93 жастағы Асаубай ата 90 жастағы жұбайы Тазакүл апа екеуі 13 немере, 14 шөбере сүйіп отыр
Доқтыркүл Есіркепқызы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі.
Адамзат тарихындағы ең сұмдық, қасіретті де қайғылы Ұлы Отан соғысы 1945 жылы біз үшін Жеңіспен аяқталғаны белгілі. Міне, осы Ұлы Жеңіске жуырда 70 жыл толып, мерекеленгелі отыр. Қаншама жылдар өткенімен, өз тағдырынан туған халқының тағдырын биік қойған жауынгерлеріміздің батырлығы, Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері жастарымыз үшін үлгі-өнеге, ұмытылмас мұра. «Өткенді білмей, болашақты болжай алмаймыз» демекші, бейбітшілік таңын аттыру үшін жан алып, жан беріскен азаматтарымыздың ерлігі ұрпаққа аңыз болып қалды. Ал тірілерінің қатары жыл озған сайын сиреп барады. Бүгінгі әңгіме ауданымыздағы Жақсылық ауылының тұрғыны, батыр майдангерлеріміздің бірі – Асаубай Сүлейменов туралы өрбімек. 1941 жылы ауылға «соғыс басталды» деген суық хабар жетті. Артынша жас бозбаладан бастап қару ұстауға жарамды ер азаматтардың бәрі майданға аттанды. Солармен бірге әскер қатарына шақырылған Асаубай ата ол кезде 19 жаста еді. Бір ай оқу-жаттығудан өткен соң, Оңтүстік Дон майданындағы 201-атқыштар полкі құрамында жауға қарсы соғысады. Жарақат алып, Саратов қаласында үш ай емделіп, 384-атқыштар полкіне ауыстырылады. Қанды қырғын жүріп жатқан Сталинград шайқасына қатысқан ол ауыр жараланып, госпитальға түседі. Жарақатынан айыққан соң, жеңілдетілген 114-темір жол әскери батальонына жіберілді. Соғыстың аяғына дейін сонда болып, Жеңіс күнін Германияда қарсы алады. Үш жылдан кейін тамыз айында елге оралады. Содан зейнетке шыққанша шаруашылықта қой, сиыр бағып, трактор да айдаған. Осындай еңбектері бағаланып, «Еңбектегі ерлігі үшін» медаліне ие болды. Ал сұрапыл соғыстағы ерліктері ескеріліп, «Ұлы Отан соғысы» ордені және «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Жеңістің 20,30,50,60,65 жылдығы медальдарымен қатар, 2004 жылы 14 мамырда «Украинаны қорғағаны үшін» деген Украина президенті Л. Кучманың жіберген медалімен марапатталған. «Украина мен үшін ыстық» дейді Асаубай ата сондағы елді мекендерді жаудан қорғап өткізген күндерді еске алып. Мемлекетіміз соғыс ардагерлеріне айрықша көңіл бөліп келеді. Майдангерлерге көптеген жеңілдіктер жасалған, арнайы жәрдемақы да бөлінуде. Жыл сайын мереке қарсаңында арнайы келіп сый-сияпат жасайды. Қазір Асаубай ата – 93 жаста, жары Тазакүл апа – 90 жаста. Екеуі әлі де тың. Олар үлкен ұлы Айдос пен келіні Шарияның қолында тұратынын, екі ұлы мен келіндері де зейнеткерлер екенін, осы ұлдарынан 13 немере, 14 шөбере сүйіп отырғанын айтып, тәуба дейді. «Өмірімнің жартысы қиыншылықпен өтті. 10-15 жасымда ашаршылықты көрдім, содан кейін қан майданда болдым. Кейінгі ұрпақ біз көрген қиындықты көрмесе екен, елімізде бірлік болып, Елбасымыз, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» – деп тілек білдірді. Майданда Отан үшін от кешіп, бейбіт өмірде ерен еңбек сіңірген майдангер атамызды әрқашанда құрмет тұтамыз. Оның адал еңбегі де, ел үшін отқа түскен ерлігі де ұрпаққа өнеге.
Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді