«Байтақ» партиясы тұрғындармен байланысты нығайтпақ
Кеше Тараз қаласында «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев облыс тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізді. Кездесуге жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыс орталығының тұрғындары, жастар мен студенттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қоғамдық қабылдауда Азаматхан Сайлауұлы өңір тұрғындарының назарын облыстың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардағы проблемаларына аудара отырып, осы мәселеде партияның атқарып жатқан жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті.
– Партия өкілдерінің тұрғындармен қоғамдық қабылдауларын еліміздің барлық өңірлерінде іске асырып жатырмыз. Алдағы кездері осындай кездесулерді жиі ұйымдастырып, тұрғындардың талап-тілектеріне назар аударып, оны шешу бойынша тиісті билік орындарына ұсыныстармен шығу жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Мәселен, өңірлердегі филиал басшылары тұрғындармен бір-екі аптада бір рет, орталық аппараттың қызметкерлері айына бір рет, ал партия төрағасы ретінде өзім тоқсан сайын кездесіп отыруды жоспарладық. Осылайша, елдегі қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты күшейтпекпіз. Әрі осындай жұмыстарымыз арқылы партиямыздың халыққа жақын екеніне көз жеткізіп, олардың өтініштері аяқсыз қалмайтынына сенімдерін нығайтуды көздеп отырмыз. Бүгінгі қабылдау да осындай мақсатта ұйымдастырылып отыр, – деді партия төрағасы.
Қоғамдық қабылдауда тұрғындар Тараз қаласында кәріз су тазарту құрылыстарының, қоқыс өңдеу зауытының болмауына байланысты өтініштерін білдірді. Ал, Қостөбе ауылының тұрғындарын интернеттің жоқтығы алаңдатады. Кездесуде сөз алған қостөбелік зейнеткер Сейсенғали Сәдібеков интернеттің жоқтығы туралы жыл сайын әртүрлі мінберлерде айтылып жүргенімен, еш нәтиже болмай отырғанына ренішін білдірді. Ауыл маңында үйіліп жатқан қоқыс мәселесі де тұрғындардың жанайқайына айналғалы қашан! Тараз қаласы және Жамбыл ауданының Шайқорық, Танты ауылдарындағы экологиялық проблемалардың бірі – қоршаған ортаны ластайтын фосфогипс үйінділері. Қабылдауға келгендер осы және басқа да мәселелерге партия басшысының назарын аударып, жергілікті билік өкілдеріне өтініштерін жеткізуді сұрады.
Қабылдауда тұрғындардың сан түрлі сауалдарына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев, сондай-ақ облыс бойынша экология департаментінің, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, цифрлық технологиялар басқармаларының өкілдері жан-жақты жауап берді.
Барлық қаралған өтініштер бойынша партия төрағасы Азаматхан Әміртаев проблемалық мәселелерді орындау жөніндегі уәкілетті органдарға ұсыныстар жасайтынын және партия филиалына қоғамдық бақылауға тапсырмалар берілетінін айтты.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Тараздық Нұрсұлтан туған күнінде таңдау жасады
- 6 қазан, 2024
Қордайлық ақсақалдар дауыс берді
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді