«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қамбар ата төлін түлеткен Қанатбек

Қамбар ата төлін түлеткен Қанатбек
ашық дереккөз
Қамбар ата төлін түлеткен Қанатбек
Сарысу ауданындағы «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көргендердің бірі – Жайылма ауылының тұрғыны Қанатбек Балықбаев. Ол бұған дейін әртүрлі нысандарда құрылысшы болып жұмыс істеген. Тұрақты жұмысы болмағандықтан, бала күннен өзіне таныс мал шаруашылығымен айналысып, жеке шаруа қожалығын ашуға ниеттенеді. Мақсатына жету жолында қолдау көрсеткен мемлекетке алғысы мол. Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайызбен несие алып, 14 бас бие сатып алған. Биыл биелерінің бәрі құлындап, қазір Қанатбектің қорасы Қамбар атаның төліне толған. – Өткен жылы жеңілдетілген несиемен буаз биелерді алған едім. Міне, құлындары да әжептәуір өсіп қалды. «Ауыл аманаты» жобасымен берілетін несиенің бір жыл демалысы бар, осы аралықта құлындарды бордақылап, етін сатып, қаржы жинаймын. Бұйыртса, несиеден құтылып әрі өз қожалығымды аяққа тұрғызамын. Мемлекеттің ауыл тұрғындары үшін жасап отырған бұл көмегі өте тиімді болды. Бұған дейін тұрақты жұмыс жоқ, бала-шағаны бағу үшін отбасымнан жырақта, қай жерден құрылыс жұмыстары шықса, сонда барып, әр жерде жүрдім. Ал, енді осы жобамен көмегі көп несие алып, өз шаруа қожалығымды ашып, өз ауылымда мал бағып, ісім алға басып келеді. Рас, малдың бабын тауып баға білсең, берері көп. Әсіресе, жылқының сүті шипалы сусын, еті құнарлы ас, мінсең көлікке де жарайды. Бұйыртса, енді осы құлындарды өсіріп, бордақылап, ет бағытында кәсібімді кеңейтсем деген ойым бар, – дейді Қанатбек Қуанғанұлы. Бала күнінен әкесінің жанында жүріп, өріске мал жайып, алқапта егіншілікте еңбек еткен ол шаруаның жайын жақсы біледі. Қазір 20 гектар егістік, 500 гектар жайылымдық жері бар. Оған алдағы көктемде жоңышқа екпекші. Бие, құлындарына жайлы қора-жайды өз үйінің ауласынан салып, дайындаған. – Өзім, шүкір, үш баланың әкесімін. Осы ауылдағы әкемнің қарашаңырағында тұрамыз. Өзім туып-өскен ауылымда еңбек етіп, балаларымды тәрбиелеу бақыты бұйырғанына қуанамын. Қаншама жандар күнкөріс үшін туған жерінен алыстап, басқа жақта жүр. Ата-әжелерімнің ізімен балаларымды тәрбиелеп, жеткізсем деген негізгі мақсатыммен тынбай еңбек етіп жүргендердің бірімін. Ата-анам да қасымда, ағайын-бауырдың ортасында күн кешіп жүрмін, осыдан артық бақыт бар ма, адамзат үшін. Осындай мүмкіндікке қол жеткізуге бар жағдайды жасаған, жеке кәсібімді ашуға қолдау көрсеткен еліме, Отаныма айтар алғысым шексіз. Еліміз аман болсын, ортақ үйіміз – Отанымыз жасасын! Күнкөрістің қамы үшін шетел асып жүргендерді де білеміз. Бірақ, өз еліңе ештеңе жетпейді. Осы еліміздің болашағы жарқын болуы үшін замандастарыма қолдан келгеннің бәрін жасаудан аянбайық дегім келеді, – деп жылқышы Қанатбек мемлекетке деген ризалығын ізгі тілектерімен ақтарды. Рас, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын» деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ортақ шаңырақтың биік, ел іргесінің берік болуы билік пен халықтың бірлескен еңбегімен, ерлігімен ғана келетіні ақиқат.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар