Қытай сапары: «Бір белдеу, бір жол» форумы

Қытай сапары: «Бір белдеу, бір жол» форумы
ашық дереккөз
Қытай сапары: «Бір белдеу, бір жол» форумы
17-18 қазан күндері Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Екі күндік ресми сапар барысында Президент ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен және Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ, жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» бастамасының III форумына қатысты. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжің Тіл және мәдениет университеті аумағында орнатылған Әбу Насыр Әл-Фараби бюстін салтанатты түрде ашты. Бұдан бөлек, сапар аясында Қытайдың ірі компаниялары басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.

Төрағамен болған келелі келіссөз

Қазақстан Президентінің Қытайға ресми сапары Үлкен шығыс залында мемлекеттер басшыларының келіссөз жүргізуінен басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға шақыруын зор ықыласпен қабыл алып, Қытайға тағы да сапармен келгенін атап өтті. «Қазақстан сіздің осы жаһандық бастамаңызға алғашқы күннен бастап қолдау білдірді және оны ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. Осыдан тура он жыл бұрын Астанада сөйлеген сөзіңізде сіздің осы бастама туралы айтқаныңыз есімізде. Орайлы сәтті пайдалана отырып, сізді осы мегажобаны жүзеге асыру барысында керемет нәтижеге қол жеткізуіңізбен құттықтаймын және айтулы шараның табысты өтуіне тілектестік білдіремін», – деді Президент. Мемлекет басшысы жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестікке негізделген қазақ-қытай қатынастары қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. «Біз барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Сіздің былтыр қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз өзара байланыстардың барынша нығаюына тың серпін берді. Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталды. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл – Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз кезегінде ҚХР Төрағасы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті. Төрағаның айтуынша, Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды толықтай қолдайды. Келіссөз барысында тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы жан-жақты ықпалдастықты дамыту мәселелерін талқылады. Мемлекеттер басшылары бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ мәдениетаралық байланыстарға жағдай жасау маңызды екеніне назар аударды. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөзі нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы экономикалық даму саласындағы алмасу және ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімге, Қазақстан Көлік министрлігі мен Қытайдың Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы «Тачэн – Аягөз» теміржолын салу жобасы бойынша ынтымақтастықты бірлесіп дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстаннан Қытайға рапсты экспорттау кезіндегі фитосанитариялық талаптар туралы хаттамаға қол қойды.

Әбу Насыр Әл-Фарабидің бюсті ашылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы ең алдымен Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев энциклопедиялық деңгейдегі, яғни жан-жақты білімі бар Әл-Фарабиді замандастары Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп атағанына назар аударып, ғұлама ғалымның еңбектері әрдайым өзекті, мән-мағынасын жоғалтпайтынын атап өтті. Мемлекет басшысы ұлы ойшылдың мұрасы білім ордасында жан-жақты зерттелетініне, сол арқылы мәдени байланыстарымыз нығая түсетініне сенім білдірді. Бұдан бөлек, Президент Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Лю Шициньге алғыс айтып, оған зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі. Мұнан соң, Мемлекет басшысына университетте оқыған кезіндегі өзінің архив құжаттарын көрсетті. Іс-шара соңында Президент осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті.

Қытайлық ірі компаниялармен қандай келісім жасалды?

Қазақстан Президенті ҚХР-ға ресми сапары аясында SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында өзара ынтымақтастық және мұнай-газ химиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев SINOPEC компаниясының полиэтилен өндірісі жобасына толыққанды серіктес ретінде қатысуы Қазақстанның аталған кәсіпорынмен орнықты ықпалдастығының айқын дәлелі екенін атап өтті. Қазақстан мұнай-газ химиясына қатысты әлемдік деңгейдегі мұндай ауқымды жобаны бұған дейін жүзеге асырмаған. Жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард доллар. Өз кезегінде Ма Юншэн Мемлекет басшысына компанияның 2024 жылдың екінші жартысында зауыт құрылысын бастауға ниеттеніп отырғанын айтты. Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында тағы бір стратегиялық жобаны жүзеге асыру – терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі кешенін салу жоспарын жеткізді. Бұдан бөлек, кездесуде геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ аталған бағытта заманауи технологияларды қолдануға қатысты ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Юй Хуэйцзяоны қабылдады. Кездесу барысында электронды коммерция, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Alibaba, Wildberries, OZON және JD.com секілді ірі маркетплейстер жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Әңгімелесу барысында Президентке Қытайдың тез жеткізуге маманданған ең ірі логистикалық операторларының бірі біздің нарыққа келіп, Орталық Азиядағы бас кеңсесін Қазақстанда ашуды көздеп отырғаны жөнінде мәлімет берілді. Юй Хуэйцзяо Мемлекет басшысына компанияның Қазақстандағы негізгі жобасы туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньмен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында энергетика, мұнай химиясы өнеркәсібі және басқа да маңызды салалардағы өзара серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды. Президентке CITIC Group компаниясы мен Қазақстанның бұған дейін қол жеткізген уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді. CITIC басқарма төрағасы Қазақстан тарапымен өзара тиімді ынтымақтастықты жоғары бағалады. Бұдан бөлек, кездесу барысында инвестиция және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Қазақстан Президенті CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцайды қабылдады. Кездесу барысында машина жасау және теміржол транспорты салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстанның негізгі көлік-логистикалық хаб екенін айтып, сол арқылы CRRC компаниясының Еуразия кеңістігі мен Еуропа нарықтарына шыға алатынын жеткізді. Бұл ретте Мемлекет басшысы компанияның осы мақсаттарға 200 миллион доллар инвестиция құю ниетін құптады. Сунь Юнцайдың пікірінше, кәсіпорын Қазақстан нарығында қызмет еткен 20 жыл ішінде өзара тиімді ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілген. Айта кетсек, CRRC Corporation Limited корпорациясы әлемдегі теміржол транспортының ең ірі өндірушісі саналады және әлемдік локомотив өндірісі нарығының шамамен 50 пайызы Қытай компаниясына тиесілі.

Трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалануды жалғастыруға келісті

Президент ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жай-күйі және оны дамыту перспективасы талқыланды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бұған дейінгі кездесулерінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға баса назар аударылды. Қазақстан Президенті Қытайдың қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен өте табысты келіссөз жүргізгенін атап өтті. Көпжақты қазақ-қытай қатынасын одан әрі нығайту үшін нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. «Сапарымның аясында бүгін Үкімет деңгейіндегі 9 құжатқа, екі елдің бизнес және басқа да құрылымдарымен 20-дан астам келісімге қол қойылды», – деді Президент. Өз кезегінде Ли Цян екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту тұрғысынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға жасаған сапарының маңыздылығына тоқталды. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, инвестиция, көлік және транзит, энергетика, мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, автокөлік құрастыру, жоғары технология, цифрландыру салаларындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Цян трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыруға өзара бейілді екенін растады.

Тауар айналымы көлемін 40 миллиардқа жеткізуге ниетті

Қазақстан Президенті Бейжіңге ресми сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойғы достық пен өзара қолдаудың берік арқауына сүйене отырып, Қазақстан мен Қытай мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізін қалағанын атап өтті. «Екі ел арасында белсенді әрі сенімді саяси диалог орнаған. Үкіметтер мен парламенттер деңгейінде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Қытайды Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің және біздің экономикамыздың ірі инвесторларының бірі деуге болады. Біз елдеріміз арасындағы тауар айналымын алдағы уақытта 40 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Жалпы, Қытайдың Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымының жартысы Қазақстанға тиесілі», – деді Президент. Өз кезегінде Чжао Лэцзи Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіре отырып, қазақ-қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің сапары барысында Қытай тарапымен табысты келіссөздер жүргізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чжао Лэцзи Қазақстан мен Қытайдың парламентаралық қатынасының жоспарлы түрде нығаюын оң бағалады. Сондай-ақ, кең көлемдегі екіжақты ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті.

Құны 17 миллиард доллар болатын құжаттарға қол қойылды

Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары барысында қол қойылған құжаттардың тізімін жариялады. 2023 жылғы 17 қазандағы сапар шеңберінде жалпы құны 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа, соның ішінде инвестициялық, сауда келісімдеріне, өндіріс технологиясын беру, кредит желісін ашу және тағы да басқа бағыттарды қамтитын келісімшарттарға қол қойылды. Мемлекет басшысының қатысуымен Терефтал қышқылын/полиэтилентерефталат өндіру жобасының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен SINOPEC арасындағы келісімге, «CASPI BITUM» БК» ЖШС зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу жобасын ілгерілету жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен CITIC Group арасындағы өзара түсіністік туралы, «Қазпошта» АҚ мен YTO Express Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен CRRC Corporation Limited арасындағы ынтымақтастық және CRRC Corporation Limited өнімдерін сатып алу туралы негіздемелік келісімге (сауда келісімі), Жер қойнауын пайдалану келісімшартының жарамдылық мерзімін ұзарту жөнінде ҚР Энергетика министрлігі мен China National Petroleum Corporation компаниясының екіжақты мәлімдемесіне, «Силлено» ЖШС-нің жарғылық капиталына қатысу үлесін сатып алу-сату туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, SINOPEC және «СИБУР» ЖШҚ арасындағы шартқа қол қойылды.

«Бір белдеу, бір жол» – ХХІ ғасыр мегажобасы

Қазақстан Президентінің Бейжіңге ресми сапарының екінші күні «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысудан басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті. «Қазіргі геосаяси жағдайда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы қажетті халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Бұл жоба Қытайдың экономикалық қуатын, сондай-ақ оның жаһандық деңгейдегі жаңа белестерді бағындыруға ұмтылысын көрсетеді», деген Президент «Бір белдеу, бір жол» жобасының теңдессіз әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық үшін пәрменді платформаға айналғанына тоқталды. «Осы жобаға қатысушы мемлекеттердің бастамалары арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржолдар желісі, жоғары жылдамдықты күре жолдар және теңіз жолдары арқылы байланыс жасап отыр. Бұл жоба әлем экономикасының жылдам құбылып тұрған жағдайында қазіргі заманның аса күрделі сын-қатерлеріне тиімді төтеп бере алатын және мемлекеттеріміз үшін жалпыға ортақ игілікке айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы аталған бастаманың елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, тату көршілік қатынастарды, достық пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосатынына тоқталды. «Бір белдеу, бір жол» Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан, Қытайдың бұл бастамасы – ХХІ ғасырдың мегажобасы. Бұл – әділ баға», – деді Президент. Мемлекет басшысы Қазақстанның жетістіктері жөнінде де айтты. Осы ретте, Президенттің пікірінше, Еуразия кіндігінде орналасқан еліміз, Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыра отырып, бастаманы іске асыруда ерекше рөл атқарады. Оның айтуынша, Қытаймен арада созылып жатқан ортақ шекарасы бар әрі аумағы үлкен құрлықішілік мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға барынша күш салып отыр. «Бүгінде Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Көлік-транзит саласының дамуына баса мән бере отырып, соңғы 15 жылда біз осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаражат бөлдік. Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президенті үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты жоспарын ортаға салды. Бұл – Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын анық көрсетеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде аса ірі жобаның – Транскаспий халықаралық көлік бағытының ерекше рөліне назар аударды. Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады. – Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Жуық арада бұл келісімдер айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Күш-жігерімізді тиімдірек үйлестіру үшін ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін сенімді әуе көпірі және ыңғайлы айлақ болуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа жаһандық жоба саналатын «Цифрлық Жібек жолы» бастамасы аясындағы серіктестік мол мүмкіндіктерге жол ашады. «Цифрлық және зияткерлік ықпалдастықтың жаңа моделін құру экономикамыздың инновациялық тұрғыда дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жаңа онжылдығында Қазақстан ортақ табысқа жетуге жан-жақты атсалысуды жалғастырады», – деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар, форумда Қытай Төрағасы Си Цзиньпинь, Ресей Президенті Владимир Путин, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Аргентина Президенті Альберто Фернандес, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. Форумға 20-дан астам мемлекеттің басшылары және 130-дан аса ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Қытайды жақсы білетін Президент»

Қытайға екі күндік ресми сапармен барып, Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» форумына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев туралы ҚХР ақпарат құралдары «Қытайды жақсы білетін Президент» деп жарыса жазды. Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдарының бірі саналатын ChinaNews тілшісі Қазақстан Президентінің сапары туралы тікелей эфирдегі репортажы барысында Қасым-Жомарт Тоқаевты «Қытай халқының жақсы досы» және «Қытайды жақсы білетін шетелдік Президент» деп атады. Қытайлық БАҚ Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайда оқығаны, тұрғаны туралы айта келе, қытайдың көптеген дәмді тағамы Қазақстан Президентіне зор әсер қалдырғанын да еске алды. «Бұл – Президент Тоқаевтың Қытайға биылғы екінші рет келуі, Қазақстан Президентінің Қытайға алтын күздегі осы сапарынан екі жақты қарым-қатынастың дамуы жаңа кезеңге аяқ басуын және «Бір белдеу, бір жол» бастамасын құрудағы бірлескен күш-жігеріне жаңа серпін беруін күтеміз», – деп атап өтті ChinaNews.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар