Отандық ғылым – олжалы өнертабыстың өзегі
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ғылым мен бизнесті интеграциялау бойынша «Жамбыл облысындағы ғылым мен кәсіпкерлікті интеграциялау мүмкіндіктері» атты форум ұйымдастырылды. Облыс кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен форумның аясында бизнес пен ғылымның байланысын нығайту мәселесі жан-жақты талқыланды. Форумның мақсаты–гранттық қаржыландыру аясында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын университет ғалымдары мен өңір кәсіпкерлерімен бірлесіп жүзеге асыруға ықпал ету.
Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым қоры» АҚ инвестициялар және жаңа жобалар бойынша департаментінің директоры Құрманғазы Омаров және бас менеджері Юлия Вяткинаның қатысуымен өтті. Іс-шараның алғашқы күнгі кездесуіне оқу ордасының ғылыми қызметкерлері қатысса, екінші күні облыс кәсіпкерлері, банк директорлары, компания басшылары қатысты.
Форумда Құрманғазы Құралұлы ғалымдардың ғылыми жұмысын коммерцияландыруда өзекті мәселелер туралы айтып берді. Жыл сайын ғылым саласына мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемі артып келетінін айтқан департамент директоры ғалымдар тарапынан үздіксіз ізденіс пен белсенділік керегін баса айтты. Технологияларды коммерцияландыру грантына өтінімді дайындау, ғылым мен бизнесті біріктіру мүмкіндіктері тақырыбында ақпарат берді.
Форум аясында оффлайн-питч ұйымдастырылып, ішкі конкурсқа қатысқан ғалымдардың ғылыми әзірлемелері таныстырылды.
Бизнес өкілдері мен ғалымдар бас қосқан жиында университет ректоры Мұхтар Байжұманов форумның маңыздылығына тоқталып, бұл басқосу ғалымдар үшін жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Қойшыбекқызы бизнес идеяларды қаржыландыруда атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. 2,5 пайызбен бизнесті дамытуға несие берілетінін жеткізді. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айбар Әбдіқадыров инновациялық идеяларды қаржыландыруда кездесетін кедергілерге тоқт а лды. Қаржыландыру көлемі аз болғандықтан, инновациялық идеяларды жүзеге асыру көрсеткіші төмендігін атап өтті.
Құрманғазы Омаров ғылым мен бизнесті байланыстыру мақсатында ұйымдастырылған жиын ғалымдар үшін пайдалы боларына сенім білдірді.
– Дулати университеті ғалымдарының потенциалы жоғары. Екі күндік форум аясында біраз мәселе талқыланды. Экономикасы дамыған мықты елдердің қатарына қосылуда ғылым жетекші рөл ойнайды. Біздің қор отандық ғалымдарымыздың жобаларын, өнертабыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Басты мақсатымыз – гранттық қаржыландырудың қолжетімді екенін көрсету, – деген Құрманғазы Құралұлы гранттық қаржыландырудың талаптарын айтып берді. Бір жобаны 350 миллион теңге көлемінде қаржыландыратын мүмкіндік бұған дейін болмағанын және осы мүмкіндікті сәтті пайдалану керегін жеткізді. Ғалымдар мен бизнес өкілдерін игі іске белсенді атсалысуға шақырды.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ғұламалар ғибратының тағылым ошағы
- 4 қазан, 2024
Жаңа оқу ордасы: жоспар және міндет
- 23 қыркүйек, 2024
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді