Жетістігі мол Жетітөбе
Ауылдардың өркендеуі – Отанның өркендеуіне жол ашады. Елді мекендердің еңсесі биік болса, мемлекеттің дамуына қосылған үлес. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтардың дамуы – ауылдың экономикасын көтеретін әлеуетті күш. Біз оны Жуалы ауданы, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған ауылына барғанда тағы да сезіндік. Бұл ауыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізіп, істерін ілгерілетуде. «Ауыл аманаты» жобасының рәтін көрген жеке кәсіпкердің бірі – Шалқар Болтаев. Шалқар аталған жоба аясында 5,5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, ол қаржыға 4 жылқы, 4 сиыр, 32 қой сатып алған. Қазіргі таңда екі сиыры бұзаулап, екі биесі құлындапты. Бұйырса, саулық қойларының да төлдейтін уақыты алыс емес. Демек, Шалқар Болтаев малдарын өз төлінен өсіру арқылы да бірқатар табысқа қол жеткізейін деп тұр. Шалқардың жұбайы Ұлбосын Мақатаева сол ауылдың мектебінде еңбек етеді. Бірақ, шаруашылық жұмыстарына да үлгереді. Жаздай 3 сиыр сауып, оның құрт, май, ірімшігін дайындаудан жалыққан емес. Сиырдың сүтінің өзі – тәп-тәуір табыс. «Ерінбесең, ерніңе тиеді» дегендей, бұл отбасының еңбексүйгіштігі істерінің алға басуына себеп болып тұрғаны рас.
Ендігі жерде осынша малға керегі – жылы қора, жем-шөптің молдығы. Шалқардың өзі салдырған мал қорасы сапалы, жылы. Одан бөлек, жем сақтайтын қоймасы да жауын-шашын тимейтіндей қауіпсіз. Шөп сақтайтын төбесі жабық базасы да жұрт қызығатындай ыңғайлы. Бір сөзбен айтқанда, Шалқардың «Ауыл аманатымен» алған малдарын одан әрі өсіріп, көбейтіп, табысқа кенелуге барлық мүмкіндігі бар. Оның өз кәсіпкерлігін дамытуы – ауыл кәсіпкерлігінің дамуына да ықпал етеді. Тек қана шаруашылықпен айналыссам болды деп жүрген Шалқар жоқ. Мектепте – мұғалім. Кәсіпкердің анасы Айнилаят Дулатова да ұзақ жыл мектепте балаларға бастауыш пәнінен сабақ берген екен. 74 жастағы әженің ұл- қыздарына айтатын ақылы, өнегесі көп. Шалқардың тағы бір азаматтық қасиетін айтпай кетуге болмайды. Өмірден өтіп кеткен ағасының 3 ұл-қызын бауырына тартып, өз балаларымен бірге жетілдіріп, жеткізіп отыр. Бұл күнде ағасының үлкен перзенті дәрігер болып, өмірден өз жолын тауып кетіпті. Екіншісі де жұмыс істеп жүр. Бірақ, олардың қарашаңырақта отырған Шалқар ағаларына деген алғысы шексіз екені анық. Тұрмыс жағдайы жақсарған азаматтың қайырымдылық жасауға, қоғамдық жұмыстарға қол созуға да мүмкіндіктері бар.
Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді