«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мақсатына жеткен жан

Мақсатына жеткен жан
ашық дереккөз
Мақсатына жеткен жан
Бүгінде жеке кәсібін ашып, шаруасын дөңгелеткісі келетіндер аз емес. Әсіресе, кәсіпкерлікке ден қойғандардың қатарында көпбалалы аналар көп. Олар ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрімізді өздері жасаған бұйымдар арқылы көпке жан- жақты танытып, жарнамалап келеді. Соның бірі – Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Дариға Өтепова. Ол осыдан он бір-он екі жыл бұрын «Айдана» базарынан сауда орнын жалға алып, «Өтепова Дариға» атты тігін цехын ашқан болатын. Онда ол киімді қайта қалпына келтіру ісімен айналысты. – Мен құрақ құрау, көрпе тігуді әжем Айкүмістен үйрендім. Әжем қолөнер шебері болатын. Мені кішкентайымнан осы өнерге баулыды. Жанында отырып жүн түттім, кесте тіктім, алғашқы қадамым осылай басталып, мектеп бітірген соң тігінші мамандығын алуға ұмтылдым. Бүгінде осы мамандық иесі атанғаныма өкінбеймін. Тігіншіліктің арқасында кәсіп ашып, елге өз қызметімді ұсынып, көптің көңілінен шығып жүрмін, – дейді кәсіпкер. Дариға Аллабергенқызы 1993 жылы Хорезмдегі №3 кәсіптік- техникалық училищесін тігінші мамандығы бойынша тәмамдап, мамандығы бойынша сондағы тігін цехында бірнеше жыл жұмыс істейді. Кәсіпкерлікке бет бұрғанға дейін үйде әжесі екеуі тапсырыс қабылдап, киім және қыз жасауын тігеді. 2004 жылы жары Рәшит Досымовпен бірге ұл-қызын ертіп атажұртқа оралады. Көктөбе ауылынан тұрғын үй сатып алады. Жаңа орынға келген соң да тігіншілігімен көрші-қолаңға танылып, үйде тапсырыс алып жұмыс істейді. Қыз жасауы, құрақ құрау, көрпе тігумен қатар жұрттың сұранысымен ұлттық киім, мектеп формасын тігеді. Жағдайлары біршама түзелген соң Бауыржан Момышұлы ауылына көшіп келеді. Мұнда да сүйікті ісін жалғастырады. Осы арада өз кәсібін ашуға талаптанып, «Айдана» базарынан орын алды. Жаңа орында тапсырыс берушілер қатары да арта түседі. Киімді қалпына келтіру ісімен ғана айналыспай, басқа да дүниелерді тігіп, жұрт назарына ұсынуды ойлаған оған сол сәтте мол қаржы керек болды. Сол мақсатпен ол 2013 жылы аудан әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалынан төмен пайызбен төрт жылға 700 мың теңге несие алады. Керек-жарағын алып, жұмысқа бел шеше кіріседі. Аталған несиені табанды еңбегінің нәтижесінде бір жарым жылда жабады. Одан кейін Дариға бұдан да көбірек несие алу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» тағы өтінім білдірген еді. Бұл жолы банк оның төлеу қабілетін ескеріп, клиентіне несие қоры ұзақ мерзімге төмен пайызбен бес миллион теңге берді. Мемлекет қолдауының нәтижесінде бүгінгі таңда заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған тігін машиналарын алып, жұмыс қарқынын арттырып отыр. Қарамағында бірнеше қыз- келіншек жұмыс істейді. Осылайша, ол алты адамды тұрақты жұмыспен қамтып, аудандағы жұмыссыздар санының аз да болса азаюына үлесін қосып отырған жайы бар. Сонымен бірге кәсіпкер сауда нүктесінде жалға ұлттық және жаңа жыл, басқа да мерекелерге арналған киімдер береді. Ал, жұмысшыларының табысы жұмыстың көлеміне байланысты. – Несие алып жұмыс жасауға бастапқыда қорықтым. Мақсатқа қол жеткізу үшін несие алуға бекіндім. Соның нәтижесінде жұмысым жүріп, тірлігім алға басты. Алғашқы несиеден тез құтылған соң, кәсіпкерлігімді кеңейте түскім келді. Сөйтіп, қайтара несие алуға бекіндім. Алған несиеме құрал-жабдықтарымды жаңарттым. Қажетті маталар алдым. Ал, өзім сияқты кәсіпкерлікті бастауға бет бұрған әйелдерге айтарым, қорықпау керек. Ерінбей еңбектенсең мақсатыңа жетерің анық, – дейді кәсіпкер.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар