Жолдау жүктеген міндет ауқымды
Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында: «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан, біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек», деп атап көрсетті. Президент тапсырмасының Тараз қаласында орындалуы қалай? Облыс орталығына, маңайындағы тұрғын- жай алаптарына аудандардан қоныс аударған жұрттың көбі жер алып, баспана тұрғызғысы келеді. Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің мәліметіне қарағанда, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелері жалпы тізбедегі тәртіпті сақтай отырып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері дайын болған кезде беріледі.
Бүгінгі күнге, Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры жүйесінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 118582 азамат тіркелген, соның ішінде 2005 жылы 1185 азамат, ал 2006 жылы 11509 азамат тіркеліпті. Былтырғы наурыз айынан бастап жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға арнайы кезек Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры жүйесіне енгізілген. Аталған жүйеде 2005-2009 жылдар аралығында жер кезегінде тұрған азаматтардың мәліметтері толық емес. Осыған байланысты, биылғы ақпан айынан бастап жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтардың тізімін өзектендіру жұмыстары жүргізілуде, халықты хабардар ету мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына, Тараз қаласының ресми сайтына, бөлімнің Facebook және Instagram парақшаларына хабарландырулар берілген. Нәтижесінде, ақпан айынан бастап бүгінгі күнге дейін кезекте тұрған азаматтардың деректерін өзектендіру бойынша – 3490 азамат келіп, оның ішінде 3386 азаматтардың мәліметтері өзектендіріліп, жүйеге енгізілген. Жұмыстар ары қарай жалғастырылуда екен.
«Құмшағал» тұрғын алабынан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелерін беру жұмыстары жалғасын табуда. Жыл басынан бастап кезекте тұрған 181 азаматқа жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскелері берілген, оның ішінде Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңының 10,11-баптарына сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 39 азаматқа әлеуметтік қолдау шаралары ретінде жер учаскесі беріліпті. «Шаңырақ» шағынауданынан жеке тұрғын үй құрылысына 79 жер иеленушілері мен жер пайдаланушыларға уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығына берілген жер учаскелерінің жалдау құқықтары тоқталуына, уақтылы игерілмеуіне және құрылыс жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерін 2005 жылдан кезекте тұрған азаматтарға берілу жоспарланған.
Осы жерде бір сөз. Жиырма жылға жуық жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтардың шыдамдылығына қалай ғана таңғалмайсың. 2005 жылы дүние есігін ашқан нәресте бүгінде кәмелеттік жасқа толып, атжалын тартып азамат болды. Қалалық әкімдікке жерге кезекке тұрғанда сол шақалақтың әкесі 45 жаста болса, бүгінде зейнеткерлікке шықты. Осы жылдарда қала әкімінің қанша рет ауысқанынан жаңылдық. Бірінші басшы тұрақтамаған жерде берекесіздік белең алады. Астана, Алматы немесе Шымкент сияқты мегаполис қала емес, халық саны жарты миллионға да жетпейтін Тараз қаласында баспана салу үшін осынша жыл жер кезегінде тұру қалай болғанда да ақылға сыйымсыз енді.
Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында: «Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар- жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық» деп Үкімет пен әкімдерге нақты міндет жүктеді.
Жер кодексінің 92-бабының 2-тармағына сәйкес, құрылысқа арналған жер учаскесi оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл (егер жобалау-сметалық құжаттамада анағұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) ішінде мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайда, онда Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке тұрғын үй құрылысына арналған жекеменшігіндегі жер учаскесін қоспағанда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Кодекстің 94-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскелерінің меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан жер учаскелерін осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделгендей мәжбүрлеп алып қою жер учаскесі орналасқан жер бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды, яғни, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Жер ресурстарын басқару комитеті Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің талап арызы бойынша сот тәртібімен жүргiзiлетін көрінеді.
Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің мамандары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылдың 5 мамырдағы №194 «Тиісті мақсаттарда пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзыла отырып пайдаланылатын жер учаскелерін анықтау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, Тараз қаласы аумағында бос және тиісті мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін анықтап және жер пайдаланушыларға қатысты толық мәлімет алу үшін жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіпті. Биылғы қазан айының соңына дейін 77 жер учаскесі анықталып, тізбесі департаментке жолданған. Бұл–Президент тапсырмасының орындалып жатқанын көрсетеді.
Тараз қаласы аумағына енген «Элеватор (Асқаров көшесі соңы), 312 гектар», «Қарасай 126,6 гектар», «Хамукат, 126 гектар» алқаптарында тұрғын алқабын орналастыру мақсатында 19 шаруа қожалығын жүргізу үшін арналған жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару үшін Тараз қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 5 наурыздағы «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» №1036 қаулысы қабылданған. Қазіргі таңда, Асқаров көшесінің соңында көлемі 19,8 гектар 9 жер учаскесі, Қарасай алқабында 19,6 гектар 4 жер учаскесі, Хамукат алқабында 9,9 гектар 3 жеке және көлемі 80,1 гектар 1 мемлекеттік жер пайдаланушыдан жер учаскесін мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылға жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен қайтару жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен 386,6 миллион теңге қаражат қарастырылған.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының талаптарына сәйкес, жер учаскелерін тәуелсіз бағалаушымен бағалау жұмыстары жүргізілуде екен. Қазіргі таңда, Асқаров көшесінің соңындағы 7 жер теліміне тәуелсіз бағалаушы «Asia Consalting» ЖШС қайта бағалау жұмыстарын жүргізіп, бағалау туралы есебіне сәйкес меншік иелері мен жер пайдаланушыларға ұсыныс пен келісімшарт жобаларын жолдапты. Бүгінде көлемі 5,0 гектар 1 жер телімі келісімшарт негізінде және көлемі 10,0 гектар 1 жер телімі сот шешімінің негізінде 67,3 миллион теңге қаражат аударылып, жер телімдері мемлекетке қайтарылған. 5 жер пайдаланушылардан келісім алынбауына байланысты, құжаттары сотқа жолданып, 1 сот шешімі шыққан. Сонымен қатар, 1 жер телімі мұрагерлікті толық қабылдамауына және 1 жер телімі бойынша құжаттары толық емес болуына байланысты бағалау жұмыстары толық аяқталмапты. «Қарасай» алқабындағы 4 жер теліміне қайта бағалау жұмыстары жүргізіліп, бағалау туралы есебіне сәйкес, меншік иелері мен жер пайдаланушыларға ұсыныс пен келісімшарт жобалары жолданған. Көлемі 4,5 гектар 2 жер пайдаланушы келісімі негізінде 20,6 миллион теңге қаражат аударылып, жер учаскесі мемлекетке қайтарылған. 2 жер телімі бойынша меншік иесінен келісім алынбауына байланысты, құжаттары сотқа жолданыпты. «Хамукат» алабында 3 жер телімдеріне тәуелсіз бағалаушы «Asia Consalting» ЖШС қайта бағалау жұмыстарын жүргізіп, бағалау туралы есебіне сәйкес меншік иелері мен жер пайдаланушыларға ұсыныс пен келісімшарт жобаларын жолдаған. Меншік иесінен келісім алынбауына байланысты, құжаттары сотта қаралуда. Жер учаскелері бойынша мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару бойынша барлық тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аппасова көшесінен Сүлейменов көшесін қиып өтіп, 15-шағынауданға баратын жолға жалғастыру үшін Сабалақов пен Сүлейменов көшелерінің қиылысындағы 4 үйге қатысты Тараз қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 13 қыркүйектегі «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» №4854 қаулысы қабылданған. Меншік иелерінің құжаттары негізінде тәуелсіз бағалаушы «Сервис центр «Далер» ЖШС мен «Asia Consalting» ЖШС бағалау жұмыстары жүргізіліп, меншік иелеріне ұсыныс хаттар жолданды. Қазіргі таңда, меншік иелері ұсынылған сомамен келіспей, Тараз қалалық сотына талап-арыз жолданған. Қазіргі таңда, 3 іс бойынша (Сүлейменов көшесі, №146, №148 және Сабалақов көшесі №25 «Б») жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті мемлекетке қайтару туралы сот шешімі шығып, «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ қаражат аударылып, жер учаскелері мемлекетке қайтарылды. Сабалақов көшесі, № 27 жайдың меншік иесі ұсынылған сомаға келіспеуіне байланысты, жер учаскесі мен нысандардың нарықтық құнын анықтау үшін сот сараптамасы тағайындалып, сот ісі жүруде. Жер учаскелерін мемлекетке қайтару сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін орындалуы мүмкін.
Тараз қаласының Бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, халық арасында «за линией» деп аталатын тұрғын ауданға Абай даңғылы арқылы көпір және жаяу жүргіншілер өткелі құрылысы қарастырылған. Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі ұсынған сызбаға сәйкес, жер қатынастары бөлімімен мемлекетке қайтаруға жататын жер учаскелерінің тізімі дайындалған. Тізімдегі жер учаскелерінің меншік иелерін анықтау үшін биылғы 16 тамыздағы №2545 хатымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Тараз қалалық филиалына сұраныс жолданып, 21 тамызда ақпарат алынған. Жер кодексінің 84-бабына сәйкес, жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға, мемлекет мұқтажын қанағаттандыру үшін қаншалықты қажет болса, сондай көлемде ғана жол беріледі. Осыған орай, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары мен сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне 2023 жылдың 17 тамызында жер учаскелерінің тізімі мен жер учаскелерінің қажетті көлемін нақтылап беру туралы хат жолданды.
Тұрғынжай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырмасымен көпірді жобалаушы «ДӘН-Қо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаны жүзеге асыру үшін, мемлекет мұқтажы үшін қайтаруға қажетті жер учаскелерінің көлемдері нақтыланып, анықталыпты. Нәтижесінде, барлығы 65 нысан, оның ішінде 41 жеке тұрғын үй, 22 кәсіпкерлік нысан және 2 мемлекеттік жер пайдаланушы мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға жатады.
Бүгінгі таңда, бөлім тарапынан меншік иелерінен жер учаскелерін бір бөліктерін немесе толықтай мемлекет мұқтажына қайтаратыны туралы сауалнама алынуда. Әзірше 23 жер учаскелерінің иелері толықтай мемлекет мұқтажына қайтаруға ниеттерін білдіріпті. Жер учаскелеріне қатысты мемлекетке қайтару туралы қаулы қабылданып, барлық тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Қаулы қабылданғаннан кейін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскелеріне және өзге де жылжымайтын мүліктерге бағалау жұмыстары жүргізіледі.
2023 жылы қала аумағындағы жер телімдеріне түгендеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 118, 5 миллион теңге қаражат бөлінген. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамымен жасалған биылғы 7 сәуірдегі «Құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы» №37 шарт бойынша Тараз қаласы аумағында түгендеу жұмыстары жүргізілуде, бүгінде «Шалғай Қарасу» алқабындағы 4600 жер учаскесіне түгендеу жұмыстары жүргізілген, барлығы түгендеу жұмыстарын жүргізілетін учаскелердің саны – 36 000. Бүгінгі күнге, 77,0 миллион теңге қаражат игеріліп, 25 000 түгендеуден өткен.
Жер Кодексінің 48-бабының 6-тармағына сәйкес Тараз қаласы бойынша мемлекеттік меншіктегі кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін сату бойынша аукцион Мемлекеттік мүлік тізімінің www.gosreestr.kz веб- порталында жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі бағасын көтеру әдісі бойынша электрондық түрде өткізілуде. 2023 жылдың жоспары бойынша 6 аукцион өткізілу жоспарланған. Бүгінгі күнге 7 аукцион өткізіліп, көлемі 8,0711 гектарды құрайтын 11 жер телімі 119 081 186 теңгеге сатылып, қаражат жергілікті бюджетке түскен. Биылғы қаңтар- қазан айларында жергілікті бюджетке жерді жекеменшікке сату және жер телімін жалға пайдалану құқығын беру – 303101 коды бойынша орындалғаны – 570 миллион, 303202 коды бойынша орындалғаны – 168 миллион теңге.
2023 жылдың 1 қарашадағы есеп бойынша жер қорын категориялар бойынша бөлу былай қалыптасыпты. Ауыл шаруашылығына пайдаланатын жер көлемі – 1904, оның суармалы жері 923 гектар. Елді мекен жерлері – 13689, суармалы 6596 гектар жер. Өндіріс, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығына пайдаланбайтын жер – 3194, суармалы 697 гектар. Ал, 1 қарашадағы есеп бойынша жер қорын ауыл шаруашылығы құрамы бойынша бөлу былай қалыптасыпты. Егістік жердің көлемі – 1104, оның 849 гектары суармалы, көпжылдық ағаштар 24 гектар болса, оның барлығы да суармалы, жайылымдық 700 гектарды құрайды. 1828 гектар шаруашылық алқаптың 873 гектары суармалы.
Жер қатынастары саласы бойынша он айда Тараз қаласы әкімдігінің тарапынан 3768 қаулы қабылданған және 31 жер комиссиясының отырысы өткізіліп, барлығы 2094 жеке және заңды тұлғалардың өтініштері қаралыпты. Оң қорытынды 1454 өтінішке, теріс шешім 632 өтінішке берілген. Қаңтар-қазан айларында көрсетiлген мемлекеттiк қызметтердiң саны 10748 құраса, оның iшiнде 10135 өтініш «E-gov» және «Е-лицензиялау» жүйесі арқылы электронды түрде көрсетiлген және 613 қызмет қағаз түрінде көрсетілген. Жыл басынан бастап жер мәселесі бойынша жеке және заңды тұлғалардан «Е-өтініш» жүйесіне 4166 өтініш келіп түскен, оның ішінде 4021 қаралып, мерзімдеріне сәйкес жауап берілген.
Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында: «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы жеке тұрғын үй салу баяу жүріп жатыр. Мұның басты себебі – үй салынатын аумақты дайындау ісінің қарқыны төмен. Өйткені, заң бойынша су және электр желілері жүргізілген аумақтан ғана жер беріледі. Жер үй тек баспана ғана емес, сондай-ақ, табысы аз, әсіресе көпбалалы отбасылардың экономикалық тірегі де бола алады. Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік жер үйлер салынатын учаскелерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін жеделдетуі қажет. Бұл ретте, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті де қолданған жөн» деп Үкімет пен әкімдіктерге нақты тапсырма берген.
Президент тапсырмасы үш жылдан бері орындалып жатқанын жоққа шығармаймыз. Тараз қаласынан үй салып, қуанышқа бөленіп жатқан отбасылар аз емес. Дегенмен, жоғарыда жиырма жылға жуық үй салу үшін жер кезегінде тұрған қалалықтардың бар екенін де жаздық. Қалалық әкімдік мемлекетке қайтарылған жер учаскелері жоспарларын орындап, бірінші кезекте 2005 жылдан кезекте тұрған азаматтарға берсе, қаншама отбасы ұзақ күткен қуанышқа бөленер еді.
Амангелді ӘБІЛ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді