Мерейімізді өсірген Мерейхан

Мерейімізді өсірген Мерейхан
ашық дереккөз
Мерейімізді өсірген Мерейхан
Бүгінде Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылдық мәдениет үйінен ашылған «Шабыт» ақындар клубы талай дарынның жолын ашып келеді. Осы клубтың қолдауымен қазіргі таңда үлкен жетістікке жетіп жүрген мақтанышымыздың бірі – жас ақын Мерейхан Раймбаев. Мерейхан Айша бибі орта мектебінде 5-сынып оқып жүрген кезінен осы «Шабыт» клубының мүшесі болған. Өлең жазу қабілетін шыңдап, елге белгілі айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов ұстаз болып, аламанға баптап қосты. Айтысқа дайындап, үлкен сахнаға алып шықты. Ал, республикалық сахнаға алып шыққан – Құралай Раймбекова. Мерейхан аудандық, облыстық айтыстардың жүлдегері. Оқушылар арасында облыстық, республикалық, Халықаралық мүшәйралардың жеңімпазы және жүлдегері атанды. Атап айтқанда: «Атадан мұра» қоғамдық қоры ұйымдастырған «ART BAITEREK» халықаралық оқушылар байқауының бірінші орын иегері. «Атадан мұра» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Ұлы дала» ұрпағы атты республикалық байқаудан бас жүлде алып, Мақпал Аманжолқызы атындағы грантты жеңіп, төрт жыл тегін оқуға ие болды. Ол талай рет республикалық байқауда өңір намысын қорғап жеңіске жетті. Республикалық «Қадыр оқуларынан» ІІІ орын, республикалық «Абай оқуларының» «Сөз зергері» номинациясымен марапатталды. Облыстық Абай оқуларынан бас жүлде иеленген. 10-сыныпта ауылдық мәдениет үйінде жеке шығармашылық концертін беріп, алғашқы «Жауқазын жырлар» атты кітабының тұсауы кесілді. Қазіргі таңда Мерейхан Алматы облысында білім алып жүр. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінде «журналистика және жарнама» мамандығының 4-курс студенті. Өзі тележурналистика саласына қадам жасап, ізденіп жүр. «Хабар» арнасындағы «Алғашқы» деген бағдарламаның редакторы. Сол бағдарламаға қатысуға лайық үміткерді зерттеп, зерделеу барысында тер төгіп жүрген белсенді азамат. Біз Айша бибі ауылы, ауданның тұрғындары Мерейхан Раймбаевтай мерейлі ұлдарымызбен мақтанамыз. Мерейханның шығар шыңының биік боларына сенеміз.  

Медеу МЫРЗАТАЙ,

жас айтыскер,

«Айша бибі» клубының қызметкері.

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар