Әділеттілік жоқ жерде мейірімділік болмайды

Әділеттілік жоқ жерде мейірімділік болмайды
ашық дереккөз
Әділеттілік жоқ жерде мейірімділік болмайды
Қазір жұрттың пікірі сан алуан, қисынды не қиғаш, өзгерістерді қабылдауы да әрқилы. Бұл ескі Қазақстан мен жаңа Қазақстанның арасындағы тайталасты айырмашылықты көрсетеді не болмаса олай емес, уақыт ағымында белгілі бір кезеңдердің ерекшеліктері деуге де келмейді. Сонда бұл қандай жағдайды көзге елестетеді? Біздіңше, алдағы күнге сенім мен үміттің жүзеге асуын күту кезіндегі қарбалас, ішкі сезімдердің сыртқа шығуынан жақсылықтарды көруге ұмтылу кезіндегі көзқарастардың тоқайласуы. Алдағы күндерде ел дамуы қандай болмақ? Ескі жүйенің зардаптары мен кедергілерін жою жұмыстарының пәрмені қалай болып жатыр? Бәрінен де бұрын шетелге заңсыз шығарылған орасан байлықтар, телегей-теңіз активтерді кері қайтару нәтижелі ме? Ескі жүйенің билеуші топтарының арқасында әбден байып алған белгілі тұлғалар мен «еркешоралардың» түк болмағандай еркін жүріп жатқаны, олардың қоғамға келтірген залалы мен зұлым қиянаттарына, күмәнді әрекеттеріне қалайша көз жұмып, төзіммен қарауымыз керек?! Реніш те бар болуы мүмкін. Міне, осындай жауапты шақта «қоғам қатыгезденіп барады» дейді. Ол рас болса, онда өмірдің күрделене түскенін көрсетеді. Мамыражай жағдайдың жауапкершілігін аңғартатын секілді. Біз өзіміз жақсы адамдардан тәлім алдық, енді жастарды да жақсылыққа тартуға тырысу – басты уәжіп деп жүргендер үшін қоғамдағы түрлі құбылыстар мен ешкімге ешнәрсе бермейтін әңгіме-сөзден нендей қорытынды жасап, нендей тірлікке ден қойып отырғаны да қызық. Мұндай қатыгездік ахуалы алакөңіл адамдарға ешқашан жақсылық әкелмейді. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста, күнделікті күйбең тірлікте, бір-бірін түсіне білуде мейірім емес, қатыгездік жаппай етек ала беретін болса, зұлымдық та, зорлық-зомбылық та орын алады. Енді елес емес, ессіздіктің түр-түрі етене танылатындай уақыттың куәгері болып отырмыз. Адам өлтіру, бала-шағасын қырып салу, өзінің жақындарын атып кету, суицид, зорлау, тағы не бар, сұмдықтардан көз ашпайтын жағдай үйреншікті оқиғаларға айналып кетті. Бұл деген – тоқырау мен дағдарысты тәрбиенің сиқы, не «сыйы», өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның да, мемлекеттің де өркениет жолымен дамуына, соған сәйкес адамгершілік құндылықтардың тереңдеуіне көп кедергі келтіретін теріс құбылыстар. Ал, зиянды нәрсе етек жайса адамдардан сенім мен шынайылық қасиет кетеді, діттеген арман-мақсаттарына жете алмаған, адасқан ұрпақтардың еншісіне жазылған тағдыр әрі трагедияға ұласып кетуінен сақтануымыз қажет. Дәл осы арада шынайы, ынтымақты бірлік керек. Ұлттық мүддені ұрандату емес, соның қадірін білетін, тұтастық танытатын уақытты сезінетін қоғамдық орта болуы қажет. Ұлттық намыс керек және бұл ойымыз бос сөз болып қалмауы тағы да өзімізге байланысты. Өмір құбылыстарынан туындайтын мәселелерге сипаттама беру, өткен тарихты қорыту, заманның бұзылғаны жайлы тағылымды толғаулар айтылуы, бәрі-бәрі адамның көзімен де, сөзімен де ұрпақтан-ұрпаққа жетеді, бұл қалыпты дәстүр, тарих жолы. Біз қандай сұрақтарға да жауап іздеп, өмір сапасын жақсартуға келгенде адал бәсеке және бәсекелестіктің қажеттігіне көп мән береміз. Капиталистік дәуірде нарықтық қарым- қатынастар шынайы бәсекелестік туғызатын заңдылықтарына адамдар әу бастан тәп-тәуір бой үйрете бастаған еді. Ел дәулет-байлығын игеруде де еңбек бәсекесі болуы шарт деді. Шағын және орта бизнесте, отандық өндірісшілердің қауымдастығында, аграрлық салада тауар өндірушілердің арасындағы адал бәсекелестіктен сапа мен кіріс жағы реттеледі деп теория мен практиканы ұштастырып, дәлелдеп болдық па, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың салдарынан әсіресе, азық-түлікпен қамтамасыз етуде бәсекенің жолын кес-кестеп, билеп, төстеп монополия орнатқандардың бағаның тұрақталуына салқынын тигізгені қалыпты жағдайға ұқсап кетті. «Бәрі бір қолда» деген ұғым заң үстемдігін мойындамайтын, салықтарды төлемейтін, бірақ барлық жерде айтқанын орындататын белгілі бір адамдар тобының билеп, төстеуімен өзгеріске ұшырады. Ашық ақпарат көздеріне қарағанда елімізде дипломы бар жастардың 30 пайызы таксиші және күзетші болып жұмыс істейтін көрінеді. Бұл ненің әсері, жарамсыз диплом, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспауы және бәсекелестікке тік тұра алмауы ма?! Сонда мемлекеттің грантпен оқуға жұмсаған қаржысының қайтарымы жоқ, ақылы түрде оқыса ата-анасының төлеген қаржы- қаражатының босқа кеткені деу керек шығар. Бәсеке табиғатында және экономикалық жағдайда талапшылдықпен тамырлас. Ашық дереккөзінен алынған мына кішкене ғана мәліметке қараңыз, Алматы сауда орындарында 5 литрлік «Tassai» суын бір дүкенде 550 теңгеден, қаланың негізгі бөлігінде 830 теңгеден сатады. Бұл не тәртіп? Қымбатшылық қолдан жасалуда деген осы. Адамдардың жүйкесіне ши жүгірту ме, бұл саудагерлердің жеке пиғылынан ғана болып отыр ма? Арамдық деген абайламаса, азғындыққа ұрындырады, жақсы адамдарды ашындырады. Заманымыздың заңғар қайраткері Шерхан Мұртаза шыжғырып тұрып айтып кеткеніндей, «Тойымсыз, араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады». Бұл мәселеде терең ұлттық ой бар. Бұдан артық қалай айтуға болады, өзі?! Өйткені, өмір шындығынан сабақ алмаған имансыздардың ессіз дүниеқоңыз қарекеттері мына жарық дүниені бүлдіріп бара жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам, батыл әрі ақылды адам ғана айтады. Астарлы сөздің айбары тұла-бойыңды сыздатпай қоймайды. Ұлылардың ізін көреміз, бірақ ел сөзін айта алмайтын қазіргі жалтақ мінезді аға ұрпақ дәрменсіз қалпында алаңдайды. Ескі әдетінен жаңыла салуы қиын соғатын сияқты. Тек жағымпаздық және жандайшаптық, жалаң ұрандармен елдің жігерін жасытып, жүйкесін шаршатқандармен бірге араласып кеткендей күй кешуде. Әл-Фараби бабамыз «Адамның дене мүшесі ауру болса, дәрігер емдейді. Ал қоғамның жан дүниесіне түскен сырқат орасан кеселді болады» деп ескерткен екен. Қоғамның алға дамуына кесірін тигізіп жүргендер де өз істері мен әдетінің дұрыс еместігін түсінбейді емес, түсінеді. Бірақ, жеке басының бір сәттік пайдасы үшін ерікті түрде кісілігі мен ізгілігін жоғалтады. Бұл жаман әдеттің «вирусын» таратып жүргендердікі құлдық психология емей немене? Ендігі қоғамда қым-қиғаш болып айтысып жүрген тобырлық сана басым болып бара жатқанын жасыруға болмайды. Мысалы, «Жырым мені өлтірмейді» деп өткен көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің: Өз тілінде ойланады, Қалың орман таң алды. Өз тіліңде сөйле, қане, Жақсы көрсең анаңды, – деген мына бір шумақ өлеңін кім тыңдап, жүрек толқытар еді? Әрине… Басқа ешкімге емес, қазақ тілі қазаққа ғана керек. Бұл ұлттық ең биік мұратымыз. Отыз екі жыл ел тәуелсіздігімен бірге жасасып келе жатқан осы идея рухы ғана бізді сақтайды. Ол үшін мықты мемлекет болуымыз керек. Сонда ғана мызғымас бірлік күш алады. Ұлттық намысқа қан ойнатып, біртұтас елдіктің қадір-қасиеттерін ең ақырғы демі шыққанша көкке көтеретін ұрпақтарды қашан қалыптастырамыз деумен келеміз. Қоғам таң атқанда, кешкі шам жанғанда да сергектіктен танбай, жақсы өмірді жарқыратып тұруы елдің пейілінен, тіпті бір ауыз талап сөзінен де көрінбей болмайды. Бұл не жүріс? Хайп қуған, сөз қуған, өтірік айтқан, бәдіктік, жылпостық, арзан атаққа ауысқан дабыра, ешбір жауапкершілігі жоқ мәлімдемелер көп. Ал халыққа майда әңгімені мыжып, бір-бірін қажайтын даурықпа бос сөз емес, іс бірлігі мен нақты нәтижелі жұмыс және жұрт арқа тұтатын шамшырақ – зиялы адамдар керек. Сөз мәдениеті мен саяси ұстанымның да қадірін ұмыта бастағандар төбе көрсете бастады. Шетінен ашушаң, менменшіл… Жұртқа сансыратқан дүрмек, көпірме бөспелік емес, кәдімгі ел санасын сергітетін саяси мәдениет пен тәрбиелі өмір қымбат боп тұр. Халық өзіне не керек, әуелі әлеуметтік тұрмыс жағдайын ойлайды. Сосын ел ішіндегі жаңалықтарға ден қояды. Бұл күндері елімізде аудан әкімдерінің сайлауы қарсаңында үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Саяси науқан. Ашық сайлауға кімдер қатысып жатыр, үміткерлер өздерін қай қырынан көрсеткені абзал, ой тарқатпай ма, әділ сайлауға демократиялық құндылықтарымен барудың маңыздылығы кеңінен айтылуы қажет. Ендеше, бұл саяси қадамға әлгі халықшылдардың бас ауыртып жатқандары бар ма? Бұл ойлануға тұрарлық мәселе. Біздің қоғам жағдайында азаматтық тұрғыда алаңдаушылықпен қарайтын, батыл да сергек адамдар шоғыры қажет болып тұрғаны – өзекті уақыт талабы. Әкімдер қай деңгейде болмасын, адам тағдырына араласатын жандар. Сондықтан да ел басқару, ұлтқа қызмет етудің бәрінен де биік деңгейін түсіндіру мен ашық айтуды ұйымдастыруды ойластырсақ, дұрыс болады. Қалың қазақтың сөзін сөйлейтін, мемлекетшіл адамдар, айталық, атақты жазушы Дулат Исабеков, көрнекті ақын Нұрлан Оразалин, кәнігі дипломат-мемлекет қайраткері Әділ Ахметов, ұлт жанашыры, ақын Темірхан Медетбек, ірі қайраткер Жақсыбек Құлекеев, академик- математик Асқар Жұмаділдаев, әйгілі қаламгер, қоғамшыл жан Марат Тоқашбаев секілді сан ондаған ерекше танымал азаматтардың түрлі әлеуметтік топтармен, қазыналы жұртшылықпен кездесулерін ұйымдастырудың қайтарымы мағыналық-идеологиялық жағынан әбден ұтымды болар еді. Бұл тізімді жалғастыра беруге де болады. Билік мұны жете түсінуі керек-ақ. Жақсыңды бағалай алмасаң, кімді жағалайсың? Мұндай кісілер әлдекімдер сияқты өзін-өзі жарнамалап жүрмейді. Жұртшылық та адал ойларымен көңілді сергітетін, рухтандыратын, жөн-жосықты бағдарлайтын асыл тұлғалардың салиқалы көзқарастары мен өтімді сөздеріне сусап отыр. Аузы дуалы, айбарлы, сесті, есті, ұлттық мүдде биігінен және қоғамның ар-ұяты болып танылған зиялы тұлғаларды өмірдің өзі де іріктейді. Жалпы, қоғамда әлеуметтік әділеттіліктің орнауынан және соған үлес қосудан асқан маңызды міндет болмайды. Елдік мейірім мен сүйсіну де адамгершілікті, Отан алдындағы адалдық қасиеттерді шынайы сезініп, қадірлеуден басталады. Қанша рет қайталап айтсақ та мұның артықтығы жоқ.  

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар