Сапалы білім алудың негізгі құралы

Сапалы білім алудың негізгі құралы
ашық дереккөз
Сапалы білім алудың негізгі құралы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауында: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан, білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» деп, жас буынның оқуы мен білім алуына баса назар аударған еді. Бүгінгі күннің басты талаптарының бірі – жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру. Ал, сапалы білім алудың негізгі құралы – кітап. Осыған орай өңірдегі кітапханалардың ішкі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында бірнеше рухани нысандарға барған едік. Аймақта облыстық дәрежедегі 3 кітапхана бар. Атап айтқанда, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы және Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен баспасөз турымыз әуелі облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасынан басталды. Екі мыңға жуық оқырман тіркелген рухани қазынаға толы мекемеде 40581 кітап қоры бар. Оның 19600- ден астамы қазақ тіліндегі кітаптар. Сондай-ақ, 7000-нан аса аудиокітап бар. Бұл кітапхана жан-жақты қызмет көрсету бойынша зағип азаматтарға, олардың отбасы мүшелеріне және басқа санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандарға ұлттық рухани құндылықтар мен әлем мәдениетін тарату, білім беру, бос уақытын тиімді өткізу орталығына айналған. 1969 жылы Шу қаласындағы арнайы кітапхананы қысқарта отырып Тараз қаласының орталығынан ашылған рухани нысанда бүгінде 24 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 17 кітапханашының бесеуі мүгедектігі бар қызметкер. Кітапхана ұжымы облыстық жастар саясаты басқармасымен зағиптарға көмектесетін еріктілерді тарту үшін келісімшартқа отырған. Қызметкерлер өз еркімен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созамын деген жастарға зағиптармен сөйлесу, олармен дұрыс қарым-қатынас құру туралы семинарлар өткізген. Бүгінде ерекше жандарға жәрдемдесуді үйренген еріктілер рухани мекеме ұйымдастырған іс-шараларда бірге жұмыс істейді. Сонымен қатар, кітапханадан алыста тұратын зағип оқырмандарды кітаппен қамтамасыз ету мақсатында 10 аудандық орталық кітапхананың қызмет көрсету бөлімдерімен жұмыс атқарады. Рухани нысан дені сау азаматтармен қатар, зағип жандарға да қызмет көрсететін орын болғандықтан, кітап беру, оқыту, брайль қарпіндегі кітаптарды ұсынумен ғана шектелмейді. Мұнда бүгінде 13 жоба бойынша жұмыс жасайды. Кітапхана басшысы Жанна Алшынбаева мен қызметкерлер мекеменің тыныс-тіршілігімен, оқырмандарға қызмет көрсету жұмысымен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобалармен таныстырды. Атап айтқанда, алғаш рет еліміз бойынша облысымызда бастау алған, зағип жандар барлық мұражай жәдігерлерін қолмен ұстап, сезіну үшін – «Тифломузей» жобасы. Одан кейін азық-түлікті дұрыс таңдауды, балғындығы мен сапасын анықтауды, ас пісіруді үйрететін – «Тифлоасхана», зағиптардың күнделікті туындаған сұрақтарына дәрігер, жұмыспен қамту мамандарын, банк қызметкерлерін кітапханаға шақырып, тегін кеңестер алатын – «Kenes Time», фильм көру барысында сюжеттерді тифлокомментарий арқылы естіп, білуге мүмкіндік беретін – «Шексіз кино әлемі», күнделікті тұрмыста өрт шықпауын, ас үй құралдарын дұрыс пайдалануды, медицина қызметкерлерін қалай шақыру керек, төтенше жағдай туындаған кезде дүрлікпеу, жолда жүру ережелерін түсіндіру, зағип азаматтардың қауіпсіздігі туралы – «Қауіпсіздікті сақтайық», қаладағы тарихи жерлерге барып аудиогид арқылы танысуға мүмкіндік беретін «Izi. Travel» және одан бөлек «Тифлоэкскурсия», «Инклюзия және театр», «Балалардан – балаларға», «Үй тапсырмасы», «Кітапхана TV», «Ерекше балаларға – ерекше кітаптар», «Book FM» жобалары. Бұл бағдарламаның барлығы зағип азаматтардың қоғамда дені сау адамдармен тең дәрежеде өмір сүруіне, қоршаған ортадан тысқары қалмауына, қалыптасуына, ой-өрісінің дамуына ықпал етеді. Одан кейін мүмкіндігі шектеулі болса да тефлоредактор қызметін атқарып жүрген Ербол Бегимов компьютермен және механикалық машинкамен брайль қарпінде кітап басып шығару жолдарын көрсетті. Кітапхананың көрме залында ерекше оқырмандар әрбір затты қолмен ұстап, сезініп оқу, мағлұмат алу үшін тактильді кітап, портрет, макеттер қойылған. Барлық мүсіндер, тіпті бөлмеде өсіп тұрған гүлдер туралы ақпараттарды QR код арқылы аудио нұсқасын тыңдауға болады. Биыл аталған рухани орын Шерхан Мұртазаның «Ауылды, сені сағынам…» атты жарияланбаған хаттары бойынша әзірленген брайль кітаптарының тұсаукесер рәсімін ұйымдастырып, зағиптар мектебі мен халық жазушысының атындағы руханият және тарихтану орталығына табыстаған. Баспасөз турымыздың келесі нысаны – Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы. 1958 жылы 4 маманмен 3 мыңдай кітап қорымен жеке үйде ашылған рухани қазынаға толы мекемеге 2017 жылы Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілген. Бүгінде 108311 кітап қоры бар кітапхананың оқырман саны жылына 10800-ден асады. Ал, келушілер саны 87 мың. Рухани нысан қызметкерлері баланың оқуға деген қызығушылығын арттыратын заманауи кітаптармен таныстырды. Мысалы, арнайы қосымшасын ұялы телефонға жүктеп, шынайы бейнесін 4Д форматта көруге мүмкіндік беретін ғылыми, анатомия, астрономия сынды әртүрлі салалық тақырыптардағы кітаптар, 50 ертегі жинақталған «Киіз үй» аудиокітабы, «Даналық әліппесі» қалам-кітап, бала оқып, одан кейін видеосын көру арқылы толық ақпарат алатын QR коды бар оқулықтар жас оқырмандардың сұранысы бойынша алынған. Балалар мен жасөспірімдер кітапханасы болғандықтан, мұнда жас жеткіншектерге арналған бірнеше жоба бар. Мәселен, бала тілінің кішкентай кезінен дұрыс, анық шығуы маңызды. Бүлдіршіннің тілінде болатын кемістіктерді анықтайтын логопедтің бір сағаты 4000 теңге тұрса, бұл кітапханада сол маманның кеңесін тегін алуға болады. Басшылық пен қызметкерлердің ұйымдастыруымен ата-ана ұл-қыздарының сөйлеу, дыбыс шығарудағы қателіктерін логопедтің көмегімен анықтап, қандай жаттығу жасау керек, қандай кітап оқыту керек туралы ақпарат ала алады. Одан кейін «Емханадағы рухани терапия» жобасы бойынша кітапхана ұжымы қаладағы көптеген аурухана бас дәрігерлерімен келісімшарт жасасып, кітаптармен алмасады. Балалармен жұмыс жасауға арнайы медбике тағайындалып, оларға викторина, шолулар өткізеді. Балдырғандар кітаптармен танысып, оқып болған соң, 10-15 күннен кейін балалар кітапханасы басқа кітаптарды береді. Мүмкіндігі шектеулі балалармен де осындай жұмыс жүргізіледі. Ал, «Үлкенге 100 сұрақ» онлайн жобасында жас жеткіншектер белгілі тұлғаларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алады. Сондай-ақ, қазіргі маңызды мәселенің бірі – көп жеткіншек қандай мамандық таңдау керек екенін білмейді не болмаса өзі қаламаған оқуға түсіп, кейін мамандық бойынша жұмыс істемейді. Осы мақсатта кітапхана ұжымы «Болашаққа жаңа оқу орындарымен» жобасын ұйымдастырған. Бұл бағдарламада психолог маман да балалармен бірге жұмыс жасап, дұрыс таңдау жасауына көмектеседі. Республикадағы барлық жоғары оқу орындарымен Zoom платформасында кездесулер өткізіп, университеттерде қандай мамандық, қанша факультет бар екендігінен, жатақханасы туралы оқушыларға онлайн ақпарат береді. Бұл жоба қалалық мектептерде сұранысқа ие болғандықтан, білім ошақтары кітапхана ұжымына өздерінде өткізуге ұсыныс айтады екен. Одан кейін «Кітапхана-гувернер» жобасы бойынша бүлдіршіндер кітапханада оқып, ойнап, мультфильм көріп, кешке дейін жүруіне болады. Бұл жұмысбасты ата-аналар үшін де тиімді. Осы бағдарлама бойынша мектеп оқушылары да келеді. Кітапханашы қажетті оқулықтарын тауып беріп, үй тапсырмаларын орындауға көмектеседі. Сонымен қатар, аудан, ауылдардан да кішкентай оқырмандар көлік жалдап келіп, кітапханада экскурсия жүргізеді. Рухани қазынаға толы мекемеде тек балалар емес, зейнеткер, мұғалім, студенттерге арналған кітап қоры жетерлік. Айта кететіні, биыл аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері атындағы кітапхананың құрылғанына – 65 жыл толды.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар