Неке – отбасы негізі
Неке – кәмелетке толған ержеткен азамат пен бойжеткен қыздың, сондай-ақ ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынастың заң жүзінде бекітілуі. Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексіне сәйкес, неке – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ. Сондай-ақ, неке және отбасы, әке-ана және бала мемлекеттің қорғауында болады.
Жалпы, отбасы әр адамның өмірінде, қоғам мен мемлекетте ерекше маңызды орын алатыны ақиқат. Өйткені, отбасы әр адам үшін махаббат пен қолдауды білдіреді. Отбасының мықты, әрі берік болуы ер мен әйелге байланысты. Ал, отбасы өз кезегінде қоғамның дамуына, оның тұрақты болуына зор үлесін қосады.
Отбасының ең маңызды қызметінің бірі – балаға дұрыс тәрбие беру. Ал, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайтыны анық. Оның негізгісі - баланың әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдауы, үлкен ұрпақтың дұрыс тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру. Яғни, балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – әкесі мен анасының ең маңызды міндеті. Тіпті әке мен ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру қағидаттары, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бала үшін үлкен өнеге.
Өкінішке орай, қазіргі таңда тұрмыс құрған жастардың басым бөлігі көп уақыт өтпей-ақ ажырасуға бейім келеді. Мысалы, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2023 жылы қыркүйек айынан бастап қазіргі таңға дейінгі аралығында неке бұзуға 504 талап арыз түскен. Бұл көрсеткіш, әрине, өте жағымсыз.
Осыған байланысты, яғни ерлі-зайыптылар арасында неке бұзу фактілерінің орын алу саны азаймауына байланысты, қазіргі таңда тараптардың арасында татуластыру рәсімдерін тұрақты түрде жүргізу мақсатында және бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін елімізде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотымен бірнеше жыл бұрын «Отбасылық сот» пилоттық жобасы енгізілген болатын. Бұл жоба отбасы институтын жандандыру, отбасы құндылықтарын сақтау, жанұялық жарасымдылықты сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, кәмелетке толмаған балалардың толыққанды отбасымен тұру және тәрбиелену мүмкіншілігін арттыру мақсатында енгізілген.
Қазіргі таңда «Отбасылық сот» пилоттық жобасының шеңберінде соттарға психолог мамандары, медиаторлар, педагогтар тартылып өз жұмыстарын атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуде.
Тахмина СҰЛТАНОВА,
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді