«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Чарғыновтың шеберханасы

Чарғыновтың шеберханасы
ашық дереккөз
Чарғыновтың шеберханасы

ЭКСПО-ға көрме дайындамақ

«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы іске асырылып келе жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Кәсіпкерлікке жаңа бет бұрған ел азаматтары өз бизнестерін ашу үшін осы бағдарламадан қолдау тауып, несие алып, жұмыстарын жандандыра түсуде. Соның бірі – аудан орталығы Б. Момышұлы ауылында жаңа ашылған «Калий» аяқ киім жөндеу және тігу шеберханасы. Бұл шеберхананың қожасы Рахиш Чарғынов осы істі бастау үшін аудандық «Жұмыспен қамту орталығынан» бір миллион алты жүз мың теңге несие алды. Сөйтіп Жамбыл көшесі бойынан жалға ғимарат алып, жұмысын бастап кетті. Рахиш – аяқ киім жөндеу мен тігудің шебері. Оның бұл істі кәсіп еткеніне де он жылдың жүзі болыпты. Қазір ол аяқ киімді жөндеумен қатар ер және әйел аяқ киімдерінің ондаған түрін тігіп, саудаға шығарып жүр. Сапасында мін жоқ. – Мен Қырғызстанда туып-өскенмін. Қазақстанда тұрақтап, осында ел игілігі үшін еңбек етіп жатырмын. Таразда он жыл тұрдым. Онда да өз жұмыс цехымды аштым. Жастарды осы кәсіпке баулыдым. Енді, міне Жуалыға көшіп келіп, мұнда да жаңа істі бастап кетіп отырмын. Осы істі бастауыма қолдау көрсеткен аудан басшыларына, «Жұмыспен қамту орталығына» айтар алғысым шексіз. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Осындағы барлық ұлт пен ұлыстың бірлігін ұйытып отырған Елбасымыз, сара саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауын біз қайда жүрсек те сезінудеміз. Бізді бөле жармағаны үшін қазақ бауырларыма, Елбасына шын жүректен алғыс айтамын. Өзімнің екінші Отаныма айнал­ған қазақ елінің көркеюіне үле­сімді қолымнан келгенше қоса бермекпін, – деп Рахиш ағынан жарылды. Оның азаматтығында шек жоқ. Көп кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі азаматтарды маңына жолатпайды. Ал Рахиш екі бірдей мүмкіндігі шектеулі жас жігітті қасына алып, аяқ киім жөндеу мен тігуді үйретіп жатыр. Әрі мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен аяғының кемістігі бар адамдарға арналған аяқ киімдер де тігіледі. Ол тапсырыс беруші азаматтың қалауына қарай орындалады. Жалпы оның жұмыс шеберханасындағы сөреде аяқ киімнің неше түрі тізіліп тұр. Малшыларға, көкпаршыларға арнап тігілген қонышты етіктер мен күнделікті тұрмысқа арналған аяқ киімдер сәнімен көз тартады. Етік тігуге етікші сиыр терісінен жасалған және басқа да сапалы қайыстарды пайдаланады. Шеберханада Мұхамед Әбибуллаұлы мен Берік Әлімжанов жұмыс істеп, ұстазынан аяқ киім тігудің қыр-сырын үйренуде. Олар өздерінің жұмыс істеп, қоғамға пайдасын тигізіп жатқандарына қуанышты. Осы кәсіпті үйретіп жүрген ұстаздарына деген алғыстары да шексіз. Айлықтары отыз мыңның үстінде. – Бүгінгі таңда қоғамның ең әлсіз тобы – жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Менің осы кәсіпті ашқандағы мақсатымның өзі осы топтағы азаматтарды жұмыспен қамту болатын. Оған мен қол жеткізіп келемін. Енді, кәсіпкерлігімді кеңейтіп, жұмысшы санын екі есеге арттыруды көздеп отырмын. Осы арадан тігін шеберханасын салу да ойда бар. Оның бәрі болашақтың ісі. Сонымен қатар, 2017 жылы өтетін ЭКСПО-ға көрме дайындасам деген жоспарым бар. Қазір соған дайындық үстіндемін. Қиялымда тұрған туындыны іс жүзінде дүниеге әкелсем, соны көрмеге қойсам, бұл менің ұсталық өнердегі жеңісім болмақ. Мен сол үшін еңбек етіп, кәсіпкерлігімді жандандыра түсетін боламын, – дейді Рахиш.

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар