«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғамдағы қасіретті қауіп

Қоғамдағы қасіретті қауіп
ашық дереккөз
Қоғамдағы қасіретті қауіп
Есірткі – ғасыр дерті. Оның түрлері де сан алуан, соған сәйкес, құны да әрқилы. Есірткінің кокаин, героин, конопля, ханка, мак, гашиш секілді түрлері көп. Көптеген жасөспірімдер нашақорлыққа бет алғанда әуелі анашадан бастайды. Нашақорлықтан туындайтын зардаптар өте ауыр әрі көп. Мәселен, нашақорлар жиналып бір ғана инені қолданады. Соның салдарынан бір-біріне СПИД секілді жазылмас дертті жұқтырады. Сонымен бірге, есірткіге еліткендер, оған ақша табу үшін қылмыс жасауға да бейім тұрады.

ЖАСТАР ЖАҚСЫ ЖОЛДЫ ТАҢДАСА...

Марихуананың буына масайраған жандар кісі өлтіруден де тайынбайды. Әдетте нашақордың жасы ұзаққа созылмайды. Олардың ең алдымен өкпесі қабынады, бронхит, одан әрі өкпе рагі дамиды да адам өлімге дайындалады. Соңғы кезде ғалымдар марихуананың бауыр мен жүрекке де кері әсері бар екенін дәлелдеді. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезеңде ересектер арасында да ескірткіге әуестенетіндер көбейіп келеді. Нашақорлардың саны 2000 жылы 1999 жылмен салыстырғанда 98 пайызға өскен. Жастардың арасында есірткіге әуестік көп ретте білместіктен басталады. Жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Өз іс- әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жеңілтектік, жан дүние, мінез- құлық пен дүниетанымның толық қалыптаспағандығы, иланғыштық, кері әсерге еліктеушілік алғаш рет спирт ішімдіктері мен есірткінің дәмін көруге апарады. Жасөспірімдер өздерінің ержүректігін, дербестігін танытқылары келіп топтар мен ұйымдарға бірігеді. Мұндай топтар үй жақта, би алаңдарында, мектепте де ұйымдасады және топ ішінде алғашқы «тексерістер» болады. Топтық психология, еліктеушілік, ермелік топ ішінде біреуі есірткі немесе шарап дәмін татқан болса, уақыт өткен соң топтың барлық мүшелері есірткі мен алкогольге әуестенеді. Бұзақылар арасына түсудің де себептері көп. Бұл – отбасындағы кикілжің, ата-аналардың, мұғалімдердің бала бос уақытын қалай өткізетініне назар аудармауы, тіпті баланың қолында артық ақшаның жүруі де болуы мүмкін. Баласын спорт, музыка, өнер мектептерінде оқытуға барлық ата-ананың мүмкіндігі жете бермейді. Кеш болысымен жиналатын жасөспірімдер музыка тыңдап, бейнетаспалар көріп немесе көше кезіп уақыт өткізеді. Ал, бұл адамның ішін пыстырады. Осылайша еліктегіш жастар артық уақыттарын тиімді жұмс ай алмау арқылы есірткінің, зиянды заттардың дәмін тата бастайды. Олардың бірі қызық көруді қаласа, екіншісі басқалардан қалғысы келмейді. Тағы бірі өзін ересек көрсетуге тырысса, ендігі біреуі бар қиындықтан қашып, ләззат аламын дейді. Осылайша бара-бара жасөспірім нашақорға, есірткінің құлына айналады.

ӨЛІММЕН АЯҚТАЛАТЫН ӘДЕТ

Есірткінің жеңілі болмайды. «Жеңіл есірткілер» деп аталатындар және стимуляторлар басқа есірткіні қолданар алдындағы ерікті кедергіні жоюға ғана қызмет етеді. Ешкім бірден «екпеден» бастамайды. Статистикаға сүйенсек, героинге тәуелді нашақорлардың 90 пайыздан астамы оңай тастап кетемін деп алғашында марихуанадан бастаған екен. Ол адамдардың көпшілігі өздерін алдап, кез келген айламен ақтағанымен, есірткіге тәуелді болады. Есірткінің ағзаға қалай түскені маңызды емес. Маңыздысы – не түскені. Ал, одан кейін өзін-өзі алдау, үнемі «ләззат» іздеу, тәуелділік басталып, соңы ауру, өліммен аяқталады. Есірткі – қазіргі заманның ең қиын да күрделі қауіптерінің бірі. Ағзадағы есірткі заттардың көпшілігін анықтау мүмкін емес, олар ми мен психикаға теріс әсер етіп, адам бойында рухани деградация тудырады, сөйтіп дененің толық физикалық шаршауына алып келеді. Көптеген жастар денсаулығына және оқудағы жетістіктеріне зиян келтірмейтін зиянсыз есірткілер бар деп ойлайды. Дегенмен, бұл өте қауіпті де қате түсінік. Зиянсыз және қауіпсіз есірткілер болмайды. Кез келген есірткі у және алғашқы минуттан бастап денені уландырады. Тіпті ең «қарапайым» есірткінің өлімге әкелетін дозасы – бірнеше грамм ғана. Мысалы, кокаиннің өлімге әкелетін дозасы – бар болғаны 1,2-0,2 грамм. Ауыр және синтетикалық есірткілердің өлімге әкелетін дозасы жүздеген есе аз болады. Психоактивті заттарды қабылдайтын адамның орташа өмір сүру ұзақтығы – 25 жыл. Есірткіге тәуелді адамдардың 97 пайызы 3-4 жыл ішінде өлім құшады. Есірткі тұтыну–барлық артықшылықтарды жоққа шығаратын, армандар мен мақсаттардың жолын жабатын, сөйтіп тұңғиыққа апаратын жол. Бұл – жеңіл жол мен қысқа мерзімді ләззат іздегендердің басына түсетін тұзақ. Ал сіз өз біліміңізді, денсаулығыңызды және жарқын болашағыңызды осындай қысқа мерзімді ләззат үшін құрбан ете аласыз ба? Зиянсыз есірткілер жоқ екенін түсіну өте маңызды. Есірткі заттары орта ғасырлардағы кісі өлтірудің танымал әдісі сияқты әрекетпен әсер етеді – адамды біртіндеп улап, өлімге алып келеді. Ал, нашақорлық – кәсіби мансап пен арманға жетуге үлкен кедергі келтіреді. Есірткіден бас тарту өте қиын. Тіпті, кішкене ғана бір доза тәуелділікке апаруы мүмкін. Сондықтан, қауіпсіз өмірді сақтап қалудың ең жақсы жолы – есірткіге ешқашан жоламау.

ЕСІРТКІ САУДАСЫ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

Қазіргі уақытта әлем бойынша есірткінің заңсыз айналымы үлкен мәселе. Біздің елімізде бұл проблема өте қауіпті санатта тұр. Есірткінің заңсыз айналымы ол тек қана халықтың денсаулығына, және имандылығына ғана емес, бұл қылмыс түрі ұлттық қауіпсіздікке және экономикаға да зиянын тигізеді. Нақтылай кететін болсақ, үлкен мөлшерде жасалатын есірткінің заңсыз айналымының ұлттық қауіпсіздікке тигізетін зияны, ол – халықтың есірткіге қолжетімділігі, осы арқылы есірткінің әсерінен жасалатын құқықбұзушылықтардың санының өсуі, есірткіні сатудан пайда табатын тұлғалардың немесе ұйымдасқан топтың қаражаттық өркендеуі. Нақты деректер бойынша бұл күндері әлемнің 142 миллион тұрғыны үздіксіз марихуана тұтынады, 30,5 миллион адам амфетаминдердің және синтетика лық е сірткінің «құлы», 13,4 миллион адам кокаин қолданады, 8 миллион адам героин мен апиынның тұтқыны. Ал, біздің елімізде медициналық емес жолмен есірткі қолданатын 40505 адам саны есепте тіркеулі. Еске алатын болсақ, облысымызда жүргізілген ауқымды операция барысында әйел адам басшылық еткен қылмыстық топ құрықталған болатын. Есірткі саудасымен айналысты делінген күдіктілердің арасында жұптасқан екі отбасы бар. Оларға Ауғанстаннан әкелінген героинді еліміздің әр түкпірінде сатты деген айып тағылып, заң бойынша жазаларын өтеуде. Ауғанстаннан әлемнің түкпір- түкпіріне таралғанға дейін есірткі заттары көптеген елдердің шекарасын басып өтеді. Өйткені, есірткі тасымалының 70 пайызы автокөліктер арқылы, 20 пайызы пойыздар арқылы, 10 пайызы әуе жолдары арқылы жүзеге асырылуда. Транзит елдерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиісті арнаулы қызметкерлердің көбісі есірткі саудасына көз жұмып қарауда. Өйткені, шебер ұйымдастырылған есірткі сауда жүйесі мемлекеттік қызметкерлердің көбісімен сыбайласып, өз мақсаттарын жүзеге асырып отыр. Есірткі саудасымен күрестің тағы бір кемшін тұсы – операцияларды жекелеген елдер немесе белгілі бір ұйымдар ғана өткізіп отырады. Бұл есірткі транзитінің операция өткізуші аймақты айналып өтуіне негіз болуда. Сондықтан, Ауғанстанды айнала жүйелі түрде есірткі саудасымен күресетін арнайы ұйым құру қажет. Әрине, егер бұған ықпалды тұлғалар ниетті болса...  

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар