«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіпкерліктің өрісі кеңейіп келеді

Кәсіпкерліктің өрісі кеңейіп келеді
ашық дереккөз
Кәсіпкерліктің өрісі кеңейіп келеді
Ауылдық аймақта шағын және орта бизнесті ілгерілетіп келе жатқан ауданның бірі – Т.Рысқұлов ауданы. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 6908 бірлікті құраған, оның 6447-сі жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 26,5 пайызға артқан. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде биылғы алғашқы тоқсанда 7984-тен аса адам жұмыспен қамтылған. Биылдан бастап 2027 жылға дейін 111 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Бұл ірі және шағын инвестициялық жобалардың жалпы құны 52 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде, 683 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның 491-і тұрақты, 193-і уақытша жұмыс орындары болмақ. – Биылға жалпы құны 4,5 миллиард теңгені құрайтын 35 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, барлығы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Нәтижесінде, 218 тұрақты және 77 уақытша жұмыс орыны ашылады. Бүгінгі күнге 732,9 миллион теңгеге 27 жоба іске асырылып, нәтижесінде 105, оның ішінде 84 тұрақты, 21 уақытша жұмыс орыны ашылды. Енді Құлан ауылдық округінен базар салынып, 25 адам жұмыспен қамтылмақ. Аталған округтен құны 40 миллион теңгеге жиһаз цехы іске қосылып, 10 жұмыс орыны ашылса, 6 тұрғынға жұмыс табылатын дүкен, техникалық жөндеу орталығы кәсібін бастамақшы. Сондай-ақ, 70 миллион теңгеге дәмханасымен бірге ойын-сауық орталығы ашылып, 4 адамды жұмысқа алады деп жоспарлануда. Сол секілді Ақниет ауылдық округінде тігін цехы, Ақбұлақ ауылында газ құю бекеті, минералды су құю зауыты, демалыс орыны (бассейн), Ақыртөбеде «Этноауыл» жолға қызмет көрсету орталығы, дүкен, TIR-PАRK және басқа да ауылдардан осындай кәсіпкерліктер өз қызметін жүргізеді. Жалпы айтқанда, 2024 жылға 46,4 миллиард теңгеге 27 жобаны іске асырып, 208 адамды жұмыс орындарымен қамту жоспарлануда. 2025 жылға 371,8 миллион теңгеге 18 жобамен 65 адамды жаңа жұмыспен қамту көзделсе, 2026 жылға 371,8 миллион теңгеге 14 жобамен 33 жұмыс орынын ашу, 2027 жылға 526 миллион теңгеге 17 жобамен 82 адамға жаңа жұмыс орынын ашу болжанып отыр, – дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Сақтасын Тастанов. Бұл аудандағы индустриялды-инновациялық дамыту бағдарламасының іске асырылуы да көңілге қонымды. Мәселен, Құмарық ауылдық округіндегі «Сарым» шаруа қожалығына 3,2 километрге 51,7 миллион теңгеге электр энергиясын жүргізу жоспарланып, облыстың өңірлік үйле стіру кеңе сінің комиссия отырысында қолдау тапқан. Алғабас ауылында жобалық құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын кірпіш зауытына «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде газ бен электр желісін, су жүйесін тарту жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Құлан ауылының «Сұлутөр» тау бөктеріндегі «Nomad» фермерлік шаруа қожалығының жобалық құны 1 миллиард теңгені құрайтын бахтах (форель) балығын өсіріп, балық етін бөлшектеу, орау, мұздатып сақтау кешеніне электр желісін, газ құбырын жүргізуге де жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Алдағы уақытта ашылуға тиіс инвестициялық жобалардың ішінде Ақбұлақ ауылындағы «Парус-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Минералды су құю зауыты бар. Динара Сеитова басқаратын бұл зауытта сағатына 3000 литр су дайындалады. Өнімдері республика аумағына сатылымға шығарылады. Қондырғы жабдықтарын Ресей мен Түркия елдерінен әкелген. Кәсіпкерлік мақсатында 0,20 гектар жерді сатып алып, жеке қаражат есебінен 120 метр тереңдіктен 12 миллион теңгеге таза су ұңғымасын қаздырған. Электр энергиясын 3,2 миллион теңгеге жүргізген. Құрылысы салынған кезде 15 адамды уақытша жұмыспен қамтыған зауыт жақын арада іске қосылып, 15 тұрақты жұмыс орынын ашқалы отыр. Ал, Луговой ауылынан жақында ашылған «Пенгар-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құм блоктар және өрнектас өндіру цехы тәулігіне 5000 дана құм блогы мен 2000 шаршы метр өрнектас өндіреді. Келесі жылы жұмысын бастайтын «Кұлан Солар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күн сәулесінен электр энергиясын өндіру жобасы 45,1 миллиард теңгеге жоспарланған. Құлан ауылында 100 гектар жер көлеміне күн батареясын орнатып, күннен ток алуды көздеген инвестор Ресей мемлекетінен тартылған. Бүгінде жер мәселесі шешілген. Жоба іске қосылып толық қуатында жұмыс істегенде сағатына 100 МВт электр энергиясын өндіретін болады, өндірілген электр энергиясы Астана қаласы қаржылық есеп айырысу орталығы арқылы өткеріледі. Тереңөзек ауылдық округінен кварцит өндіру зауытын «ҚазПромЛит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 162 гектар жерді 25 жылға уақытша пайдалануға алған. Биыл жалпы құны 1 миллиард 240 миллион теңгені иегеріп, соған теміржол тұйығын және 28 километр жол салуды қолға алыпты. Мұнда жылына 60 мың тонна кварцит өнімін өндіру межеленген. Нәтижесінде, 400 адамға жаңа жұмыс орыны ашылмақ.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар