Саудаға да сый керек
«Жердің тілін білсең, тілдей жерден жылдық өнім аларсың. Елдің тілін білсең, елге сыйлы боп жағарсың» деген аталы сөзді ұстанып, жеке кәсібін бастағандардың бірі – сарысулық Гүлжанат Орынбаева. Жаңатас қаласының орталығынан «ЖанҰя» сауда орталығын ашқан кәсіпкер жаңа ісін тұтынушыларына арнаған сыймен бастапты. «Саудаға да сый керек» деп білетін Гүлжанат Қожағалиқызы жаңа дүкенінің тұтынушыларына Жаңатас қаласында бұрын-соңды болмаған жүлделік қоры 1 миллион теңге тұратын ұтыс ойынын ұйымдастырып отыр.
– Негізі өмірде көмекке мұқтаж жандарға көмектескен сайын жолыңыз ашылатынын осы тіршілікті Жаратқан Иеміз жіберген қасиетті кітапта да айтылады. Ал, біздің дана халық «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді. Яғни, үлкендер айтатын «Береген қолым алаған» деген сөздің астарында біреуге берген сайын саған келетін табыс артатынын меңзейді. Міне, осыны ұстанып, біз де жаңа сауда үйіміздің алғашқы бастамасын қомақты жүлдемен ұтыс ойнатып бастадық. Негізі мамандығым биотехнолог болғанымен бұған дейін кішігірім жеке кәсіппен айналыстым. Яғни, базардағы контейнерімізде темір-терсек сататынбыз. Сонда түсіндім сауда-саттық та сыйлықты сүйеді екен. Саудамен айналысқанда табысты тек өзіңе ала бермей, тұтынушылардың да көңілін аулай білсең, түрлі акциялармен, ұтыс ойындарымен сый-сияпат көрсете білсең, олжаң да орамды болады.
Осы кәсіпкерлігімізді алғаш 50 миллион теңгемен бастадық. Бәрі де өз салымымызбен жасалып жатыр. Күйеуімнің көмегі көп. Жан-жарым нағыз азаматым, арқа сүйер тіреуім, қамқоршым екенін ісімен көрсетіп келеді. Ол қасымда болмаса, мұндай жағдайға жете алмас па едім. Сондықтан, отағасым Болат Ембергеновке риясыз разылығымды айтамын. Екеуміздің көтерген шаңырағымызда 3 баламыз дүниеге келді. Оларды да еңбекқорлыққа, барлық жетістікке өздерінің адал ісімен ғана жетуді үйретіп жүрміз. Қазір мектеп қабырғасында білім алып жүр, үшеуі де үздік оқушылар. Осы алғашқы қадамдарына қарап, үмітімізді болашақта да ақтайтынына сенеміз, – дейді Гүлжанат Орынбаева.
Күнделікті тұрмысқа, үйге қажетті бұйымдармен қоса түрлі киім-кешектерді сататын сауда үйінде Жаңатас қаласының 10 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Ондағы тауарларды да халыққа қол жетімді бағада сатылымға шығарады екен.
– Саудада басты көздейтініміз тек жеке табыс емес, тұтынушыларымыздың разылығы. Сондықтан, елдің қалтасына аса ауыр тимейтіндей бағаны ұстап тұруға тырысамыз. Әрине, енді әр істің де өзіндік қиындықтары болады. Әсіресе, тауар әкеліп, сатылымға шығарудың да шығыны жетерлік. Оны сатып алып, жеткізуге аз уақыт пен болмашы қаржы жұмсамайсың. Кеткен шығындарды есептесек те баға нарқын көтермеуді назарда ұстаймыз. Үнемі жеңілдіктер жасауды да қалыс қалдырмаймыз. «Саудада достық болмайды» десе де адалдықтан аттамаймыз. Себебі, асымызды адалынан ішкіміз келеді. Балаларымызды да адал аспен асырап, адамгершілікке тәрбиелеу – негізгі ұстанымымыз. Адам тек ісімен емес, тәрбиелеп өсірген баласымен де артына із қалдырады. Алғашқы сауда үйімізді «ЖанҰя» деп атауымызда да осындай астар бар. Кәсібіміз отбасымызға табыс қана емес, құт-береке де әкелуі тиіс, – дейді кәсіпкер.
Олардың ендігі жоспары – сауда үйін кеңейтіп, ассортиментті көбейту. Әрине, кәсіпкерлік кеңейсе, жұмыс көзі де артады. Ал, ол ел ішіндегі жұмыссыздықты азайтып, бірнеше адамның күнкөріс көзін аша түспек. Халық та «Бір кісі мың кісіге олжа салар» деп осындайда айтса керек.
Қамар РАХМЕТУЛЛИНА.
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Дәрі тапшылығының алдын алу маңызды
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді