Ақтөбеде ат баптайтын азаматтар көп
Ақтөбе ауылдық округіне де арнайы бардық. Талғат Тойшыбеков деген кәсіпкер жігіт бастаған ауыл азаматтарының қолдауымен осы ауылда «BAKESH – ARENA» атты күрес залы ашылғалы жатыр екен. Мұнда бір мезгілде қырық баланың еркін күреспен айналысуына мүмкіндік бар. Аталған ауылдық округ әкімі Көбейсін Қайроллаев та істің басы-қасында жүр екен. Бұйырса, бұл күрес залының қызығын ауыл балалары көретін күн де алыс емес. Осы Көбейсіннің тынымсыз еңбегінің арқасында ауылға кіреберіс саябаққа биыл көктемде 600 түп арша талының көшеттері отырғызылыпты. Қазір көгеріп тұр. Оны суарып, баптап, күтімін жасап отырған мамандар бар. Күтімі болған жерде іс жеміс беретіні рас. Біз одан әрі қарай аталған округке қарасты Жаңаталап ауылына аялдадық. Мұндағы «Тасжарған» шаруа қожалығының төрағасы Мұхамеджан Сәрсенбаевтың жемісті жұмыстарының куәсі болдық. Мұхамеджан «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен 3 миллион теңге несие алған екен. Әрине, шаруа қожалық болған соң, оған дейін де тірлігін біршама тіктеп алған жағдайы бар. Бұл қожалықтың бұрыннан ұсақ малдары, сиырлары және 23 гектар егістік жері бар. Бұл дегеніңіз – мал өсіруге деген мүмкіндік. Енді 3 миллион теңгеге 7 жылқы алып, Қамбар ата тұқымын өз төлінен өсіруді көздейді. Осы мақсатқа жету үшін Мұхамеджанның жасап жатқан қадамдары құптарлық. Техникалары сай, қора-жайлары жылы, жайлы. Жем сақтайтын қоймасы, шөп сақтайтын базасы көңілімізден шығады. Шөп төбесі жабық жерде тұрғандықтан, бір талшығына дейін пайдаға асады. Кейбір шаруаларды білеміз, ашық қораға жинаған шөбінің 60 пайызы су тиіп, шіріп кетіп жатады. Ал, бұл шаруа қожалықта ондай кемшіліктерге жол жоқ.
Бір айта кетерлігі, аталған ауылдың әр азаматы көкпарға, ат баптауға құмар екен. Біз барған күні де әр үйдегі азаматтар көкпарға жиналып жатты. Ал, Мұхамеджан Сәрсенбаев нағыз көкпаршы болып шықты. Біраз жыл «Әулиеата» көкпар клубында өнер көрсеткен. Тіпті, Қазақстан Ұлттық көкпаршылар құрама командасының да белсенді мүшесі болған. Ол туралы өзі: «Көкпар ойыны десе елеңдеп тұратынымыз рас. Әкем Тасжан, анам – Алтыншаш малшы болған кісілер еді. Ата-анадан 8 ұл-қыз тарадық. Біраз жыл көкпаршы болдым. Ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүрдім. Үйдегі асыл жарым екеуміз төрт перзент тәрбиелеп отырмыз. Үлкен балам Алдияр көкпарға және боксқа құмартады. Бокстан жасөспірімдер арасында облыс чемпионы. Ал, Арсланбек деген балам күрес түрлеріне қызығады. Менің мақсатым – шаруашылығымды дамытып, жылқы санын көбейтіп, туған ауылыма қызмет ету. Қолымнан келгенше ат спорты өнерін қолдау. Шаруа қожалықтағы малдың саны өсіп, тірлігіміз оңға басып жатса, мемлекетке тамшыдай пайдамыздың тигені деп ойлаймын», – деді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді