Үздіктер қатарындағы мектеп

Үздіктер қатарындағы мектеп
ашық дереккөз
Үздіктер қатарындағы мектеп
Мыңдаған шәкірттерді білім нәрімен сусындатып жүрген ұлағатты ордалардың қатарына Жуалы ауданы, Кәріқорған ауылындағы Тұрсын Әкімов атындағы орта мектепті қосуға болады. Мұнда 33 мұғалім 185 оқушыға сапалы білім беріп келеді. Аталған мектептегі білім деңгейін жыл сайын «Алтын белгі» алатын түлектер санынан-ақ байқауға болады. Мәселен, 2020 жылы Ұлдана Айтбек, 2021 жылы Аяжан Біржан мен Жадыра Бекболат «Алтын белгіге» ие болған. Ал, 2022-2023 жылы халықаралық PIZA зерттеуіне қатысып, математикалық сауаттылық бойынша республикалық байқауда бірінші орын алыпты. Бұл жайлы мектеп директоры Нұрмахан Ортаев: «Біз метематиканы тереңдетіп оқытатын мектеп емеспіз. Бұл Умякүл Қожаниязова бастаған математик ұстаздарымыздың еңбегінің жемісі. Зерттеуші-педагогтар қатарындағы физик маман Жеңіскүл Сапарбаева, тарих пәнінің мұғалімі Жамал Сатымбекова, химия, биология пәнінің мұғалімі Ұлбосын Мақатаева, қазақ тілі мен әдебиеті маманы Айжан Көрпебаева секілді білікті ұстаздар жүрген жерде жетістік көп. Алдағы уақытта да шәкірттеріміздің жетістігі жоғары бола беретініне сенемін», – деді. Тіл маманы, зерттеуші-педагог Әсем Бейсенбаеваның да жұмысы жемісті. Ол дайындаған орыс сыныбында оқитын Кристина Шакова республикалық тіл байқауында бас жүлдені иеленіпті. Бұл мектептің спорт саласындағы жетістігі де аз емес. Дзюдо үйірмесі Рәт Парманов шәкірттерін жақсы жетістікке жетелеуде. Атап айтқанда, шәкірті, 8-сынып оқушысы Адина Жұмабай спорт шеберлігіне кандидат болып үлгерсе, тағы бір шәкірті Біржан Аршынбай – дзюдодан оқушылар арасында облыс чемпионы. Мектептің ардагер ұстаздары Шарханбек Қожаниязаров, Шамкүл Қожаниязарова жас мұғалімдерге үнемі үлгі болып жүр. Тағы бір айта кетерлігі, жас маман Саламат Зият 25 жасында мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары болып жұмысқа кіріскен екен. Қазір үшінші жыл осы қызметті абыройлы атқарып келеді. Осылайша, бұл мектеп жас мамандардың көзге түсуіне, өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашып келеді. Кезінде өзі ұзақ жыл ұстаз, мектеп директоры болған Тұрсын Әкімовты ауыл халқы бүгінде құрметпен еске алады.  

Есет ДОСАЛЫ.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар