«ҚҰМСАҒАТ»: Қос автордың қалам қарымы
Адамзат баласы үшін жаратылысынан бері ең құнды жауһар, ол – уақыт. Ешқандай өлшем бірліктермен дәйегін дәлдей алмайтын адамзат ғұмырының құны да осы уақытпен сараланатыны сөзсіз. Сонымен қатар, он сегіз мың ғаламдағы адамзатпен біте қайнасып жатқан терең пәлсапалық өлшем де уақыт екені белгілі. Күнделікті өмірдің, таным мен түсініктің барлығы осы уақыттың айналасында өріліп жатқан Тәңір өрнегі. Аймақтан шыққан белгілі журналист-әріптестеріміз Ардақ Үсейінова мен Фариза Әбдікерімова әрбір адамзатқа ортақ уақыт ұғымын қазіргі қазақ прозасының рухани қазынасына қаламмен кестелеп, «Құмсағат» атты жаңа жинақ кітабын жарыққа шығарды. Оқырмандардың олжасына айналар жинақтың тұсауы Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында кесілді. «Ақпарат саласының үздігі» Фариза Әбдікерімова да, қаламы қарымды журналист Ардақ Үсейінова да топырағы текті Тұрар Рысқұлов ауданының түлегі. Облыстық аға басылым «Aq jol»-да ауқымды мәселелерді көтерген мақалалары ел есінде, жұрт жадында. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп руханият абызы Шерхан Мұртаза айтқан баспасөзге бар ынта-жігерін арнап жүрген екі автор өз уақыт белестерінде прозадан қол үзген емес. Қайта жаңа шығармаларды жарыққа шығаруда. Салтанатты шара жас таланттардың жаңа жинақтағы оралымды ойларына негізделген мазмұнды сахналық көрінісімен ашылды.
Екеуінің де тырнақалды туындылары топтасқан жинақтың тұсаукесеріне Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі драматург Елен Әлімжан бастаған қаламгерлер арнайы атбасын бұрып, шығармашылықтарына шалқар шабыт тіледі.
– Киелі Әулиеата жерінен төңкеріс кезінде де Тұрар Рысқұловтан бастап небір қайраткерлер шықты. Бірақ жазушы жоқ. «Батырды әр қатын туар, ақынды, биді ілеуде бір қатын туар» дегені рас екен. Біздің мақтанып жүретін Жамбыл да, Кенен де ауыз әдебиетінің өкілдері. Олардың тамыры да, мәдениеті де, дәстүрі де бөлек. Ал жазба әдебиетіне келсек, соғыстан кейінгі еліуінші жылдары Бауыржан Момышұлына дейін ешкім болған жоқ. Ал енді алпысыншы жылдары Жамбылда екі-үш жазушы бар еді. Кәрім Баялиев, Жақсылық Сәтібеков, Күлән Шілдебаева деген кісілер еді. Ол үшеуінен басқамыз жетпісінші жылдардан кейін барып шыға бастадық. Қазір шүкір дейміз. Бұрын таланттарымыз сәл көрінсе, үлкен қалаларға баруға тырысатын. Қазір облыс орталығына тұрақтады. Өңірде әдеби орта пайда болды. Қазір жастар шоғыры қалыптасты. Қазір ақындар көп. Прозаиктер аз. Бүгін екі прозаик дүниеге келгеніне шын қуанып тұрмын. Жазушылардың аз болатын себебі, проза өте қиын жанр. Оған бір-екі күніңді арнап жақсы өлең жазып, болмаса бір апта отырып поэма жазуға болмайды. Прозаға айларың, жылдарыңды арнауың керек. Егер арасын үзіп алсаң, оны қайта жалғау қиын немесе мүмкін болмай қалады. Сондай ауыр жол. Сол жолға түсіп келе жатырсыңдар. Аяқ алыстарың жақсы. Әдебиет деген дүниеге кіретін есік бар да, шығатын есік жоқ. Сендер қазір есігін қақтыңдар, біз есігін аштық, енді ары қарай қадам басып, ол қадамдарың төрге қалай жетелейді, ол өздеріңе байланысты. Шын мәнінде, өмірден тәжірибе жинап барып жазбаса, одан ешқандай проза шықпайды. Шолоховтардың жиырма жасында роман жазуы бала кезіндегі көрген қиыншылықтары. Ал, қиыншылық көрмеген балаларға проза жазу өте қиын. Өйткені, басынан ештеңе өтпеген. Екеуіңде де прозаға тән, ескі мен жаңаны ұштастыра білу, содан ой түйе білу деген жақсы қасиет бар. Фариза дәстүрді, табиғатты шебер игеріп келе жатса, Ардақ күнделікті өмірге мистикалар қоса біледі. Ол да жаңашылдық. Лайым осы жолдарыңнан таймаңдар. Әдебиетке кірген есіктерің құтты, ал шығатын есіктерің жабық болсын, – деді белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжан.
Салтанатты әдеби-сазды кеш барысында сөз тізгіндеген белгілі журналист Қуаныш Иембердиев жаңа кітаптың аты мен затына қатысты ойларымен бөлісті. Журналистік жолындағы ұстазы ретінде шәкірттерінің биік ұстанымдарын да атап өтті.
– Дәл осы сәтте мен олардан кем толқып тұрған жоқпын. Себебі, екеуі де менің шәкірттерім. Кезінде кеңестерімді де айттым. Ұрыссам да мықты қаламгер, журналист болсын дедім. Екеуінің де тырнақалды туындылары маған қатты ұнады. Өз өрнектері, қолтаңбалары бар. Жалпы, құмсағаттың серті – аударып тұру дейді. Адамның өмір құмсағатын олай аудара алмайсың. Адамның құмсағаты таусылады, өмірі бітеді. Ал, бірақ құмсағаты таусылмайтын адамдар болады. Олар – қаламгерлер. Себебі, оқырман шығармаларын оқыған сайын олардың құмсағаты аударылып отырады. Ол жалғаса береді. Шығармашылық құмсағаттарың тоқтамасын, әрдайым айналып тұрсын. Бұл шығармашылық жолдарыңның басы, ешқашан аяқталмасын, – деді ол.
Белгілі дәрігер-хирург, қаламгер Сағындық Ордабеков, ақын Үміт Битенова, «Құрмет» орденінің иегері Сұлушаш Сәтбекқызы, өңірдегі өнер қарашаңырағы – Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков бастаған мәдениет майталмандары, әдебиет жанашырлары да өз лебіздерін жеткізді.
– Әдебиет әлеміндегі тұңғыштарыңның тұсауы кесілгені құтты болсын. «Анаға тағзым» орталығы жанынан «Інжу-маржан» атты жас қаламгер қыз-келіншектердің кеңесін ашқанда да, прозада қалам тербеп жүрген нәзікжандылардың басын қосып, орта қалыптастырайық, бір-біріне демеу болсын деген ниетіміз еді. Жамбылдық проза жанрында Әулиеата мықты азаматтардың түлеп ұшқан жері. Екі автордың да ертең тарихта аттары қалатын қаламгер болса деп тілеймін. Адамның өмірінде белес, дәуір деген ұғымдар бар. «Жүгіріп шықтым белеске» демекші, бас кейіпкер құмсағатты аударып отыруды ұмытпаңыздар дегендей, әр дәуреннің таусылатын кезінде, құмсағатымызды аударып отырайық. Әрбір белестеріңнің биігіне жетіңдер. Қазақ сөз өнеріне қомақты үлес қосатындай жазуларың таусылмасын, – деді өз сөзінде «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали.
Мұнан соң жазушы Елен Әлімжан, журналист Қуаныш Иембердиев және Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман қос автор жинағының тұсауын кесіп, қуанышымен бөлісті.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді