«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Нақты іс қана нәтижеге жеткізеді

Нақты іс қана нәтижеге жеткізеді
ашық дереккөз
Нақты іс қана нәтижеге жеткізеді

Кеше облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалық етуімен филиал Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Оның жұмысына партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің, бақылау-тексеру комиссиясының, партиялық бақылау комиссиясы мен филиал жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, партия қалалық және аудандық филиалдарының төрағалары мен олардың бірінші орынбасарлары, облыс әкімдігі басқармаларының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бюро отырысында Тараз қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы­ның төрағасы Нұржан Календеровтың «Нұр Отан» партиясы саяси Доктринасы­ның «Қуатты экономика» басымдығы мен Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауға бай­ланысты жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Нұржан Сәбитұлы өз есебінде Елбасы Жолдауында белгіленген жеті негізгі басымдыққа кеңінен тоқталып, бұл бағытта атқарылып жатқан нақты істерді тілге тиек етті. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарла­масы аясында, Тараз қаласында Индустрияландыру картасына жалпы құны 41 миллиард 309 миллион теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба еніп, қосымша 2 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Бағдарлама қабылданған төрт жылдан бері шаһарда 11 жоба пайдалануға берілген. Биылдың өзінде «Арайстроймаркет-2003» ЖШС жалпы құны 120 миллион теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 300 мың дана радиатор шығаратын шағын зауытты іске қосты. Келер жылы тағы 3 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылғы 11 ай ішінде Тараз қаласының әлеуметтік-өнеркәсіп өнім өндірісінің көлемі 160 миллиард 737 миллион теңгені, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 43 миллиард 164 миллион теңгені құрады.

 үй-коммуналдық шаруашылық, су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту бойынша да нәтижелі жұмыс жүргізілуде. 

«Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Тараз қаласы бойынша биыл республикалық бюджеттен жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 1160,0 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 163,827 миллион теңге қаражат бөлінді. «Бәйтерек» мөлтек ауданынан кезекте тұрған жанұяларға 75 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, аталған мөлтек ауданда 3 тұрғын үй нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы 65 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға қосымша 105,4 миллион теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Аталған мөлтек ауданында тағы да бір 65 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. «Арай» алқабынан несиеге берілетін екі 65 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына 303,9 миллион теңге бөлінді. Нысандар алдағы жылы пайдалануға беріледі. Қала әкімі сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар туралы да айтып берді. Мұнан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Үкіметтің қаулысына сәйкес қалаға іргелес аудандардан бірқатар елді мекендер қосылғанымен, тұрғындарды жер телімімен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспей келе жатқанын тілге тиек етті. Қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізе отырып, бұл мәселені түпкілікті шешу қажеттігін тапсырды. Бұдан өзге де бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Бюро отырысында баяндаманы талқылауға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Рахия Тұрмаханбетова, партия Талас аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Болат Рысмендиев шықты. Басқосуда сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХІV есеп беру-сайлау конференциясында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, партия облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюро мүшелерінің функционалдық міндеттері белгіленді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының 2015 жылдың бірінші тоқсанына арналған жұмыс жоспары айқындалып, партия облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының, жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы мен төрағалары бекітілді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының ережесін бекіту туралы партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Беріктің ұсынысы бірауыздан қабылданды. Бюро отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселелер толық қаралып, қаулы қабылданды. Басқосуды облыс әкімі, партия облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаев қорытындылады.

Тұрсынбек  СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар