САЛҒЫРТТЫҚ САПАСЫЗ ЖҰМЫСҚА СЕБЕПШІ

САЛҒЫРТТЫҚ САПАСЫЗ ЖҰМЫСҚА СЕБЕПШІ
ашық дереккөз
САЛҒЫРТТЫҚ САПАСЫЗ ЖҰМЫСҚА СЕБЕПШІ

Облыс әкімі «Ақбұлақты» абыроймен атқармағандарды сын тезіне алды

Кеше облыс әкімдігінің мәжілісі өтіп, онда жиырма алты мәселе қаралды. Бірінші кезекте облыс елді мекендерін ауыз сумен қамту мәселесі талқыға түсті. Нақтырақ айтқанда, аталған бағытта жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, атқарылмағандарының есебі берілді. Жиынды бастамас бұрын оған қатысушыларды облыс әкімі К. Көкірекбаев бірқатар тағайындаулармен таныстырып өтті. 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы болып Мақсат Қожабаев, аталған департамент басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңестің төрағасы болып Ғалым Тұрсынбаев, ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің облыс бойынша бақылау инспекциясының басшысы болып Қанат Төреғожаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы болып Талғат Төлендиев, ҚР Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің облыс бойынша басшысы болып Дәурен Тілеубаев тағайындалды.

Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев хабарлама жасады. – Өңірімізде «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2011-2013 жылдарға арналып, бюджеттен 12,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, осы қаржыға елу жеті ауылдық елді мекенде ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, оның қырқына ауыз су толығымен берілді. Нәтижесінде осы жылдың бірінші қаңтарына облыстың 373 елді мекенінің 208-і орталықтандырылған ауыз сумен және алты елді мекен тасымалданатын ауыз сумен қамтамасыз ету нысандарына 4,3 миллиард теңге бөлініп, оның 859 миллион теңгесіне бес жаңа нысанның құрылысы басталды. Сонымен қатар, осы қаржыға 18 нысанның да құрылысы атқарылуда. 2015-2016 жылдарға өтпелі 7 нысан болса, он нысан іске қосылды. Қалған біреуі жыл соңына халық игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Бүгінде Мойынқұм ауданындағы Бурыл-Байтал стансасындағы нысан және Меркі ауданындағы 2013 жылы пайдалануға берілуі тиіс Тәтті ауылындағы нысанда мемлекеттік қабылдау комиссиясы жұмыс атқаруда. Жалпы, «Ақбұлақ» бағдарламасын орындау барысында орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 2011 жылы 45,8 пайыз болса, осы жылдың соңында 59,5 пайызды құрап отыр. Ал, 2020 жылға дейін барлық ауыл жүз пайыз ауыз сумен қамтамасыз етіліп, тұтынылған суға толық есептеуіш құралдары қойылады деп жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы баяндамасында. Сондай-ақ, Р. Байтелиев бағдарламаны жүзеге асыру барысында кездесіп отырған бірқатар қиындықтарды да атап өтті. Біріншіден, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің өз бастамаларымен аудандық бюджеттен қаржы қарастырып, жерасты су қорын анықтау, сараптау жұмыстарын жүргізбестен, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуі. Екіншіден, су қорын дұрыс пайдалану үшін жергілікті биліктің тұтынушылар санын дұрыс көрсетпеуі. Үшіншіден, тапсырыс берушінің тарапынан сапасыз жобалардың қабылдануы. Төртіншіден, пайдалануға берілген су жүйелеріне тұрғындардың толық қосылмауынан және суды уақтылы қосатын мамандардың тапшылығынан туындап отырған мәселелер. Баяндамамен танысқан облыс әкімі басқарма басшысынан ауыз су мәселесінде көп қиындық туындатып келген Мойынқұм ауданының ахуалына қатысты сауал қойды. «Мойынқұм ауданында тұрғындардың цистернамен, ат арбамен, автокөліктерімен суды тасып ішетін жағдай болған еді. Қазіргі ахуал қандай? Тұрғындардың бұл проблемасын қалай шешіп жатырсыңдар? Нақтылы кезеңде қанша ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілді және қаншасы қажет етеді?» деді Кәрім Нәсбекұлы. Р. Байтелиев өз кезегінде аталған мәселе бойынша жағдайды баяндап берді. Оның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын мәселе, шынында ушығып тұрған екен. Биыл Ұланбел мен аудан орталығы – Мойынқұмға жүргізілген су құбырын қоса алғанда алдағы екі жылда ауданның сексен пайызы ауыз сумен қамтылмақшы екен. Ал тұрғындар саны аз елді мекендер мен стансалар 2017-2020 жылдарға дейін сапалы суға қол жеткізуі мүмкін. Облыс басшысы мәжіліске қатысушылардың назарын тағы бір мәселеге аударды. Ол – жүргізілген су құбырларына қойылатын есептеуіш құралдарының жерасты суы көтеріліп, соның астында қалып қоятын жағдайларының кездесуі. Бұл мәселеге жауапты жобалаушы мекеменің салғырттығы, оған нақты талап қоймаған тапсырыс беруші, яғни, аудандық әкімдік екенін айтты Р. Байтелиев мырза. Оның сөзінше, су жүргізу жоспарланған жерасты су қорын зерттеу жұмыстары жүргізілместен, аудандық әкімдік бірінші кезекте құжаттарын әзірлеп алады. Содан соң тиісті қаржы бөлініп, іске кірісетін шақта олар белгілеген жерден су шықпай, жоспардың бұзылуына, бюджет қаржысын тиімсіз пайдалануға әкеп соғады екен. Осындай жағдай орын алған бірқатар аудандарды да атап өтті. Қазіргі таңда ондай он нысан бар. Облыс әкімі аталған аудан әкімдерінен жауап алды. «Аудан басшылары, мен басқа да жиындарда айтып жүремін, бұрынғыдай сіздердің мойындарыңызға жүктелген Үкіметтің жүз мыңдаған малы мен мыңдаған гектар егістіктері жоқ. Бәрін де жеке шаруалар жасап жатыр. Ал Сіздер сонда немен айналысасыздар? Ең болмағанда Елбасының бастамасымен қолға алынып, жоспарланып, бір жүйеге қойылған істі тиянақты орындауға болады ғой. Ауылдың ахуалын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып отыру ғана міндеттеріңіз. Бұл міндетті ауыл әкімі де, аудан басшысы да жақсы білу керек. Жасалып жатқан жұмыстың сапасына бірінші кезекте өздеріңіз жауаптысыздар. Жұмыс жүргізіліп жатқан нысанның басы-қасында болып, өз көздеріңмен көрулерің керек. Тірлікпен етене танысып, біте қайнаспай оның сапасын бақылап тұра алмайсыңдар. Мердігер компания сапасыз жүргізіп кетті деп бір іспен қайта айналысып жатқанша, оны қырағы бақылауларың керек! Іске салғырт қарап, оның зардабын шегу барлық ауданда бар. Мысалы, Меркі ауданындағы Жамбыл ауылына ауыз су жүргізу үшін жер үш рет қазылды. Бірақ, су жоқ. Сол әу баста жұмысты жүйелі ойластырмағанның кесірі» деп облыс әкімі К. Көкірекбаев өз істеріне салғырт қараған тұлғаларды сын тезіне алды. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер тарифтерін қайта қарау керектігін, оның тұрғындарға да тиімді, бюджетке де пайдалы болуын баса айтты. Алдағы жылдың басында берілетін төрт күн демалыста қарап жатпай, бәрін бастан-аяқ қайта есептеп шығуға тапсырма берді. Ал, барлық аудан әкімдерінен өз аймақтарында жүргізіліп жатқан нысандар бойынша және ондағы орын алып отырған проблемаларға қатысты жауап алып, жұмыстарын сапалы әрі жүйелі жүргізуді жүктеді. Келесі кезекте К. Көкірекбаев Тәуелсіздік күні мерекесіне орай мемлекетке және қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік награда тапсыру салтанатына қатыса алмаған М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің проректоры С. Қойбақовқа ҚР Президентінің Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ, жақында кәсіпкерлік және индустриялық дамыту басқармасына басшы болып тағайындалған А. Мәдиевтің ант қабылдау рәсімі өтті.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар