«Көзіңді қайтем, қарайтын маған ұрлана...»
Ғашықтық сезімді бастан кешіріп, махаббаттың машақатына түспеген, сүйгеніне қолы жетпесе де сезімін өлеңіне немесе әңгімесіне арқау етпеген ақын, жазушылар жоқ шығар, сірә. Тыңдаған сайын бойыңды балқытып, қиялыңды шалқытатын әсем, әуезді әндер болады. Ал, құлақтың құрышын қандыратын мұндай әндерді тыңдағанның үстіне тыңдай бергің келеді.
Бүгінгі мақаламызға белгілі ақын Серік Томановтың «Сезімді қайтем, тулаған» атты әні арқау болмақ. Бұл тамаша туындыға ән жазған композитор – Сәрсенбек Бәкір.
Ақын Серік Томанов 1956 жылы Талас ауданы, Жданов атындағы кеңшарда дүниеге келген. Еңбек жолын «Ленин жолы», қазіргі «Талас тынысы» газетінің редакциясында бастаған. Оның алғашқы өлеңдері де осында жарияланған екен.
Сыршыл ақын, қарымды қаламгер 2003 жылы 47 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Айта кету керек, ақынның алғашқы жыр жинағы 2000 жылы «Адасып жүрген ақбөкен едім» деген атпен жарық көрген. Сонымен қатар, оның «Аққулар», «Қызыл көйлек киген қыз», «Сатушы қыз», «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем, тулаған» атты өлеңдеріне сазгерлер ән жазған. Қарап отырсаң, 2000-шы жылдардан бері қарай шыққан өлеңдерінің барлығы жұрт жүрегіндегі, ел аузындағы хит әндерге айналған. Нағыз қазақ сахнасындағы әуезді де әсем әндер нақ осындай болса керек. Қалай десек те, бұрынғы әндердің жөні бөлек қой, шіркін!
Ал, қазіргі жастардың тыңдап жүрген әндеріне, орындаушысына аға буын өкілдерінің көңілі тола бермейтіні ақиқат. Өлеңнің сөздерін былай қойғанда, әнші де сахна мәдениетін білмейді деп налитындар да бар. Алайда, жастардың көбі осындай ессіз әндерді тыңдайтыны өкінішті-ақ.
«Сезімді қайтем, тулаған» әнін нақышына келтіріп, құлақтың құрышын қандыра алғаш рет «Нұр-Мұқасан» дуэті орындаған болатын. Сонымен бірге, сырға толы бұл ән тыңдарманның жүрегінен орын алып, хит әндердің қатарынан көрінгені ақиқат.
Баяу ырғақты тамаша туындыны есті тыңдарман әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Өйткені, әннің мәтіні мен музыкасының үйлесім тапқаны соншалық, еріксіз беймәлім әлемге алып кетердей әсер қалдырады.
Енді өлең сөздеріне назар аударып көрелікші.
«Көзіңді қайтем, қарайтын маған ұрлана,
Сөзіңді қайтем, сиқырлы сазды думан ән.
Төзімді қойшы, таусылар сені күтуден,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған», – деп жырлаған, ғашықтық сезімге толы өлең шумақтарының әр тармағы жаныңды елжіретіп қоя береді. Алайда, есті әннің қандай аруға арналғаны туралы ешбір дерек жоқ.
Кейін өзге де әншілер сыршыл шығарманы нақышына келтіріп шырқап, әуезді туындыға екінші өмір сыйлағанын көріп жүрміз.
Қалай десек те, айтары бар әннің ғұмыры келте болмайтыны белгілі. Өйткені, ол мезеттік мелодия мен сәттік иллюзияның жемісі емес. Есті әннің өз тағдыры.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Өңірде Кіші Қаратау геопаркі құрылады
- Бүгін, 11:44
Қазадан да қазақы мән кетіп барады...
- Бүгін, 11:20
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді