«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Берекелі әулеттің бақыты

Берекелі әулеттің бақыты
ашық дереккөз
Берекелі әулеттің бақыты
Кәріқорған ауылындағы көпшілік құрметтейтін кісінің бірі – Шарханбек Қожаназаров. Таңның атысы мен күннің батысына дейін тыным таппайтын ол «Береке» деп аталатын шаруа қожалықтың төрағасы және осындағы Тұрсын Әкімов орта мектебінде әлеуметтік педагог. Жол бастап жүрген Жуалы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрбақыт Балтабаев аталған шаңыраққа ат басын бұрғызды. Бізді Шарханбек Қожаназаров аңқылдап қарсы алды да, «Мен облыстық «Аq jol» газетінің журналистерін танимын» деп, аты-жөнімді айтып берді. Газетіміздің алыс ауылда да оқылып жатқанын сезініп, қуандық. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 4,5 миллион теңге несие алған Шарханбектің өзі емес, баласы Шыңғыс Қожаназаров екен. Сол қаражатқа 9 жылқы сатып алған. Бұрыннан малдары болғандықтан, Шыңғыстың бағымындағы жылқы саны 25-ке жетіпті. Мүйізді ірі қара, ұсақ малдары да баршылық. Ауыл шаруашылығына бағытталған 3 техникасы бар. Жем-шөп сақтайтын орындары сайланған. 10 гектар жерге жоңышқа, 10 гектар жерге арпа өсіріп отырған жеке кәсіпкердің мал азығы да жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, Шыңғыс Шарханұлының несиеге алған жылқыларды өсіріп, көбейтуіне барлық мүмкіндігі бар. Мұнан бөлек, жылқыны бордақылауды да ойластырып келеді. Екі ай байланған құнанның өзі 450 мың теңгеден кем емес. Ал, сүйегі ірі үлкен жылқылар 900 мың теңгеге дейін бағаланады. Бұл дегеніңіз ауылда бейнет кешіп жүрген шаруа қожалықтардың еңсесі тіктеліп, шаруалардың еңбегі ақтала бастады деген сөз. Жалпы, Қожаназар ақсақалдың ұрпақтары осы Кәріқорған ауылында ғасырға жуық уақыттан бері отыр. Шарханбектің әкесі Мейман Қожаназаров Ұлы Отан соғысында от пен оқтың ортасында жүріп, ел қорғаған кісі. Майданнан аман оралып, 40 жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарған. Әуелі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік мұғалімі болса, кейіннен 12 жыл мектеп директоры болған екен. Ол кісі басқарып тұрғанда мектеп аудан, облыс көлемінде үлкен табыстарға қол жеткізіпті. Қазіргі таңда Кәріқорған ауылында Мейман Қожаназаров атында көше бар. Сол көшеде өзге көршілерімен бірге ұрпақтары да тұрып жатыр. Жәй ғана тұрып жатқан жоқ, ардақты аталарының атына кір келтірмей, жақсы кәсіппен айналысып, адал еңбектерімен ауыл экономикасын көтеруге өз үлестерін қосып келеді. Шарханбек Қожаназаров Жетітөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде де жемісті жұмыс атқаруда. Шарханбектің жары Шамкүл Қожаназарова да отыз жылға жуық орта мектепте география мен тарих пәндерінен сабақ берген ұстаз. Әлі де қоғамдық істерге белсене араласады. Ауылдағы «Асыл әжелер» ансамблінің белсенді мүшесі. Шамкүл апай да баспасөзге аса құрметпен қарайтын, көзі ашық кісі екен. Сөз арасында ол Мұхтар Әуезов, Қадыр Мырзалиев, Қасым Қайсенов, Әбіш Кекілбаев туралы неше түрлі әсерлі әңгімелер айтты. Өзінің мамандығы басқа болса да, әдеби- көркем кітаптарды көп оқитыны, баспасөзді жібермей қарап отыратыны көрініп тұр. Біз жан жүрегі ізгілікке толы адамның ой-өрісі де жоғары болатынына көз жеткізіп, бұл әулеттің жомарт пейіліне сүйсіндік. Біз бұл шаңырақтан материалдық байлықтан бөлек рухани байлықты да көріп, бақытты әулеттің берекелі істеріне куә болдық.  

Ұқсас жаңалықтар