Кәсіпкердің құқығы қорғалған
Жуырда облыс прокуратурасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Жиынға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров және кәсіпкерлер палатасы, басқарма өкілдері мен кәсіпкерлер қауымдастығының сарапшылары қатысты. Басқосу барысында бұған дейін өткен сараптамалық кеңестің отырыстарында ірі инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралып, бірқатар мәселелер талқыланды. Жалпы, осы жылы прокуратура органдары 162 қадағалау актісін енгізіп, нәтижесінде 9003 кәсіпкердің құқығы қорғалған. Заңбұзушылықтар негізінен салық, жер, әкімшілік заңнама салаларында анықталған. Салық органдары мен атқарушы өндірістердің 543 актісі жойылып, бизнес-қоғамдастық өкілдеріне 196 миллион теңге төленген. Бұдан бөлек, 46 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оның 6-ы басшылық құрамнан.
Ербол Шырақпайұлы өңірдегі ірі кәсіпорындар өндіретін шикізатты пайдалана отырып, дайын өнім шығаратын шағын және орта жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялық мүмкіндіктерді барынша пайдаланудың айрықша маңыздылығын атап өтті.
Аймақ басшысы өз сөзінде кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарына жан-жақты тоқталды. Атап өтерлігі, таяу күндері инвестициялық жобалардың бірыңғай базасы іске қосылып, әрбір жобаның орындалуына жауапты қызметкерлер бекітілмек.
– Жақында барлық өзекті мәселелерді ескере отырып, инвестициялық жобалардың бірыңғай дерекқорын іске қосамыз. Бұл тұрғыда заманауи IT-шешімдер қолданылады. Жобаларды сүйемелдеу кезінде барлық деңгейдегі әкімдіктердің қызметкерлерін жеке жауапкершілікке тарту және бекіту қағидасына ден қойылады. Инвестициялық штабтың жұмысын қайта күшейту қажет. Штабта жаңа жобаларды талқылаумен қатар, инвестиция тартудағы жүйелі мәселелерді шешу барысы да тұрақты бақылауда болады.
Аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары әлеуетті инвесторлармен іскерлік келіссөздер жүргізу бойынша арнайы оқытудан өтеді. Соның нәтижесінде әр ауданның инвестициялық мүмкіндіктер картасы және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша қалта-әдістемелері әзірленеді. Сондай-ақ, аудан әкімдері үшін жаңа KPI енгізу жоспарлануда, яғни, олардың жұмыс тиімділігі инвестициялар тарту, кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдайлар жасау көрсеткіштері бойынша бағаланатын болады. KPI – аудан әкімдерінің жұмысын бағалауда маңызды жүйе. Рұқсат беру құжаттарын алу рәсімдерін жеңілдету үшін біз өзге өңірлердің үздік тәжірибесін қолданамыз.
Қаратау қаласындағы АЭА-тан бөлек, Меркі, Құлан елді мекендері мен Жаңатас қаласының маңында да энергияны көп қажет ететін өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін жаңа алаңдар құруға күш саламыз. Жұмыстарды жеделдету үшін әлеуетті жобалардың тізімі өзектендірілетін болады. Инвесторларды тарту маркетинг және PR бойынша кешенді жоспар арқылы, оның ішінде Сыртқы істер министрлігі және халықаралық ұйымдармен өзара байланыс негізінде дамиды. Алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр десек, оған барлығымыз бірлесе атсалысамыз деп ойлаймын. Бизнес-қоғамдастықпен тығыз қарым-қатынас орнағанда ғана экономиканың нақты қарқынды өсіміне қол жеткізе аламыз. Облыстағы бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері жеке бақылауымда болады, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жиын соңында кәсіпкерлер қауымдастығының сарапшылары өз ойларын ортаға салып, туризмді дамыту мен жоспарлы инфрақұрылымдық жобалар бойынша мәліметтер жүйеленетін электрондық ақпараттық ресурс құруға қатысты мәселелерді ортаға салды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Қауіпті дерттің алдын алу маңызды
- 2 желтоқсан, 2024
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді