«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Нағыз қазақтар ауылда тұрады

Нағыз қазақтар ауылда тұрады
Ашық дереккөз
Қалада тұрамыз десек те, Қаратау үлкен ауыл сияқты. Өйткені онда көбіне ауылдан көшіп келгендер тұрады. Көзіме ыстық көрінеді. Алайда, ауылға не жетсін. Қала асфальтінің ыстығы қолқаны қапқанда, ауылдың тынысыңды ашар таза ауасын аңсайсың.

Иә, қазақтың түп тамыры ауылда жатыр. Қазақтың салтдәстүрін, әдет-ғұрпын ауылдан табасың. Нағыз қазақтар ауылда тұрады. Сондықтан ауыл маған періштедей көрінеді. Өзімнің Үшаралым түсіме кіреді. Баяғыда балдәурен балалық шағымыз өткен. Үшарал ауылының №1 фермасының орталығында 5-6- ақ жанұя қалыпты.

Бір кезде 100 отбасы тұратын қайран алтын ұям, сен мұндай күйге түседі деп үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ. Біз туған жердің қадірін білмедік-ау деймін. Жер-ананы жеке меншікке беріп, ренжітіп алдық-ау деймін. Егесіз қалған елжұрттың киесі біздің жүрегімізді ауыртатын кез келіпті. Күні кеше ғана ауылдағы бір бауырым жаз кезінде, тіпті шілдеде аңқылдаған салқыны соғып тұратын, ақселеулі өсімдігінен көз сүрінетін Ақсай даласының суретін жіберіпті. Көріп, тұлдыр шөбі жоқ, тақыр даланы көріп жүрегім ауырды.

Суретті жіберген бауырым қамығып былай дейді: «Қазір шілденің алғашқы онкүндігі. Аспан айналып жерге түсердей ыстық. Мана тал түсте күннің ыстықтығы 47 градусқа жетті. Ауа жоқ. Кешкі екінді түскеніне қарамастан, күннің ыстықтығы 36 градус көрсетіп тұр. Жасым 60-та. Бұндай алапатты көрген емеспін. Бәрінен қабырғама бататыны, жерде жылан жалағандай түк жоқ, тап-тақыр. Япыр-ау, Алланың бұл қандай сынағы деп қапаланамын».

Жалғыз Үшарал емес, ауданның өзге өңірінде де жағдай мәз емес. Малмен жан бағып отырған ауыл халқының жанайқайын түсінуге болады. Олар ғана емес, елде болса ерінге тиеді демекші, ет те, сүт те, қаймақ та, құрт-ірімшік те қалаға ауылдан келеді ғой. Қазір олардың да бағасы аспандап тұр. Аз болған соң аспандайды да. Қыс азығын жаз сайлаған шаруалар шөптің қымбат екенін де айтып, күйінуде. Ал енді Ойықтан келген бір бауырымның әңгімесін естіп қуанып қалдым.

Ауылдың іргесінде Майлыкөл деген шабындық бар екен. Шаруалар сол шабындықты қорып, қазір күн-түн демей шөбін шауып, мал азығын дайындауда. Бір орама шөптің құны 4 мың теңге, өткен жылғы бағамен бірдей деп қуанып отыр. Осы хабарды естіп те қуанып қалдық. Ана жылы осындай қуаңшылық болғанда, Таластың шаруалары Шу бойына барып мал азығын дайындап еді. Биыл да сөйтсе қайтеді деп ойландым. Ол үшін ел қамын жеген атқамінерлер шаруалармен ақылдасар, бір шешімін табар деп үміттенемін.

Иә, ауыл – алтын бесігіміз. Солар бақуатты тұрса, қалалықтар да қиналмайды. Сондықтан ауылға қол ұшын берейік, ағайын!

 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

аудандық билер кеңесінің төрағасы.

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар