Берекелі бірлік пен толайым тірліктің ордасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы төртінші бағдарында «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды. Саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса мән беру керек. Біз орталық мекемелерді оңтайландыру арқылы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін айтарлықтай кеңейтуіміз керек. Бұл тәсіл қордаланған мәселелерді өңірлерде, ел ішінде шешуге мүмкіндік береді», деп билік жұмысын ширата түсуді тапсырған болатын. Сонымен бірге, ел Президенті «Қуатты ұлттың діңгегі – халық» деп баса айтты. Бүгінгі таңда аудан әкімі және ауылдық округ әкімдері ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып жұмыс істеп жатқаны соның айғағы. Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді. Ең алдымен, осы тұжырымдаманы ілгерілету мақсатында қараша халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, олардың өтініштерін назардан тыс қалдырмай отырған округ әкімдері де бар. Жуалы ауданына қарасты Қарасаз ауылдық округінде жылдан жылға жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Аталған округке жасаған кезекті іссапарымызда біраз игі істердің атқарылғанын көзімізбен көріп қайттық.Ауылдық округ бойынша бес елді мекенде, атап айтар болсақ Қарасаз, Ақбастау, Жұрымбай, Көктас, Қарасу ауылдарында 783 аула, 3578 тұрғын, оның ішінде 15 өзге ұлт өкілдері бар.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатқан еліміздің Үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында еліміз шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құруға бейімделуде. Осындай әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар, ауылдық округтің әлеуетін арттыруға өз септігін тигізіп келеді. Ұсынылған бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру нәтижесінде округтің әл-ауқаты артып, халықтың тұрмысы жыл өткен сайын түзелуде. Осыған орай, аталған ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызымен ауылдың тыныс-тіршілігі, жағдайы туралы сұхбаттасудың сәті түскен еді.Ауылдық округ әкімінің сөзіне сүйенсек,
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде биыл 232 адам жұмыспен қамтылған. Округ тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылуда. Нақтырақ айтқанда, бағдарламаның бес негізгі бағыты бойынша 175 жоба ұсынылып, бүгінгі таңда 106-сы қаржыландырылған. Округте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 20 мың 571 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік жер көлемі 12 мың 178 гектар, жайылымдық жер көлемі 7 мың 625 гектар, шабындық жер 24 гектар аумақты алып жатыр. Оның 1 мың 263 гектар егістік жері округ аумағында орналасқан «Ақсанат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, №16 Жуалы колледжіне және спорт сараптау бөлімшесінің еншісінде болса, шаруа қожалықтарда 10 мың 915 гектар егістік жер бар. Осы жылы жоспар бойынша 10 мың 915 гектар егістік жерді игеру керек болса, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 10 мың 915 гектар егістік жер игерілген.
– Шаруаларға ағын су тапшылығын болдырмау мақсатында Береке, Көктас және Жұрымбай каналдары тазаланып, 28,65 гектар жерге су баратындай жағдай жасалды. Ал, 8,6 километр шаруа қожалықтың арықтары мехотряд арқылы тазаланып, 170 гектар егістік жер суармалыға айналдырылды. Айта кету керек, округ бойынша 160 кәсіпкер, 238 шаруа қожалық бар. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында шаруа қожалықтар, жеке кәсіпкерлер «Ұлттық жоба» бағдарламасы және ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 5-6 пайыз арзандатылған несиеге өтініш беріп, жалпы 23,5 миллион теңге несие алып, жылқы және уақ малдарын алу арқылы шаруасын кеңейтсе, жалпы сүт бағыты мен мал алу бойынша өткен жылы 109 014 780 теңгеге субсидияланды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Округте егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы саласы да тұрақты даму үстінде. Округ тұрғындарының көпшілігінің кәсібі мен табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан бұл саланы дамытуға айрықша көңіл бөлінеді. Бүгінгі таңда, округтегі мүйізді ірі қара мал саны 4 мың 848 басты, уақ мал саны 12014 басты, жылқы 876 басты, құс 11 мың 970 басты құрады, – дейді Жанар Нұрмұратқызы.
Ауыл әкімінің айтуынша, округте 7 мың 625 гектар жайылым жер бар болса, оның 1 мың 484 гектары елді мекендерге, 6 мың 141 гектары шаруа қожалықтарға тиесілі. Жыл соңына дейін шаруа қожалықтар еншісіндегі 424 гектар жайылым жерлерді кері қайтару жоспарланған. Ауыл шаруашылығындағы бойдақ малдарды сыртқа шығару бойынша 13 шаруа қожалық және жеке тұрғындар жалпы 2 мың 736 бас малын сыртқа шығарған. Бұған қосымша үш шаруа қожалық жетекшілерімен меморандум жасалған.Кәсіпкерлік саласы бойынша биыл құны 11 миллион теңге тұратын екі жоба іске асырылып, үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 177 миллион қаржы бөлініп, округте төрт жоба іске асырылуда.
Одан бөлек, округ бойынша 15 көшенің біреуі облыстық деңгейдегі, екеуі аудандық деңгейдегі жол болса, 12-сі ауылішілік жолдар. Қазіргі таңда 12 ауылішілік жолдардың 11-іне асфальт жамылғысы төселсе, бір көше, яғни Қарасаз ауылындағы Нұрлыжол көшесін жөндеу жұмыстары келер жылдың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, биыл Гагарин көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, округ бойынша 15 көшенің 14-і жарықтандырылған.
– Округте бес елді мекеннің барлығы толықтай газдандырылған және электр жарығымен толық қамтылды. Бес елді мекеннің үшеуі орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылса, алдағы уақытта Қарасу ауылын ауыз сумен қамту мақсатында Жұрымбай ауылынан ауыз су жүйесін тарту көзделіп отыр. Келер жылы Көктас ауылына модульдік ауыз су жүйесін тарту жоспарға енгізілді. Ауылдық округтегі үш елді мекен бойынша оқушыларды тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылды. Одан бөлек, округтің орталығы Қарасаз ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, қалған төрт елді мекенде бес келушіге арналған фельдшерлік пункттер орналасқан. Айта кету керек, Көктас ауылындағы фельдшерлік пункттің жағдайы нашар, жаңа ғимарат салуды қажет етеді. Сол себепті, жаңа ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, қаржыға сұраныс берілді. Бұл мәселе 2025 жылы өз шешімін табатын болады, – дейді ауыл әкімі.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші», дейтін болсақ, округте 14 пен 29 жасқа дейінгі 1 мың 298 жас бар. Олардың 239-ы жоғары оқу орнында оқыса, 57-сі арнаулы оқу орындарында білім алуда. Отан алдындағы әскери борышын өтеуге биыл жеті азамат аттанған. Жастар арасындағы саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы жұмыстар да ұйымдастырылып тұрады. Оның дәлелі ретінде ауыл жастары арасында жүйелі өтіп тұратын спорттық сайыстар мен жарыстарды айтуға болады. Сонымен қатар, ауыл жастарының арасынан құрылған «Еріктілер тобы» ауылдағы жасы үлкен қарияларымызға және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйіне барып, шаруаларына көмектеседі.Қоғамдық қауіпсіздікті, қылмыс және құқықбұзушылыққа қарсы күресті қамтамасыз ету және ауыл тұрғындары арасында бұзақылықтың, тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында округ учаскелік полиция инспекторымен округ әкімі аппаратының мамандары өзара бірлесіп, іс-шара жоспарына сәйкес жұмыстар атқаруда.
Ауыл әкімінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан округте екі қылмыс тіркеліп, 234 әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар, 126 айыппұл салынып, 108 ескерту берілген.«Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» дейді халық, ауыл кәсіпкерлері қайырымдылық жасаудан қалыс қалмағанын істерінен көруге болады. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы Ақбастау ауылындағы аз қамтылған жас отбасына округ тұрғындары, шаруа қожалық басшылары мен кәсіпкерлері бірлесіп, «Асар» бағдарламасы бойынша 3 миллион 500 мың теңгеге тұрғын үй құрылысын жүргізіп, жаңа үй салтанатты жағдайда табысталған. Ал, осы жылы Жұрымбай ауылындағы баспанасыз отбасына асарлату арқылы тұрғын үй салу жұмыстары жүргізілуде.
«Шынықсаң – шымыр боласың» ұранын ұстанатын ауыл тұрғындары үшін Ақбастау ауылының тумасы, жеке кәсіпкер Жандос Баетов өз қаражаты есебінен ауылда бос тұрған ескі дүкен ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, «Рысбек» спорт клубын ашқан. Қазіргі уақытта мұнда үстел теннисі, бокс, күрес үйірмелерімен 50 бала қамтылған. Сонымен қатар, спорт клубтың ауласында спорт алаңшасының құрылысы жүргізілуде. «Жомарт жүрек» және «Жомарт түлек» жобалары аясында Жұрымбай ауылына оқушыларға арналған екі аялдама, Қарасу ауылына заман талабына сай оқушыларға арналған екі аялдама құрылысы жүргізіліп, тұрғындар игілігіне пайдалануға берді. Дана халқымыз «Ауыл түбі – бірлік, қауым түбі – тірлік» деп бекер айтпаса керек. Ал, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі», деген екен. Ендеше, сол ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуды және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауын мақсат етіп отырған ауылдық округ әкімі Жанар Нұрмұратқызының еңбегі жана берсін дегіміз келеді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Медицина саласына ауқымды өзгерістер қажет
- 3 қазан, 2024
Медицина саласында оң өзгерістер бар
- 2 қазан, 2024
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді