«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Майдангерлердің мерейі өсті

Майдангерлердің мерейі өсті
ашық дереккөз
Майдангерлердің мерейі өсті

Оларға Елбасының құттықтау хаты мен сыйлығы табысталды

Күні кеше Елбасы жолдаған жаңажылдық құттықтау хатты Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров қаладағы бес майдангердің шаңырағына бас сұғып, Елбасы аманатын жеткізді. Олардың қатарында ардагерлер Анна Беляева, Садыбек Егембердиев, Мұсахан Бердібаев, Мүтәліп Ережепбаев, Мұхан Бужиковтар бар. * * * Дәл осы күні Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев те үш ардагердің отбасында болып, Елбасының құттықтау хатын табыстады. Ең бірінші Қызыл жұлдыз ауылында тұратын ардагер Үсен Тоғаевтың шаңырағына бас сұқты. «Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагері! Сізді Отан соғысының жеңісті аяқталғанына 70 жыл толған жаңа 2015 жылмен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің замандастарыңыздың соғыстағы ерліктері мен бейбіт жылдардағы еңбектері, сондай-ақ ел Тәуелсіздігін нығайтуға қосқан үлесі шын мәнінде елге мұра, ұрпаққа өнеге. Алдағы Ұлы Жеңіс мерекесін есендікте көруге жазсын. Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ та бақытты ғұмыр, әулетіңізге амандық және игіліктер тілеймін», – делінген құттықтау хатта. Өз кезегінде қария аудан әкімі бастаған топтың елеп келгендеріне марқайып, Елбасымызға денсаулық тіледі. Мұнан соң ардагер Базарбай Қалдыбаев қарияны құттықтауға Үлгілі ауылындағы шаңырағына кірді. Аудан басшысы құттықтау хатты, сыйлықты ардагерге жеткізді. Сарыкемерлік ардагер Иманқұл Жақсығұлов қария құттықтау хатты қолына алған соң Жақаш ауылындағы үйіне газ кіргізіп беруді сұрады. Аудан әкімі ауылға газ тартылса ең бірінші кезекте ардагердің үйіне көгілдір отынды кіргізіп беруге уәдесін берді.

* * * Т.Рысқұлов ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов та өз кезегінде аудандағы төрт Ұлы Отан соғысының ардагеріне Елбасының құттықтауы мен сыйлығын өз қолымен апарып табыстады. Тоқсаннан асқан Мамыртай Қойбақовтың шаңырағына соққан ол майдангер қартты келе жатқан Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығымен және Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, Елбасының аманатын ұсынды. – Құрметті майдангер ата, сізді келе жатқан Жаңа жылыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Алдымыздағы жыл еліміз үшін мерекеге толы жыл болмақ. Соның ішінде Жеңістің жетпіс жылдығы да ерекше аталып өтіледі. Осы тұрғыда, сол жеңіске үлес қосқан өзіңіздей ардагерлерге Елбасымыз арнайы ыстық ықыласын, құттықтау хаттарын жолдаған еді. Елбасының, облыс басшылығы атынан біз де сіздің мерекеңіздің берекелі болуын тілей келіп отырмыз, – деді Ж.Айтақов. Бұдан өзге Жахан Мырзахметов, көгершіндік Игенбек Құрбанов, жаңатұрмыстық Әбен Тастанов секілді үш ардагердің шаңырағында болған аудан басшысы бүгінгі таңда ауданда он төрт ардагер өмір сүріп жатқандығын, оларға басшылық тарапынан ұдайы қамқорлық жасалып отыратынын тілге тиек етті. * * * Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев те жуалылық майдангерлер Елеш Үсембаев, Николай Лебединская, Әбдікерім Жолдасовтардың шаңырағында болып, ел Президентінің аманатын табыстады. Б. Құлекеев қазіргі таңда ауданда сегіз майдангер бар екендігін жеткізді. Аудан басшысының айтуынша, мереке қарсаңында ардагерлер жергілікті басшылық назарынан тыс қалмай, оларға да тиісінше сый-сияпаттар жасалады екен.

Қанат Тілепберген, Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар