Саясат
Әкімдердің тікелей сайлауы –ел өміріндегі елеулі оқиға
- author «Ақ жол»
- 11 желтоқсан, 2023
- 400
Әкімдердің тікелей сайлауы –ел өміріндегі елеулі оқиға
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары тұрақты түрде саяси үдерістің бәсекелестігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған түрлі бастамалар ұсынып келеді. Бұл саяси реформалар мен бастамалардың басты мақсаты – елімізде қоғамдық-саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайту. Сол арқылы мемлекеттік бағыттың сабақтастығын қамтамасыз етіп, мемлекет пен азаматтар үшін қажетті реформаларды жүргізуге мүмкіндік беру. Жыл сайынғы Жолдаулар, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отырғаны айдан анық. Енді, міне, халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру мақсатында жасалып жатқан қарымды қадамдарға толы тағы бір жылды артқа тастайтын уақытқа да санаулы күндер қалды. Бұл жыл да, алдыңғылар сияқты, елімізде саяси оқиғаларға толы жыл болды деуге толық негіз бар. Соның ішінде Мемлекет басшысының түрлі бастамаларының жүзеге асырылуы қарқынды жүргізілді десек, артық болмас. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мемлекеттік басқару институттарын жаңарту туралы міндеттемелер қойған болатын. Бірінші кезекте Президент сайлауы, одан кейін Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Сондай-ақ, пилоттық деңгейде ауыл әкімдері де сайланды. Енді, міне, биылдан бастап аудан әкімдерін сайлау деңгейіне шығып отырмыз. Жалпы, әкімдердің тікелей сайлауы мемлекет пен қоғамның арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі екені анық.
Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлау мәселесін 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында көтерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 23 маусымда облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері мен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде өткізген кеңесте: «Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік», – деген болатын. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде бұл жұмыс жүзеге асырыла бастады. Жалпы, елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, адами капиталды арттыруға, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқаны сөзсіз. Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін екенін жеткізген Президент: «Сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ, тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады», – дей отырып, партиялық бәсекені күшейту мәселесіне назар аударып, партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді деген сенім білдірген. Осы ретте Президент жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуға тиіс екеніне баса мән беріп: «Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан, тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін ауыл әкімдері сайлауын дұрыс ұйымдастыру өте маңызды», – деген болатын.
Көп ұзамай республика халқы елдің саяси өміріндегі елеулі оқиғаға куә болды. 2021 жылдың 25 шілдесінде алғаш рет елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, бір мезгілде 730 ауыл әкімі сайлауға түсті. Жалпы, 2021 жылдың екінші жартыжылдығында республика бойынша төрт жылдық өкілеттік мерзімі аяқталған 836 ауылдық округ әкімі тікелей сайланған болатын. Соның ішінде біздің өңірде де ауыл әкімдерін тікелей сайлау жұмыстары қарқынды ұйымдастырылып, 2021 жылы облыста 53 округтің әкімін ауыл тұрғындары өздері сайлады. Әкімдерді сайлау барысында партиялық бәсеке де күшейе түсті. Сөйтіп, қоғам 2024 жылға дейін жалғасатын әрі уақыты келгенде ұдайы ұйымдастырылып отыратын жергілікті әкімдерді сайлау кезеңіне өтті. «Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда, бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», – деген Президент бұл бастамасының бірнеше ерекшелігіне тоқталған еді.
Мемлекет басшысының соңғы жылдары тұрақты түрде ұсынып келе жатқан саяси үдерістің бәсекелестігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған түрлі бастамалары облысымызда да табысты жүзеге асырылуда. Расында да, бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депутаттарының шешімі арқылы сайланып келгені белгілі. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықтауда. Мәселен, облыста 2021 жылы 53, өткен жылы 33 аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауы өтсе, биыл жыл соңына дейін өкілеттік мерзімдері аяқталуына байланысты 35 ауылдық округте әкімдер сайлауы жоспарланған. Мәселен, Мойынқұм ауданында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы басталғалы бері 24 елді мекенді біріктіретін 16 ауылдық округте әкім сайлауы өтіп, осынша әкім тікелей сайлау арқылы сайланды. Сайланған әкімдердің 15-і ер азамат болса, 1-еуі әйел. 8 әкімді Amanat партиясы, 1 әкімді «Ақ жол» партиясы ұсынса, 7 әкім өзін-өзі ұсынған. Мәселен, 2021 жылдың 24 қазанында «Ақ жол» партиясы ұсынған үміткер Жандос Садуов бәсекелестерінен басым түсіп, Ақбақай ауылының әкімі болып сайланды.
2021 жылдың 25 шілдесінен бері Меркі ауданындағы 14 ауылдық округтің 12-сінде сайлау өтіп, әкімнің 9-ы Аmanat партиясынан, 3-еуі өзін-өзі ұсыну арқылы сайланған. Ал, Қордай ауданындағы 19 округте 20 рет тікелей сайлау өтіп, әкімдердің 16-сы Amanat партиясынан, 1-еуі Adal партиясынан ұсынылса, ал 3-еуі өзін-өзі ұсынғандар болды. Аталған ауданда тікелей сайлау барысында ауылдықтар 2 әйел әкімге сенім білдіргенін де айта кеткен жөн.
Президент бастамасының келесі маңызды қадамы – аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы сәуір айында өткен елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте айтқан болатын. «Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан, олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс жалғасын табады», – деген Мемлекет басшысының сөзінен кейін көп ұзамай, яғни 5 қарашада елімізде алғаш рет пилоттық негізде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтті. Өкілеттіктерге сәйкес облыстардың мәслихаттары осы сайлауды өткізу үшін 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың тізбесін бекітіп, 1553 сайлау комиссиясы, оның ішінде 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1491 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды. Сайлау балама негізде өтіп, бюллетеньдерге 125 кандидат енгізілді. Ал, саяси додаға түскен кандидаттардың жартысынан көбі өзін өзі ұсынғандар болды. Сайлаушылардың келуі 62,79 пайызды құрап, сайлау науқаны республиканың сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өтті. Дауыс беру күні байқауды 8500-ге жуық кандидаттың сенім білдірген адамдары, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жүзеге асырды.
Бұл күні біздің облыстың екі ауданында сайлау өтіп, Жуалы мен Т.Рысқұлов аудандарында әкімді алғаш рет халық сайлаған болатын. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, аталған екі ауданда әкім лауазымына барлығы 15 кандидат ұсынылған. Кандидаттарды тіркеу кезеңінде олардың 5-еуі өз өтініштерін қайтарып алса, 4-еуін талапқа сай болмағандықтан комиссия тіркеуден бас тартқан. Тіркеуден өткен 6 кандидаттың 2-еуі Amanat партиясынан, қалғаны өзін өзі ұсынғандар болды. Маңызды саяси науқанда Жуалы ауданында барлығы 31323 сайлаушы, ал, Т.Рысқұлов ауданында 40419 азамат дауыс беруге мүмкіндік алды. Маңызды шараға екі аудан бойынша дауыс беруге барлығы 40261 адам қатысқан, бұл сайлаушылардың 56,12 пайызын құрайды. Оның ішінде Жуалы ауданында 19720 (62,96 пайыз), Т.Рысқұловта 20541 (50,82 пайыз) адам дауыс беру мүмкіндігін пайдаланды. Қос ауданда орналасқан 74 сайлау учаскесінде сайлаудың өту барысын 419 байқаушы бақылаған. Аудан әкімдерін сайлау бойынша дауыс берудің қорытындысын жариялаған облыстық сайлау комиссиясы сайлаушылардың 84,8 пайызының сеніміне ие болған Жалғас Мұртаза Жуалы ауданының әкімі, сайлаушылардың 80,1 пайыз дауысын иеленген Ернар Есіркепов Т.Рысқұлов ауданының әкімі болып сайланғанын мәлімдеді. Сайлаушылардың басым көпшілігінің сеніміне ие болған Ж.Мұртаза мен Е.Есіркепов бұған дейін де аталған аудандардың әкімі қызметтерін атқарып келген болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екендігін, бұл бастама сайлау арқылы жүзеге асырылатыны атап өткен болатын. Жалпы, Президенттің осы бағыттағы дәйекті әрі кешенді саясатының бастауы ауыл әкімдерін сайлау тәртібімен тағайындаудан басталғаны белгілі. 2021 жылғы 25 шілдеде елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл науқан жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға тың серпін беріп, тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашты. Ауыл әкімдерін сайлау науқаны шынында да үлкен өзгерістің басы болды. Себебі, 2024 жылға дейін еліміздегі барлық аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері сайланып бітуі тиіс. Ал, одан кейін 2021 жылы сайланған әкімдердің алғашқы мерзімі де бітіп үлгереді. Демек, бұдан былай жергілікті тұрғындар өздері қалаған азаматты басшы етіп сайлап алуға дағдылана түседі деген сөз. Осылайша, ел халқының 40 пайыздан астамы тұратын ауылды жерлердің мәселелерін билік пен халықтың бірлесе шешуіне жол ашылды.
2024 жылдан бастап елімізде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы қарқын алмақ. Бұл мемлекеттік басқару ісіне көпшілік қауымның араласуын арттырып, халықтың билікке деген сенімін нығайтатыны сөзсіз.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді