«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қала көгерішімен ажарлы

Қала көгерішімен ажарлы
ашық дереккөз
Қала көгерішімен ажарлы
Екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласына алыс-жақын шетелден және қазақ елінің әр қиырынан келіп жататын туристер мен басқа да қала қонақтарының көзі бірінші жолына, архитектуралық ерекшеліктеріне, тазалығына және көгерішіне түседі. Тіпті, іргедегі Шымкенттен жиі келіп тұратын әріптес- достардың өзі шежірелі шаһардың жасыл желегіне, гүлзарына қызыға қарайтын. Жолы, шығыстық және еуропалық үлгідегі архитектуралық ерекшеліктері, көрнекілігі, тазалығы, көгеріші жайлы «Ақ жол» аз жазған жоқ. Жетістікпен қатар, кемшіліктерін де талай көтердік. Өзге өңір тұрғындарының таңдайын қақтырып, таң- тамаша еткен облыс орталығының қазіргі көгеріші қалай? Бірде белгілі жазушы-драматург, журналист Елен Әлімжан ағамыз: «Тараз қаласы Алатау мен Қаратаудың тоғысқан жерінде, екі өзеннің ортасында климаты ерекше, ауа райы қолайлы, қысы жылы, жазы жайдарлы жерде орналасқан. Оңтүстік бағытқа шығатын «Күйік» асуының немесе Жамбыл ауданы Қаракемер ауылының арғы-бергі жағын қараңыз, Алматы бағытымен жолда келе жатып, Таразға жақындағанда табиғаты тамылжыған ғажап бір қалаға енетіндей әсерде боласың. Сол ерте заманда-ақ қаланың іргетасын қаларда, осындай жанға жайлы жерді әдейі таңдаған болар», – деді. 80 жасты алқымдап қалған қаламгердің ғұмырының дені осы ежелгі де жаңарған қалада өтіп жатқандықтан , тарихын былай қойғанда, табиғатының ерекшелігін білген соң ғой, айтқаны. Расында да, шыбық шаншысаң, бірер жылда саялы бәйтеректей қаулап өсе шығатыны ауа райының қолайлығынан. Тек уақтылы суарып, күтім жасап тұру керек. – Биылғы көктем айларында қала көшелері мен саябақтарына 760 түп қырым қарағайлары (сосна), 750 түп бозарша (туя), 1500 түп шетен (ясень) және қаланың өзге тұрғын аумақтарына барлығы 7500 түп көшет отырғызылып, күтімге алынды. Осы егілген талдың 85 пайызы өніп шықты. Ал, күз айларында «Жасыл Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы қала көшелеріне 3100 түп әртүрлі тал-дарақтан бөлек, «Қызыл Абад» шағынауданына 20000 түп қарағаш отырғызу қолға алынуда. «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін көріктендіру, көгеріштендіру мақсатында 3600 түп қырым қарағайын, 500 көк шырша, 500 бозарша, барлығы 4600 түп көшет отырғызу жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Ұлы дала» шағынаудан тұрғындарының қолайлы өмір сүрулеріне жағдай жасау мақсатында 10 гектар аумақта саябақ пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда көпшілік демалыс орны болатын аумақты сумен қамту жұмыстары басталды. Күз айларында саябақ аумағына 22 түрлі 5000 түп көшет отырғызылып, келесі жылы абаттандыру жұмыстары аяқталады деп күтілуде, – дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков. Қала күні мерекесіне орай, Тараздағы Д.Қонаев алаңына 70 түп қырым теректері отырғызылды. Бұл бастамасы басқаларға үлгі боларлық-ақ тірлік. Қаланың жасыл желекпен көмкерілуі басшы азаматтарға ғана емес, барша тұрғындарға керек. Сондықтан да көктемгі және күзгі көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық-тазалық айлықтары кезінде мекеме, кәсіпорын ұжымдары сенбілікке шығып, бір қызметкер бір көшет отырғызғанның өзінде тарихи Тараз көгеріп, көктей түседі. Бір жылдары көпқабатты тұрғын үйлердің және жеке сектордың тұрғындары бір кісідей тазалық, тал отырғызу жұмыстарына шығып, белсенділік көрсетіп жататын. Осы үрдіс кейінгі кезде тоқтап қалғандай. Әрбір тараздықтың бойында «Менің туған қалам» деген шынайы сезім болса дейсің. Ешкім сырттан келіп, күл-қоқысты тазалап, тал егіп бермейді. Сондықтан да, ортақ іске қала тұрғындары болып жұмылсақ, Тараз жасыл желекке жамылып, гүлге орана береді.  

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар