Жемқорлық та тізгінделеді

Жемқорлық  та  тізгінделеді
ашық дереккөз
Жемқорлық та тізгінделеді

Апта аралығында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы болып өтті. Жиынды аталған кеңес төрағасы С. Сейдәзімов ашып жүргізіп отырды. Отырыста партияның облыстық филиалының жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі, сарапшы топтың жетекшісі Қ. Төлендиевтің хабарламасы, Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыс бойынша аумақтық инспекциясындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыс барысы туралы инспекция басшысы, партия мүшесі Н. Жігітековтің есебі тыңдалды. Қоғамдық кеңес сарапшы топтың жетекшісі Қ. Төлендиевтің хабарламасы мен инспекция басшысы Н. Жігітековтің есебін тыңдай келе мекемедегі жемқорлықтың жолын кесу бағытында жүзеге асырылған іс ауқымын нақтылады. Аумақтық инспекцияға келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштері заңда қарастырылған мерзім аралығында қаралып, әрқайсысына негізді жауаптар қайтарылған. Инспекция тарапынан жүргізілген тексерулер Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша басқармасында тіркеліп отырған. Облыс әкімінің шешіміне сәйкес аумақтық инспекция басшысы ай сайын елді мекендерге шығып, азаматтардың жеке мәселелері бойынша көшпелі қабылдау өткізген. Десек те, аумақтық инспекциядағы бюджет қаржысын жұмсау, мемлекеттік сатып алу тәртібін сақтау мәселелеріне қатысты құзырлы органдар жүргізген тексерістер кезінде 9 мың теңге мөлшерінде іссапар шығындарының артық төленгендігі, 8,8 мың теңгенің жанар-жағармайы негізсіз жұмсалғандығы, 69,7 мың теңге мөлшерінде жалақының артық төленгендігі анықталған. Отырыста «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің 2015 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып бекітілді. Қоғамдық кеңес күн тәртібінде қаралған екі мәселе бойынша да қаулы қабылдады.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар