Білім мен ғылымның ордасы
Қазіргі заман – білімді азаматтардың заманы. «Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу» деп Әбу Насыр әл-Фараби айтқан сөздің өзектілігі артып келеді. XXI ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Ұлағатты, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – 90 жылдан астам аса бай тарихы бар, өзіндік салт-дәстүрімен, көп жылдық ғылыми тәжірибесімен еліміздегі жоғары оқу орындар жүйесінің көшбасшысы. Таудың баурайында орналасқан алып ғимараттар, оқу нысандары, жап-жасыл табиғат көрінісі, рухани, ғылыми-мәдени байлыққа толы жаңа кітапханасы, үлкен аумақты алып жатқан «ҚазҰУ қалашығы» деп аталады.
Қазіргі таңда ҚазҰУ – ұлан-ғайыр даламыздың түкпір-түкпірінен білім қуып келген жастар мен шетел азаматтарын қоса есептегенде 20 мыңға жуық студентке білім беріп отырған қара шаңырақ. Университет 15 факультетті құрап, 180 сала бойынша мамандар даярлайды. 2000-нан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары және көптеген жоғары білімді кадрлар жұмыс істейді. ҚазҰУ түлектері мемлекеттік қызметтерде сан тармақталған салалары бойынша белсенді, беделді қызметтерін абыроймен атқарып келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ беделді ThomsonReuters агенттігінің «2011 жылғы ғылым төңірегіндегі жетістіктері үшін» арнайы дипломымен марапатталған тұңғыш жоғары оқу орны. Сондықтан да жұмысқа қабылдаушылар университет студенттерінің сапалы білім деңгейін жоғары бағалап, жұмысқа орналасуда, қызмет етуде ҚазҰУ түлектері зор мүмкіншіліктер мен артықшылықтарға ие болады. 90 жылдан астам уақыт аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті көптеген жетістіктерге жетті. Соның ішінде атап өтетін болсақ, университет – Қазақстан жоғары оқу орындарының Басты рейтингісі бойынша көшбасшы, мемлекетіміздің тарихында бірінші болып Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығының лауреаты «Сапа саласындағы жетістіктері үшін», Тәуелсіз мемлекеттер достастығының «Қызметтер мен өнім сапасы саласындағы жетістіктері үшін сыйлығының дипломанты. Біздің университетіміз Халықаралық университеттер Ассоциациясының мүшесі және Еуразиялық университеттер Ассоциациясының ұйымдастырушысы. Сонымен қатар, ҚазҰУ ТМД университеттері арасында үшінші орында. ҚазҰУ-дің шетел жоғары оқу орындарымен яғни, АҚШ, Қытай, Франция, Чехия, Ресей, Оңтүстік Корея сынды елдермен байланысы жоғары дәрежеде дамыған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,
еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы Жанар Қарашева,
профессор Сәуле Сүлейменова.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді