Тараз – достық мекеніндей ыстық
Елге Тәуелсіздік берген мүмкіндіктің бірі – әркімнің қалаған жеке кәсібімен айналысуына жол ашылды. Бизнеспен өзге мемлекеттер арасында байланыс орнатып, достық қарым-қатынасты нығайтуға да мүмкіндік артты. Осы айтқандарымыздың бір дәлелі ретінде Тараз қаласынан жақында «Шах» шайханасын ашқан кәсіпкер Ильхом Мырзарахимовтың көршілес Өзбекстан Республикасындағы кәсібінің өрісін біздің елде жалғағанын айтсақ болар. Тарихтың темірқазығы деп танылған Таразды Ильхом Ташмырзаұлы достықтың мекеніне балайды.
– Мен үшін Тараз достықтың мекеніндей ыстық. Мұнда қазақ халқымен бірге өзбек, түрік, күрді, дүнген секілді одан да басқа ұлт өкілдері ынтымақты ұстанып тіршілік етіп жатыр. Тіпті, өз кәсіптерін де осында дөңгелетіп отыр. Солардың бірі – өзіммін. Бұл қа лаға Өзбекст аннан екі жарым жыл бұрын көшіп келгенмін. Осы елдің жартылай азаматтығын алдым. Алғашқыда Тараз қаласының бірнеше жерінен фастфуд тағамдарын әзірлейтін орындар ашып, жұмыс істедім. Мұнда еңбек ете жүріп, көптеген қазақ бауырларыммен таныстым. Бүгінде солардың бәрімен туған бауырдай досқа айналдық. Көптеген қазақтардан бауырмалдық қамқорлығын көріп, нағыз туыстас ел екенімізді сезініп те жүрмін. Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың «Қазақпен жолдас болсаң, жолда қалмайсың» деген сөзі бар еді. Сол сөздің шын дәлелін осы Таразда көріп жүрмін. Әлгінде айтқанымдай, осында келгенімде бірнеше фастфуд дайындайтын нүктелер ашқанымда, бәрінде де жергілікті қазақ қыз-жігіттерді жұмысқа алғанмын. Қазір де кәсіпкерлігімде еңбек ететіндердің барлығы дерлік қазақтар. Олардың маған адалдығы, уәдеге беріктігі ұнайды. Қазақ, өзбек – түбі бір түркі халқынанбыз, бәріміз де мұсылманбыз. «Уәде – Алланың аты» деген қазақтардың нақыл сөзін біздің өзбек халқы да ұстанады. Міне, мен осы ұғымды осындағы дос-жарандарымнан, ұжымдастарымнан көріп жүрмін, – дейді Ильхом Ташмырзаұлы.
Оның пікірінше, Тараз табиғатының қолайлылығымен де, тұрғындарының жылыжүзділігімен де кез келген кәсіпті өркендетуге өте қолайлы. Бастапқыда бірнеше жерде шағын фастфуд жасайтын орындарымен бастаған кәсібін Ильхом Мырзарахимов қазір ауқымды шайханаға ұластырып отыр. Бір қаланың ішінен бірнеше кәсіпкерлік нысанын жүргізіп отырған оның іс-әрекетінен «бизнесменмін, бастықпын» деген кеуде керген өзімшілдіктің табын да байқамадық.
– Ісіңіз табысты болсын десеңіз, барынша кішіпейіл болыңыз, барлық адамды өзіңіздей көріңіз. «Бастық», «жұмысшы» деп бөліп қарау ешқандай жұмысты алға бастырмайды. Бір ұжым болған соң ондағы барлық қызметкердің мақсаты ортақ. Сол ортақ мүддені көздегендіктен қызметкерлердің деңгейін бөліп қарау береке әкелмейді. Мысалы, шайханамызға керекті азық-түліктерді күнде азанда өзім базарға барып, әкелемін. Мейман келгенде даяшы қыздар босамай жатса, қолыма қойындәптерді алып, өзім барып тапсырыс аламын. Жуатын ыдыстар көбейіп, оны тазалайтын қызметкер үлгермей жатса, алжапқышымды киіп алып, өзім жуа саламын. Тіпті, жеткізіп беру қызметімен тапсырыс беретіндер болса, өз көлігіммен апарып беремін. Еңбектің үлкен- кішісі болмайды. Адамзат үшін еңбек тіршілікті түйсінудің, өмір сүруге бейімделудің ең ұтқыр тәрбиелеушісі. Еңбектің жоғары, төмен дейтін деңгейі болмайды. Ал, еңбектен қашқан адам оңбайды. Оңай олжа табамын деу бекершілік, ондай пиғыл тек азғындыққа апарады, – деген кәсіпкер жұмыс істеп, өз еңбегімен өрлеуді әкесінен үйренгенін айтты.
Әкесі Ташмырза өте еңбекқор кісі болыпты. Балаларын да ес білгелі жұмысқа араластырып өсірген. Әкесінің арманы жеке дәмхана ашу екен. Сол арманын бүгінде баласы жүзеге асырып, тұтынушыларды тамсандыратын алуан түрлі дәмді тағамдар дайындауды жүйелі тұрде Ильхом Мырзарахимов қолға алған. Өз елінен де осы саладағы кәсібін жүргізіп, екі жарым жылдан бері ол ісін Таразда жалғастырып жүр.
Он шақты тараздықты жұмыспен қамтып, күніне 6 мыңнан 10 мың теңгеге дейін жалақы төлейді. Жұмысшылардың қауіпсіздігін басты орынға қойған ол жұмыстан соң бәрін де үйді- үйіне өз көлігімен жеткізіп салады.
– Осы шайханамның орнын жалға алғанымда мына жерде ештеңе жоқ еді. Қабырғасын қалап, өз қолыммен тұрғыздым. Құрылысын жүргізген жұмысшылармен бірге өзім де сылағын илеп, кірпішін қалап, материалдарын тасып, жұмыс істедім. Өз қолыңмен жасаған дүние ыстық болады. Енді осыны алдағы уақытта кеңейтіп, жаздық алаң ашсам деген жоспарым бар. Бұл шайханамыздың ашылғанына да көп болған жоқ, бір-ақ апта өтті. Шүкір, келуші меймандар аз емес, күніне жүз шақты адам келіп, ас ішіп кетеді. Әрі орналасқан жері де жолдың бойы, дәл қасынан Сарысу, Жамбыл аудандарына жолаушы тасымалдайтын таксилер тұрағы бар. Осы байланыстың арқасында Жаңатас, Шу қалаларынан да осындай шайхана салуды жоспарлап, керекті жұмыстарын жүйелеп отырмыз. Негізінен сапалы әрі қолжетімді бағада ұсынылатын қоғамдық тамақтану желісін құрғым келеді. Бұйыртса, осы Тараз қаласынан қазақ-өзбек ұлттық тағамдарын ұсынатын үлкен мейрамхана саламын деген мақсатым бар. Ол нағыз мен сезінген қазақ пен өзбек елдерінің арасындағы жылы достықтың көрінісіндей болады, – деген Ильхом Мырзарахимов жоспарларымен де бөлісті.
Ол өзінің дәмханаларында негізінен палау, шаурма, самсаны басқалардан ерекше етіп дайындауды ұстанады. Жақында «Шах» шайханасының мәзіріне Тараз қаласына енді еніп жатқан «Кесе палау» асын қоспақшы.
– Кез келген кәсіпте ақшалай табыстан бұрын тұтынушының ризалығын басты орынға қойсаңыз, ұтасыз. Бізге келген меймандардың көбінен «Астарыңыз тойымды әрі бағасы да қалтаға ауыр тимейді» деген пікір естиміз. Біз пісірген әр бір асымызды махаббатпен дайындаймыз. Мұсылмандықпен тазалықты қатаң сақтап, «Бісміллә» деп Жаратушы Иемізге сиынып, береке тілеп жасаймыз. Мүмкін сондықтан да болар, пісірген тағамдарымыздың берекелі де дәмді болып шығатыны, – деген Ильхом Мырзарахимов өзінің ана тілімен қоса қазақ тілін де жетік меңгерген.
Қазақстанға алғаш рет осыдан 20 жыл бұрын келіп, жұмыс істепті. Содан бері қазақ тілін тез- ақ меңгеріп алғанын осындағы достарының көмегінің нәтижесі дейді. Шайханасының ас мәзірін де мемлекеттік тілде жаздырмақшы. Әңгімелесу барысында «Қазақтарды танығалы бері бір де бір жамандығын көрген жоқпын, орналасуы жағынан көрші қонған әрі ертеден туыс елміз. Осындағы бауырларымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Қос ел арасындағы бауырмалдығымыз беки берсін!» деп ізгі ниеттестігін де білдірді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Дәрі тапшылығының алдын алу маңызды
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді