Кір сабын жасау – шығыны аз кәсіп
Еркебұлан Метхан бір ай бұрын ғана кір сабын жасайтын шағын кәсіп ашқан жас кәсіпкер. Өз ісін енді ғана бастаған оның негізгі мамандығы – мал дәрігері. Кейіпкеріміз Ноғайбай ауылшаруашылық колледжінің түлегі. Ол оқуын сәтті тәмамдаған соң, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Әскерде жүргенде-ақ тұрақты табыс көзіне айналатын кәсіппен айналысуға бел байлайды. Оның бұл ойын жақындары да қолдап, барынша көмек көрсетеді. – Жеке ісімді бастамас бұрын ұзақ ойландым. Ата- анаммен ақылдастым. Әсіресе, қайын атам көп қолдау көрсетті. Ол кісі өзі кәсіпкер болғандықтан, бағыт-бағдар көрсетіп, осы кәсіпті таңдауға кеңес берді. Кір сабын – үй шаруасында қолданылатын әрі бағасы да тиімді дүние. Бастысы, ол маусымдық тауар емес. Жылдың қай мезгілінде де сұранысқа ие. Сондай-ақ, өзге заттармен салыстырғанда шығыны да аз. Осылайша, бүгінгі нарықты мұқият зерттей келе кір сабын жасау кәсібін қолға алдым, – дейді Еркебұлан.
Атап өтерлігі, жас кәсіпкер кір сабын дайындаудың әдіс- тәсілдерін Алматы қаласына арнайы барып үйренген. Бұдан бөлек, ғаламтордан да ойға түйгені тағы бар. Уақыт өте Өзбекстаннан сабынды нығыздап, пішініне келтіретін арнайы құрал-жабдықты сатып алады. Құны 600 мың теңгені құрайтын құрылғы жас жігіттің қолға алған ісіне құлшыныспен кірісуіне үлкен көмек болады. Ал, алғашқы дайындаған өнімін Қырғыз елінің бас қаласы Бішкектегі зертханадан өткізеді. Бұл – өнімнің барлық талаптарға сай жасалғанына толық көз жеткізуге мүмкіндік берген.
– Жалпы, кір сабынның құрамы өте қарапайым. Мәселен, бұл өнім малдың кәдімгі іш майы мен өсімдік майынан және дайын химиялық қоспадан тұрады. Іш майды сатып алып, өзім шыжғырамын. Сондай-ақ, дәмханалардан пайдаланылған өсімдік майының қалдығын аламын. Осы майларды қайнатып, қоспаларды қосып, ең алдымен жайма түрінде кептіріп қоямын. Ет тартқышқа ұқсас арнайы құрылғы бар. Келесі күні жайманы содан өткізіп аламын. Ол да бір тәулік тұруы тиіс. Ал, үшінші күні арнайы құрылғының көмегімен пішініне келтіріп кескен соң, сабын дайын болады, – деген ынталы кәсіпкер өнімді әдісін де түсіндіріп өтті.
Айта кетейік, қордайлық жігерлі жігіттің өнімі «Алға» деген сауда белгісімен нарықта саудаланады. Жергілікті өнімнің сапасы сырттан келетін сабындардан кем түспейді. Дүкен сөрелеріндегі сабынның бағасы 200 теңгеден өткерілуде. Ал, көтерме бағасы – 180 теңге. Еркебұлан бастапқыда күн сайын 100-200 дана сабын дайындаса, қазір сұраныс артқан. Бүгінде ол әр күні 400 дана сабын жасайды. Әзірге негізгі тұтынушылары – аудан тұрғындары. Кәсіпкер ірілі-ұсақты сауда нүктелерімен келісіп, өнімін өткеруде. Өкініштісі сол, жас кәсіпкердің сабын жасайтын арнайы цехы жоқ. Сондықтан, кәсібін өз үйінің ауласында дөңгелетуге мәжбүр.
Десе де, бұл жігерлі жігіттің өз мақсатына жетуіне кедергі емес. Керісінше, ол келешекте кәсібін кеңейтіп, кір сабын жасаумен қатар, сұйық сабын, антифриз және терезе-әйнек жууға арналған сұйықтық жасауды қолға алуды көздеп отыр. Ендеше, Еркебұланның бастаған ісіне сәттілік тілеп, «Алға» атты отандық өнім алға бассын демекпіз!
Есен ӨТЕУЛІ
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді