Орман қоры ұлғаюда

Орман қоры ұлғаюда
ашық дереккөз
Орман қоры ұлғаюда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткен еді. Президенттің сондай-ақ бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соңғы кездері тал егу дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып, тиянақты мән берілуде. Мұның өзі қоғамға пайдасы зор игі бастама. Осы қағиданы ұстанған облыс жұртшылығы игі бастаманы жалғастырып, өз үлесін қосып келеді. Дана халқымыздың «Бір тал кессең – он тал ек», «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген қағидалары тал егудің адамзат тіршілігі үшін аса бір маңызды, қажетті іс екендігінің дәлелі. Президент тапсырмасына сәйкес, облысымызда бүгінге дейін 814,6 гектар алқапқа 970 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Ал, Тараз қаласы мен аудандарда 151,2 гектарға 179 мың ағаш көшетін отырғызу көзделген еді. Жалпы, 166 гектар алқапқа 232,2 мың түп ағаш көшеті отырғызылып, жоспар 53,2 мың түпке артығымен орындалды. Атап өтерлігі, бұл істе Тараз қаласы, Байзақ, Қордай мен Жуалы аудандары белсенділік танытқан. Ағаштарды суару аудандардың басым бөлігінде арық жүйесі арқылы жүргізілген. Биыл көктем айларында отырғызылған ағаштардың жағдайы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жоспар аясында 78,5 гектар алқапқа 83,7 мың түп ағаш көшеті орналастырылған. Оның ішінде Жуалы, Талас және Сарысу аудандары тиісті жоспарды толық орындаса, отырғызылған ағаштардың жалпы шығымдылығы 77 пайызды құраған. Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектар алқапты алып жатыр. Оның орман ағаштары көмкерген алқабы 2 миллион 357 мың гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,5 пайызын алып жатыр. Осынау аумақты орман шаруашылығы мекемесінің 931 қызметкері қорып, күзетумен қатар, оны ұлғайту жұмыстарын да атқарып келеді. Өткен жылы орман екпелері 3054 гектар алқапқа отырғызылып, 2750 гектарға сексеуіл тұқымы себілген еді. – Жылда мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5000 гектар алқапқа орман ағаштары көшеттен және тұқымынан егіліп келеді. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа жолдаған Жолдауына сәйкес, республика бойынша отырғызылатын 2 миллиард ағаштың 140 миллион түп ағашы 2021-2025 жылдары облыстың мемлекеттік орман қорына отырғызылуы тиіс. Бұл тапсырманы орындау мақсатында «Жамбыл облысында 2021- 2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспар бекітілген. Сол жоспарға сәйкес, биыл 13 660 гектар алқапқа 24,5 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған, – дейді орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау бөлімінің басшысы Данияр Башанов. Өткен жылы мекемелерде жоспар бойынша 49 гектарға тұқымбақ (қарағаш, жүзген, сексеуіл) жасақталып, онда 1 миллион 432 мың қарағаш, 4 миллион 837 мың сексеуіл көшеті өсірілген. Жоспарға сәйкес 4,4 гектар алқапты алып жатқан тұқымбаққа 25 мың түп қарағай, шырша, арша, басқа да қылқанжапырақты ағаш көшеттері отырғызылған. Күзде сексеуіл тұқымбақтары 44 гектарға артып, тұқымбақтар көлемі 93 гектар алқапқа жеткізілмек.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар