«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел дамуына елеулі үлес

Ел дамуына елеулі үлес
ашық дереккөз
Ел дамуына елеулі үлес
Жеке кәсібін ашып, тың өндірісті қолға алған жамбылдық Мырзабек Қошманов шағын цехында сабын шығаруда. Көлқайнар ауылында тұратын Мырзабек теміржол саласынан зейнеткерлікке шыққан бетте жеке кәсіпті қолға алыпты. Алпысты еңсерген ол жаңа кәсіпті бастау үшін әуелі немерелерінен әлеуметтік желіні меңгеруіне тура келіпті. Сөйтіп барып өзіне қажетті, қолынан келетін кәсіп түрін жан-жақты зерттеп барып іске кіріскен. Бүгінде ол жаңа бастаған кәсібіне «Қазақия» деп ат қойған. – Мен мемлекеттің әр бастамасын қолдаймын. Еліміз қарыштап дамуы қажет. Сол арқылы біз ұрпаққа жарқын болашақ сыйлаймыз, мүмкіндігі мол елде еркін, азат өмір сүруді ұғындырамыз. Бірақ мен әрқашан өткен тарихқа көз жүгіртіп отырамын. Осы жетістікке жетудегі ата-бабамыздың басынан өткізген әрбір қиын сәттерін бағалаймын, құрметтеймін. Қазақстан азаматы ретінде бас иемін! Тарихқа тағзым етуді өсіріп отырған ұл-қызыма, немерелеріме үнемі айтып, насихаттап жүремін. Осы мақсатта өз кәсібіме де ескіліктің бір сарқыншағын қосу үшін «Қазақия» деп атауды жөн санадым, – дейді ол. Цехтың іші шағын ғана. Бір жағынан отбасылық бизнес десек те болады. Тазалау, сабын шығару жұмыстарына ақсақал мен оның жұбайы әбден бейімделіп алған. Күнара ұл-қыздары келіп, қолғабыс етіп отырады. Мұндағы құрал-жабдықты Өзбекстан Республикасынан 2,5 миллион теңгеге сатып алған. Онысы көп те орынды алып тұрған жоқ. Осы шағын құрал-жабдықтың арқасында 700 килограмм сабын шығаруда. Кәсіпкер өнімін облыс орталығындағы ірі сауда нүктелеріне төмен бағада өткеріп отыр. Ал, цехтан арнайы келіп алып кететін тұтынушылар да бар екен. – Кішкене зат жасасаң да ол соған лайықты, сапалы болуы керек. Сонда ғана еңбегіңнің жемісін, нәтижесін көресің. Сапасыз іспен ұзаққа бармайсың. Мен өз ісімде бірінші сапаға мән беремін. Халықты алдап, мен арманыма қол жеткізе алмаспын. Сондықтан да жасап жатқан өнімім берекелі болсын деп таза, сапалы өнім молынан қосамын. Әрине, шикізат өзін ұстап тұруы үшін де аз мөлшерде қоспа қосамын, – дейді Мырзабек Қошманов. Тың кәсіптің иесі алдағы уақытта жаңа құрал-жабдықтар алып, иіс сабын мен кір жуу ұнтағын шығаруды жоспарлап жүр екен.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар