«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құс өсіру – қолайлы кәсіп

Құс өсіру – қолайлы кәсіп
ашық дереккөз
Құс өсіру – қолайлы кәсіп
Тараз қаласы мен аудандағы жәрмеңкеге тұрақты қатысып, құс өнімін халыққа қолжетімді бағада ұсынып келе жатқан кәсіпкердің бірі – Айнагүл Ахмадбекова. Оның бұл кәсіппен айналысқанына жиырма жылдан асты. Бастапқыда, дәлірек айтсақ, тоқсаныншы жылдары Айнагүл отбасымен базар жағалап, саудамен айналысыпты. Дегенмен, саудада табыс тұрақты болмайды, бірде олай, бірде былай. Сондықтан, ол тұрақты бір кәсіптің көзін табуға әрекеттенеді. Таңдауы үй құстарын өсіріп, сатуға түседі. Құстың бабын келтіруді енесі Мәриядан үйренген еді. Телефон операторы болып істейтін енесі жұмыртқа бастырып, балапан аштырып, оны жылы жерде ұстап, жас баладай мәпелеп күтетін. Айнагүл бұл кәсіпті 40 күркетауықтан бастап, одан балапан аштырып шығарады. Балапандарды бір-екі апта енесінің бауырына салып, буынын қатайтып алғаннан кейін базарға шығаратын. Балапанның ашып шыққан уақытына қарай, бағалары да әртүрлі болып белгіленеді. Біраз жыл осылай жұмыс істейді. Ал, аяққа тұрғаннан кейін қаз-үйректер, етті бройлер тауықтарын асырауға көшеді. Кәсіпкер құстарды әбден өсіріп, дене тұрқы ірі болғанда, сойып сататын. Үй іргесінен құсқа арнап жылы қоражай салып, құс санын 2 мыңға дейін жеткізеді. Үй жағдайында құс өсіруді әбден меңгеріп алғаннан кейін Айнагүл енді кәсібін кеңейтуді ниет еткен еді. Осы мақсатпен ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бастау Бизнес» курсында білімін жетілдіріп, кәсіп жүргізудің қыры мен сырын үйреніп шығады. Курс нәтижесінде қайтарымсыз грантқа ие болып, балапан басып шығаратын инкубациялық аппарат сатып алады. – Төрт түлiк малға қарағанда құс өсiру әлдеқайда жеңiл. Оған қоса көп шығынды қажет етпейді. Жалпы күркетауық көп бап талғамайды. Оны басқа үй құстарынан жеке ұстап, бөлек күтімге алған дұрыс. Себебі, олардың тұрқы ірі болып келеді. Әдетте, құс жеке тауық қорада бағылады, емін-еркін өсіп жетілуі үшін екі күркетауыққа шамамен бір шаршы метр жер қажет. Қораның берік те бітеу болғанын ескерген жөн. Ең тәуекелді тұс балапан ашып шыққан соң басталады. Оны жұрт түйетауық деп те бекер атамаса керек, түйедей маң-маң басып жүрiп, аңдамай балапанын аяғымен мыжып кетiп, өлтiрiп қояды. Осы кезде сақ болу керек. Балапандар екі аптада тырбанып, аяққа тұрып кетедi, – дейді ол. Кәсіпкер нарықтағы жағдайды, құстардың, жем-шөп пен азықтарының бағасын тұрақты назарда ұстап отырады. Құстардың артығын балапандай базарға шығарып, өткеріп отырады. Тіптен тапсырыс болып жатса, сойып, қалаға да жөнелтіп жатады. Тауықтың қауырсынын жұлуға жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді тартуда. Айнагүл ауыл сыртынан жер алып, шағын құс фермасын салуға бел буған еді. Өткен жылы ол екінші деңгейлі қаржы ұйымдарынан 3 миллион теңге несие алып, шағын құс фермасының іргетасын қалап та қойды. Жаңа құс фабрикасына апаратын жолға жергілікті аудан басшылығы шағал тас төсеп, жол салып берген. «Адам баласы қандай қиындық көрсе де, тек алға ұмтылғанда ғана көздеген мақсатына жете алады. Алдына биік талап пен мақсат қоя білген адам ғана барлық тұрмыс тауқыметін жеңіп шығады. Адамды еңбек қана табысқа жетелеп, несібесін арттырады», – дейді Айнагүл. Бастаған ісін аяғына дейін апару кәсіпкердің басты мақсаты. Асырай білгенге құсты да табыс көзіне айналдыруға болатынын ол еңбегімен дәлелдей білді. Енді қолға алған құс фабрикасын биыл салып бітіп, кәсібін дөңгелетеріне ол сенімді.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар