Техникаларды жаңарту табысқа жетелейді
«Еге білсең, егін тасқа да бітеді» деген кешегілерден қалған өсиетті ұстанған диқандар биыл да дала төсінде дамылсыз тер төкті. Шаруалар жердің жайын, егіннің бабын білгенмен, вегетациялық кезеңде ағын су тапшылығының салдарынан кейбір алқаптағы дақылдар күйіп кетті. Осыған орай облыстың бірқатар аудандарында төтенше жағдай жарияланып, шығынға батқан шаруаларға қазіргі таңда өтемақы төленуде. Әрине, егіні бітік шыққандар да жоқ емес. Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының мәселелері облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте талқыланды. Кеңес отырысында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков баяндама жасады. Оның айтуынша, осы жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдері 535,7 миллиард теңге көлемінде 93,1 пайыз деңгейде орындалады деп күтілген. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 316,3 миллиард теңгеге, мал шаруашылығы 219,3 миллиард теңгеге жеткен. Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары облыста 762,5 мың гектар алқапқа егілген.
Тарқатып айтсақ, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 407,3 мың, майлы дақылдар – 65,6 мың, қант қызылшасы – 10,9 мың, картоп 11,4 мың гектарға себілген. Сондай-ақ, көкөніс дақылдары 43,1 мың, бақша дақылдары – 16,7 мың, мал азығы дақылдары 207,6 мың гектарды құраған. Алайда, ауа райының қолайсыздығынан және ағын судың жетіспеушілігінің салдарынан жалпы 15,1 мың гектар алқап жарамсыздыққа ұшыраған.
– Биыл егілген 386,1 мың гектар дәнді-масақты дақылдардың 5,9 мың гектар алқабы күйіп кетті. Нақтырақ айтқанда, Т.Рысқұлов ауданында 5 мың 349 гектар, Сарысуда 530 гектар жарамсыз болып қалды. Ал, 380,3 мың гектар алқаптың егіні орылып, барлығы 363,2 мың тонна дән бастырылды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының бункерлік салмақта орташа өнімділігі гектарына 9,6 центнерді құрады. Сонымен қатар, 11,4 мың гектар картоп дақылының 24,5 гектар алқабы жарамай қалса, қалған 10,3 мың гектары түгелдей, яғни жүз пайыз жиналды. Нәтижесінде, өнімділігі 226,8 центнерден айналып, барлығы 257,2 мың тонна өнім алынды. Ал, 43,1 мың гектар көкөніс дақылдарының 161 гектар алқабы жарамсыздыққа ұшырағанымен, 42,9 мың гектардың өнімі түгел жиналды. Осылайша орташа өнімділігі гектарына 275 центнерді құрайтын 1 181,4 мың тонна өнімге қол жеткіздік. Осы жылдың өніміне егілген 10,9 мың гектар қант қызылшасы дақылының табиғи қолайсыздыққа байланысты 6,2 мың гектары жарамсыздыққа ұшырады. Нақтылап өтсек, Байзақ ауданында 756 гектар болса, Жамбылда – 849, Жуалыда – 14, Қордайда – 332, Меркіде – 1334, 6, Т. Рысқұловта – 439,6, Таласта – 62 және Шуда 2432 гектар алқап жарамай қалды. Нәтижесінде 4,6 мың гектар қант қызылшасының 2,5 мың гектардан астамы жиналды. Бұл көрсеткіш 53,9 пайызды құрап отыр. Қант қызылшасы бойынша барлығы 119,8 мың тонна өнім алынып, оның 114,1 мың тоннадан астамы қант зауытына өткізілді, – деді Нұрби Рахметханұлы.
Сондай-ақ, басқарма басшысы 2023-2024 жылғы мал қыстату науқанына облыс бойынша 2,6 миллион тонна мал азығын дайындау жоспарланып, қазіргі таңда бұл жұмыстар толығымен аяқталғанын мәлімдеді. Ал, күзгі дала жұмыстарына барлығы 10063 техника жұмылдырылған. Егін жинау жұмыстарына 15,7 мың тонна дизель отыны бөлініп, әрбір литрінің бағасы 250 теңгені құрапты. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 5,1 мың тоннасы таратылған. Сондай-ақ, келесі жылдың өнімі үшін 161,5 мың гектар алқапқа күздік дақылдар егу жоспарланып, 161,6 мың гектар орналастырылған. Келесі жылдың өніміне 310,4 мың гектар сүдігер жыртылған. Оның ішінде қант қызылшасы дақылының үлесі 1,6 мың гектарды құрап отыр.
Баяндамашының есебі тыңдалғаннан соң облыс әкімі шығынға батқан шаруаларға арналған қаржы өз мақсатында жұмсалуын қадағалауды тапсырды.
– Ең маңызды мәселелердің бірі – су тапшылығына байланысты шаруаларға берілетін өтемақыны қатаң бақылауда ұстау. Төтенше жағдай жарияланып, фермерлер үшін арнайы бөлініп отырған қаражат қажет жанға жеткені жөн. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі техникаларды жаңарту қажет. Әсіресе, көкөніс сақтайтын қоймалар мәселесіне мән берген жөн, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ, өңір басшысы жергілікті жердегі мәселелерді дер кезінде сол жердің әкімі шешу керектігін айтып, ауылдық округ, аудан әкімдерінің жұмысындағы шикілікті қатаң сынға алды.
– Облыс әкімі болып тағайындалғалы тұрғындармен жиі кездесу өткізіп жүрмін. Сонда ауданның, тіпті алыс елді мекендердегі ауыл тұрғындары келіп, мәселесін шешіп беруімді өтінеді. Неліктен өз жергілікті жердегі әкімге бармайтынын сұрасам, «қабылдамайды» деп жауап береді. Сонда аудан, ауыл әкімдері бір тұрғынның мәселесін шешіп бере алмаса, несіне басшы болып отыр? Бұл дұрыс емес. Тұрғындардың мәселесін шешуді дұрыстап қолға алыңыздар, – деген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға өз міндеттеріне салғырт қарамауды ескертті.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді