Кооператив жүгін әулет болып көтеруде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіптік кешенді жаңа заманға сай дамыту мәселесіне баса назар аударған болатын. Себебі, асыраушы саланың төңірегіндегі қордаланған проблемаларды шешіп алмай, оны дамытудың өзі мүмкін емес екені белгілі. Халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесі қай кезеңде де маңызын жоймақ емес. Президенттің Үкіметке тапсырған маңызды мәселелерінің барлығы дерлік аграрлық саланы дамыту арқылы ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруды көздеп отырғаны анық. Алдыңғыларын айтпағанда, биыл жобаға енген Жетітөбе ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасы жүйелі жұмыс істеп келеді. Аталған бағдарламаның бірнеше бағыттан тұратынын ескерсек, оның маңызды бағытына сәйкес, мұнда «Жетітөбе-2022» ауылшаруашылық кооперативі құрылып, жұмыс істеуде.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындары жобаның төрт бағыты бойынша 2,5 пайызбен несие алып, жұмыстарын бастап кеткен. Соның нәтижесінде, ауыл азаматтары төрт түліктің басын көбейтуге барынша күш салуда. Жалпы, округте 3100 бас мал сатып алынған. Оның 755-і сүт бағытындағы сауынды сиыр болса, 236-сы жылқы, 2 мыңы қой.
Округте «Ауыл аманаты» жобасының аясында құрылған «Жеті төбе-2022» ауыл шаруашылығы кооперативіне 137 тұрғын мүше болып енген. Аталған жобаға қатысуға ниет білдірген ауыл тұрғындарының дені мал басын көбейтуге және оны асылдандыру бағытында өнімді жұмыс істеу үстінде.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында атакәсіпті дамытуға бет бұрғандар қатарында ағайынды Жақсылықовтар бар.
Мағзымбектей еңбекқор әкеден өнегелі тәлім-тәрбие алған Әділет, Ақниет және Қожа-Ахмет сынды ағайынды азаматтар ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдасқан жұмыстарды ілгеріте бастағандарын айтады. Олардың әрқайсысы 6 миллион теңгеден несие рәсімдеп ол қаржыға сауынды сиырлар сатып алған.
«Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», деген бабалар өсиетіне адал болып, оны шын мәнінде іс жүзінде жүзеге асырып отырған да кәріқорғандық Жақсылықовтар әулеті. Ағайынды азаматтар несие қаражатын жеке- жеке алғанымен, үлгі ретінде бір айта кетерлігі, жеңілдетілген несиеге сатып алынған сауынды сиырлардың басын өздері бала кезден өсіп-өніп, ер жеткен қасиетті қарашаңырақта бірге ұстап, бағып отыр. Қазіргі таңда бұл отбасында несиеге алынған 35 бас сауынды сиыр бар. Одан сауылған сүт аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өңдеу зауытына тұрақты өткерілуде.
Ағайынды азаматтардың әкесі Мағзымбек Жақсылықтың айтуынша, ол бұрынғы Максим Горький атындағы колхозда механизатор-комбайншы, гараж меңгерушісі, кейіннен техника жөндеу паркінің меңгерушісі болып еңбек еткен. Еңбек ете жүріп отбасын құрып, өмірге келген балалардың барлығын ауыл еңбегіне баулыған.
– Ауылымызға «Ауыл аманаты» жобасы келгелі жағдайымыз түзеліп қалды. Ұлдарымның үшеуі де жоба қатысушысы, олар отбасылық кәсіпті жандандыруда. Жалпы бағытымыз жаман емес. Сауынды сиырдың басын көбейтіп, сол арқылы сүттің көлемін де ұлғайтсақ деген жоспарымыз бар. Сүттің көбейген кезінде күніне 500-600 литрге дейін зауытқа өткеріледі. Қазір сиырлардың көбісі суалып кетті. Бұзаулай бастаған кезде сауылатын сүттің көлемі де көбейе түседі. Ал, сүттің көбеюі – оған берілетін жем-шөптің құнарлығына да тікелей байланысты. Жем-шөп қорын молынан жинап алғанбыз. Ол үшін шаруашылықта 100 гектарға жуық егін егіледі. Онда негізінен жем-шөп дайындау үшін жоңышқа, эспарцет, мақсары және арпа дақылдары орналастырылған, – дейді Мағзымбек Жақсылықов.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді