Шер-аға неге шамырқанды?

Шер-аға неге шамырқанды?
ашық дереккөз
Шер-аға неге шамырқанды?
Жақында Жамбыл ауданы, Ерназар ауылында тракторшы келінді іздеп барып, тағы бір қызық тарихқа тап болдым. Өмірдің қызықтары мен әсерлі сәттері бір-біріне жібек жіптей жалғасып кете береді екен. Бұл әңгіме мен іздеп барған тракторшы келіннің қайын атасы Гауһарбек Шонтаевтың айтқаны. Ол қарапайым еңбек адамы болса да, өмірінде әйгілі жазушы Шерхан Мұртазамен бірнеше рет кездесіп, қаламгерге қызмет жасап, інісіндей болып кеткен екен. Бір жолы Билікөлдің жағасына әйгілі жазушыны қонақ қылады. 2006 жыл. Шер-ағаңның да ширақ кезі. Гауһарбектің келіншегінің аяғы ауыр, әне-міне босанады деп жүрген кездер екен. Сонда әлгі көңілді отырысты пайдаланып Гауһарбек: «Шер- аға! Келініңіздің аяғы ауыр. Ұл туса атын сіздің құрметіңізге Шерхан деп қоямын, – дейді. Сонда Шерхан Мұртазаның отты көздері жарқ етіп жанып: «Жоқ! Мен есімімді қоюыңа қарсымын. Сен ертең ол баланы «Әй, Шерхан, оңбаған, Шерхан» деп балағаттап отырасың. Есімімді олай қорлата алмаймын», депті. Гауһарбек: «Аға, ондай жағдай болмайды. Мен Шерхан баламды ешқашан балағаттамаймын», дейді. Сонда ақкөңіл Шер-аға да жібіп: «Ондай болса, рұқсатымды бердім», – дейді. Содан бала аман-есен өмірге келіп, есімі Шерхан деп қойылады. Бала Шерханға дана Шерхан ақ батасын да береді. Арада зымырап бес жыл өте шығады. Гауһарбек біраз достарымен бірге Билікөлде жазушы Шерхан Мұртазаны тағы да қонақ етіп, күтеді. Сонда әйгілі жазушы: «Мен сәл демалып алайын» деп, бір көлеңкеге салынған жайлы орынға жатып, көзі ілініп кетеді. Осы кезде бес жасар бала Шерхан ойнап жүріп, қолын суық суға батырып, бұзықшылық жасайды. Әкесінің бір-екі ескерткеніне көнбей, бұзықшылығын жалғай береді. Сол кезде ашуланып кеткен Гауһарбек: «Әй, оңбаған, Шерхан. Неге мені тыңдамайсың? Үстіңді неге былғайсың?» деп айқайлайды. Осы сәт көз шырымын алып демалып жатқан Шерхан Мұртаза орнынан атып тұрады. Ояна сала Гауһарбекке: «Інім, мен саған басында менің атымды қойма дедім. Білдім осындай боларын. Міне, менің көзімше баланы балағаттап жатырсың. Ертең не айтпайсың, ә?» деп ескерту жасапты. Сонда Гауһарбек өрттей қызарып кешірім сұрай беріпті. Өзін жоғалтып, орнынан бір тұрып, бір отырып, ыңғайсыз жағдайға түсіпті. – Шер-аға, жаздым, жаңылдым. Менен бір қателік кетті. Кешіріңіз, енді баланы балағаттамаймын. Уәде беремін. Енді тіпті, ол баланы тек қана «Шер-аға» деп атаймын. Уәдем уәде» деп жалына бердім. Өмірімде ешқашан олай ұялған емеспін. Ол күн ұмытылмайды. Содан бері кіші баламды «Шер-аға» деп уәдемнен жаңылмай келемін, – дейді Гауһарбек Шонтаев.  

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар