Картоп алқабын ұлғайтқан кәсіпкер
Биыл жуалылық диқандар барлығы 2 мың 723 гектар алқапқа басым дақыл ретінде картоптың тұқымын сепкен болатын. Қасиетті өңірде жаз бойы күтіп-бапталған «екінші нан» алқаптарында пісіп-жетілген өнімді, күз айларында қазып алу жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілді. Жастайынан ауыл шаруашылығы саласында тұрақты еңбек етіп келе жатқан Жуалы ауданына қарасты түктібайлық Бағлан Сувалиевтің бұл тірлікпен айналысқанына он шақты жылдың жүзі болған. Бағлан мектепте оқып, еңбекке жарай бастаған кезінен бері алқапта үлкендермен бірге картоп теру жұмыстарына араласқанын айтады. Жұмыстың ауырлығына қарамастан, алқапта жүк тасушы болып еңбек еткен ол кейіннен өз алдына егістік жер алып, оған картоп отырғызуды бастаған.
– «Еңбектің наны тәтті» демекші, ауылдың күнделікті тірлігі мен қол еңбегінің маған ешқандай таңсықтығы жоқ. Жастайынан қара жұмыс істеп өскен баланың бірі – менмін. Ауылда картоп өсіруші ағалардың еңбегіне қызығып, содан мен де өз алдыма кәсіп бастауды жөн көрдім. Ең алғашқыда картопты бір гектар жерге отырғызып, байқадым. Өнім жаман болған жоқ. Тұрақты ізденумен бірге кәсіптің көзін табу арқылы биыл картоп алқабын үш гектарға ұлғайтып отырмын. Бұл – ең біріншіден, өзімнің табан ақы, маңдай терімнің нәтижесі. Екіншіден, отбасындағы балалардың нәсібі деп білемін, – дейді кәсіпкер.
Иә, «Жерге берсе, елге береді» дегендей, жеке кәсіпкер биыл да картоптан жақсы өнім алған.
– Биыл Көкбастау ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылының маңынан үш гектар алқапты жалға алып, оның аз бөлігіне «Алладин» аталатын тұқымды қызыл картоп алқаптың қалған бөлігіне «Крона» деген картоптың жаңа тұқымын орналастырып, оны жаз бойы баптадым. Картоп алқабына күтіп-баптау жұмыстарынан бөлек, төрт-бес рет суғарылып, онымен қоса бір рет минералды тыңайтқыш берілді. Соның нәтижесінде биылғы картоп тұқымы әдеттегіден ірірек болды. Өнімнің көлемі де көңілден шығып отыр. Түсім әр гектардан 30 центнерден айналуда, – дейді Бағлан Базарбекұлы.
«Не ексең, соны орасың» дейді дана халқымыз. Картоп алқабынан мол өнім алу үшін оған тиісті күтім жасау жұмыстарынан бөлек, ең бастысы – тұқымдықтың сапасы жақсы болуы шарт. Бұл ретте алқапқа жаңа тұқымды сіңірген шаруаның айтқан пікірінің жаны бар. Жасыратын несі бар, қайбір жылдары ауданның картоп өсірушілері әбден ескірген тұқымдықты қолданып, соның салдарынан қыруар шығынға батқаны да ұмытыла қойған жоқ.
– Үш гектар алқаптың әр гектарына төрт тоннадан тұқым егілді. Алқапты жаз бойы бес рет суғарып, оған екі мәрте қопсыту жұмыстарын жүргізгенбіз. Оның үстіне, биыл картоп отырғызылған алқап былтырғы жоңышқаның орны болатын. Мұның да өнім көлемін ұлғайтуға және оның сапасын арттыруға ықпалы зор. Күз айында картоп теру жұмыстары бойынша терімшілер шаруашылықтарға бөлініп жұмыс істеді. Бізде ол кезде 15 жұмысшы еңбек етті. Олардың бір күндік еңбекақысына 4 мың теңге және бір шелек картоп беріледі. Әйтеуір қимылдап, еңбек ету арқылы нәпақа іздеген адамды қара жер де құр қалдырмайды. Еңбегіне қарай – өнбегі. Мен артымнан ерген жастарға осыны айтқым келеді, – дейді іскер азамат.
Айта кету керек, кәсіпкерге балалары да көмектеседі. Өзі шаруа болған соң балаларын да жастайынан еңбекке баулыған. Кейіпкеріміз картоптан бөлек, үйінде мал шаруашылығымен де шұғылданады. Қолға алған ісін ілгерілетуді ойлаған азаматтың отбасылық кәсіпті дамытуға деген талпынысы көңіл сүйсінтеді.
Ұқсас жаңалықтар
Медицина саласына ауқымды өзгерістер қажет
- 3 қазан, 2024
Медицина саласында оң өзгерістер бар
- 2 қазан, 2024
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді