«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаланың қақ ортасында түнерген түрме болмауы тиіс

Қаланың қақ ортасында түнерген түрме болмауы тиіс
ашық дереккөз
Қаланың қақ ортасында түнерген түрме болмауы тиіс

Біздің Тараз қаласының ерте ғасырлардан Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда әрі мәдени орталықтарының ұйытқы-мәйегі болып келгені, болашақта ЮНЕСКО қолдауымен туризмі дамитын Қазақстандағы бірден-бір бетке ұстар шаһардың бірі екені шындық! Оның үстіне, биыл Қазақ хандығының 550 жылдығының осы біздің облыста өткізілетіндігінің өзі әр тараздыққа мақтаныш, әрі сын! Осындай биік тұлғасы бар қаланың қақ ортасында түнерген түрменің тұрғаны, бойында намысы бар жандар үшін бетке біткен ыңғайсыз-қолапай сүйелмен бірдей емес пе?! Осы мәселені «Ақ жол» газеті өте орынды көтеріпті. Көне қариялардың айтуынша, бұл жер ежелгі Жібек жолы кезеңінде керуендер қонатын сарай болған екен. Сол кездегі қала билігі «Керуен сарайға» келген саудагерлерді қорғап, заттарын да еш шашауын шығармай, елдеріне аман-есен аттандырып отырған. Сол себепті Тараз шаһарына саудагерлер ағылып келген деседі. Елбасымыздың 1997 жылы қаламызға көне Тараз атауын қайтарып беруінің өзінде көп астар-сенім жатқан жоқ па?! Ғасыр құрдасы болып келген «Көк базардың» өзін сыртқа көшірерде де көп жұрттың сенбегені рас. Түрмені сыртқа көшіргенде қуанбаса, қайғырмас! Мұны облыс, қала басшылығы ойламайды емес, әрине ойлайды! Бәрі қаражатқа тіреледі. Дегенмен, жоғарыдағы жағдайларды ойлансақ, ынтымақ-тың арқасында алынбайтын қамал болмас деп ойлаймыз. Өзінің тұрған жері де көзге қораш көрінеді. Мына жағы қаламыздың нағыз күре тамыры, Алматы бағытынан бастап алып келетін Жамбыл Жабаев атындағы даңғыл. Одан келіп көршілес Өзбекстанға бастайтын Төле би көшесінің қиылысы. Маңайында тойханалар, бұрынғы «Почтамт» ғимараты, банк, қарама-қарсы бетте 11 жылдық мектеп, қалалық аурухана, колледж қатар тұр. Әбден ойланатын жағдайда тұрмыз! Кінәні өткен заманға арта салу оңай. Өз қолымыз өз аузымызға жетпеді. Бүгінде шүкір, егемендігіміз қолымызда! Кем-кетігімізді түзейтін кезең келді!.. Бір сөзбен айтқанда, түнерген түрме – «СИ-13» изоляторының қала шетіне көшірілуін қалаймыз! 2 округ, №35 кварталының ақсақалдар алқасы:

Өтебай Ақболатов, Тұрысбек Шарбадаров, Әзімхан Пошқұлов, Немат Нілдібаев, Ерсайын Елеубаев, Абдіқадір Абилдаев, Оразбек Өскенбаев. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар