Кірпіш цехын ашқан азамат

Кірпіш цехын ашқан азамат
ашық дереккөз
Кірпіш цехын ашқан азамат
Ауданға сапар барысында «Несіпбаев» жеке кәсіпкерлігінің кірпіш цехында болдық. Кірпіш өндіру цехын орда бұзар отыз жастан енді ғана асқан Жақсылық Несіпбаев ашып отыр. Қазір «Ауыл аманаты» жобасының шапағатын сезініп отырғанымен, бұл азамат қадамын ертеректе бастап кеткен. 2022 жылы 583 мың теңгеге қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, оған бір ғана түспен құмды блок шығаратын құрылғы сатып алған. Сол кездің өзінде тәулігіне 900 дана құмды блок шығарып отырыпты. Ал, биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен 5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, бірнеше түспен блок шығаратын құрылғыларды сатып алған. Қазіргі таңда цехтың өнім өндіру көлемі ұлғайған. Тәулігіне 2000 данаға жуық түрлі түсті құмды блок кірпіш шығаруға қауқарлы. Бұл цехта 6 адам тұрақты жұмыс көзімен қамтылып отыр. Цехтың жұмысшысы, өзбек жігіті Абдірахман Ахметжанов: «Біздің жұмыста жұмысшыларға жақсы жағдай жасалған. Жалақымыз уақтылы, түскі асымыз тегін. Үздік жұмыс істегендерді де ынталандырып отырады», – дейді. Мұнда жұмыс жеңіл емес. Дегенмен, бір жолға қойылып келеді. Мәселен, 8 сағаттық жұмыс кестесі қатаң сақталады. Кірпіш блоктың бағалары әртүрлі. Мәселен, бір түсті кірпіштің бір данасы 200 теңге болса, қоңыр, қызыл, қара түсті бір дана құмды блоктың бағасы 400 теңге. Әр кірпіштен 75 теңге таза пайда қалса, тәулігіне 150 мың теңге таза табыс бар деген сөз. Бұл құмды блок цехы Шу ауданын сапалы өнімдерімен қамтып отыр. Қазір көршілес Қордай ауданынан да Жақсылықтың цехын іздеп келіп, кірпішке тапсырыс беретіндер көбейді. Бұл құмды блок цехында екі техника бар. Олар да ертелі- кеш кірпіш тасымалдап, тыным таппайды. Өндіріске қажетті құмды карьерден алып, өнімге қажетті цементке де дер кезінде тапсырыс беріп отыр. Карьерді қазу, оны қазу үшін рұқсат алу деген жұмыстар да жеңіл емес. Табыс жолы қиындықсыз келмейді. Мұны әр кәсіпкер жақсы түсінеді. Жақсылық Болатұлы – жас кәсіпкер. Дегенмен, бұған дейін бірқатар жолдардан өткен. Жиырма жасында Көкшетаудағы әскери училищені бітіріп, 10 жыл бойы әскери қызметте болды. Тараз қаласы, Отар стансасының әскери бөлімшелерінде жұмысын мінсіз атқарып алғысқа бөленді. Бірақ, ауылда қалған анасының жағдайын көп ойлай беріпті. Сөйтіп, 10 жылдық қызметтен соң, келісімшартты әрі создырмай, ауылға оралып кәсіпкерлікке ден қойыпты. Әкесі Болат Несіпбаев та құқық саласында қызмет етіп, 1998 жылы өмірден озған екен. Ол кезде Жақсылық бар болғаны 7 жаста болатын. Анасы Маржан бағып-қағып жеткізді. Сондықтан, туған жерге қайтып, жеке кәсібін жолға қоюды дұрыс деп шешті. Екі бауыры бар. Қазіргі таңда олар тұрмыста. – Сондықтан осындай шешім қабылдадым. Оған ешқандай өкінбеймін. Ең бастысы – анамның қасындамын. Жұмысымды жолға қойып келемін. Қазіргі таңда менің құмды блок цехымды облыс және аудан әкімдері жиі келіп көріп, жұмысымызға жоғары бағасын беруде. Анам 53 жаста, мейірбике болып еңбек етеді. Күн сайын тілеуімді тілеп, батасын беріп отырады. Ол кісінің мен ауылға келгелі көңілі тоқ. Біз үшін барлық қиындыққа шыдаған анашымды еш ренжіткім келмейді. Ал, құмды блок цехыма келсем, бұл күнде тапсырыс берушілер көлемі артып отыр. Алдағы уақытта қаржының мүмкіндігі болып жатса, цехымды үлкейтсем деген ойым да бар. Ал, әр ауылға келіп жатқан «Ауыл аманаты» жобасының халыққа тиімділігі өте көп. Оны сезініп отырмыз, – дейді Жақсылық Несіпбаев.  

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар