Жуалының көрігі – «Aq Altyn»-ның өнімі
Төрт түлік малдан алынатын табиғи шикізаттан сапалы өнімдер әзірлеуде жуалылықтар ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Қазіргі таңда аудан аумағында бірнеше сүт өнімдерін өндіру цехтары бар. Солардың алдыңғы шебінде Бауыржан Момышұлы ауылындағы «IF» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Aq Altyn» сүт өнімдерін өндіру цехы тұр. Цех меңгерушісі Сұлушаш Матеева мұнда Ресей, Қытай, Германия мемлекеттерінен заманауи қондырғылар алынып жатқанын айтты. Кәсіпорын осыдан 5 жыл бұрын ашылған. Қазіргі таңда айран, қаймақ, сүзбе, ірімшіктің сан алуан түрін өндіруде. Бұл сүт цехының жұмысы туралы жақын маңдағы ауылдар тегіс құлақтанған. Сол ауылдардан күн сайын арнайы көлікпен сиырдың сүті жиналып тұрады. Тұрғындар сүттің литрін 150 теңгеден кем өткізбейді. Бұл бірлескен жұмыс сиыр бағып отырған тұрғындарға да, цехқа да тиімді. Аталған цех тәулігіне 2 тоннадан астам сүт қабылдап, одан 700-800 килограмм дайын өнім әзірлеп шығаруда. Өнімдерді сапалы күйінде сақтау үшін 3 мұздатқыш сатып алынған.
Цехтың арнайы өнім таситын машинасы аптасына Алматы қаласына 2 рет, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалаларына бір мәрте қатынайды. Аталған қалалардағы тұтынушылар «Aq Altyn» цехының сүт өнімдерін жоғары бағалауда. Одан бөлек, апта сайын дайын өнімдер Астана қаласына жол тартады. Тараз, Қаратау, Жаңатас қалаларына, Меркі мен Құлан аудандарына мұндағы әзірленген өнімдер күн сайын жөнелтіледі.
Цехта 20 адам тұрақты еңбек етеді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 115 мың теңгені құрайды. Бұл, әрине, жаман көрсеткіш емес. Ал, цехтың жұмысына ерекше күш беріп тұрған технозорлар 190 мың, қадағалаушы мамандар 170 мың теңге жалақы алады.
«Aq Altyn» цехы табыстан бұрын өнімнің сапасын ойлайды, тұтынушының сеніміне ие болып, соған сай болуға мән береді. Сондықтан, ауданға келген өкілдер, халық қалаулылары аталған цехқа арнайы барып, мұндағы берекелі тірлікке оң бағасын беріп кетеді. Аудан ақсақалдары да цехтың жұмысына разылықтарын алқалы жиындарда айтып жүр. Аталған кәсіпорынға біз де арнайы барып, жұмыс барысын көзімізбен көріп, көңілге көп жайды түйдік. Еңбек адамдарының тынымсыз істеріне куә болдық.
Механик Сәкен Байұзатовты іс басынан кездестірдік. Май шығарушы Роза Тілеуқұлова, айран құюшы Гүлшат Мейірханова мен Ілияс Тоқпанов өз ісінің нағыз шеберлері екенін тиянақты да ширақ қимылдары арқылы байқатты. Олар жұмыс ырғағының қарқынын арттырып жүрген үздіктер. Әрине, өзге жұмысшылардың да еңбегі бағалауға лайықты.
– Біздегі еңбек қозғалысы өте жоғары. Мұндағы қарбалас бір сәт те толастамайды. Қазақта «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген сөз бар. Осы кәсіпті 5 жыл бұрын «тәуекел» деп бастап кетіп едік. Міне, нәтижесі өз жемісін көрсетіп келеді. Біздің цех өнімдеріне сұраныс күннен күнге артып келеді. Мүмкін, ол өнімдеріміздің сапа жағынан жоғарылығынан болар. Әрине, еңбегіміздің жанып, өніміміздің тұрғындарға ұнап жатқанына өте қуаныштымыз. Бұл – осы цехта еңбек ететін барлық жандардың төккен терінің, өз ісіне адал жауапкершілігінің жемісі. Өнімдерімізге сұраныс жоғарылаған сайын көлемін де арттыра береміз. Оған мүмкіндігіміз жетеді. Сиыр бағатын шаруа қожалықтармен, жеке тұрғындармен байланысымызды нығайтып келеміз.Табысты еңбекті алдағы уақытта да жалғастырып, жетістіктерімізді ұлғайта түсер жоспарымызға қарай келер күннен күткен үмітіміз де мол, – дейді аталған цех меңгерушісі Сұлушаш Зиятбекқызы.
Халыққа таза табиғи тағам ұсынып, табыс көзін арттыра отырып, ел экономикасына үлес қосуды мақсат еткен кәсіпкерге үмітінің ақталуын тіледік.
Есет ДОСАЛЫ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді