюджеттен барлығы 40 миллиард теңге бөлінсе, тағы 10 миллиард теңгені жергілікті әкімдіктер бөледі.

– Өтінім беру процесі толығымен цифрландырылған. Өтініштер қабылданатын және өңделетін цифрлы платформаның Қазақстанда баламасы жоқ. Бағдарлама шарттарына сәйкес келетін қазақстандықтарға otbasybank. kz платформасында өтінім беру қолжетімді.Алғашқы өтінімдерді беру барысында банктің IT-мамандары тарапынан жедел реттеуді талап ететін қателер туындауы мүмкін екенін ескердік. Сондықтан бірінші кезеңде банктің клиенті болып саналатын үміткерлерден өтінімдер қабылдана бастады. Екінші кезеңде, яғни 26 сәуірде Отбасы банкінен тағы 23 мың үміткерге SMS-хабарлама жіберілді. Жалдау шарттары бойынша төлемдерді республикалық және өңірлік бюджеттерден қаражат түскеннен кейін маусым айынан бастау жоспарланып отыр, – деді банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, жалға алған үйді субсидиялау қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Яғни жалға алған үйдің 50 пайызы мемлекеттік субсидия есебінен жабылады да, қалған 50 пайызын көмек алушы өзі төлейді. 70 мың азаматқа қолдау көрсету үшін 50 миллиард теңге қажет. Соның ішінде республикалық бюджеттен жұмсалатын шығындар шамамен 40 миллиард теңгеге тең, ал жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 10 миллиард теңге мөлшерінде. Бағдарламаға қатысушы ең алдымен төлемді алу туралы өтінішке қол қояды және жеке деректерді жинауға әрі өңдеуге келісім береді.

Қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында «қонақ» ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Осыдан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады.

– Өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі. Осыдан кейін «Пәтер иесі туралы деректер» бөлімінде өтініш иесі пәтерді жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсетуі керек. Осы сәттен процеске жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылып, екінші кезеңі басталады. Баспананы жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, «Жалға алу ақысын субсидиялау» бөлімінде деректерін растайды. Сондай-ақ жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды. Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады, – деді банктің басқарма төрайымы.

Жалдамалы баспананы әркім өзі іздейді. Отбасы банк субсидияны жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank. kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады. Отбасы банк жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Жақында ғана субсидияға қол жеткізген қала тұрғыны Жанар Оразымбетті сөзге тарттық.

– Мен көпбалалы анамын. Маған субсидия тамыз айынан бастап шықты. Әр айдың 25-інде шотыма ақша түсіп тұрады. Президентіміздің тапсырмасы бойынша бұл бағдарламаға көптеген қазақстандықтар енуі керек екен. Өйткені үйсіз жүрген адам көп. Көпшілігіміз пәтер жалдап тұруға мәжбүрміз. Бұл дегеніміз үлкен көмек. Маған 61 мың теңге субсидия шықты. Қалған елу пайызын өзімнің Отбасы банктегі шотыма салып отырамын. Сонда үй егесіне 120 мың теңге түсіп отырады, – дейді ол.

Ескертетін жайт, жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады. Баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлізайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынған.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА.

 

Ұқсас жаңалықтар