«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азаматтар өтініші

Азаматтар  өтініші
ашық дереккөз
Азаматтар өтініші

аяқсыз қалмайды

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдаулардың жиі өткізіліп тұратындығы белгілі. Бұл жолы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсат Қожабаев қоғамдық қабылдау өткізді. Оған әртүрлі ұсыныс, өтініштері мен мәселелерін арқалап келген 15 азамат көкейлеріндегі сауалдарына жауап алып қайтты. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Қ.Мамбеталиев бұрынғы жұмыс орнынан қысқартуға ұшырағандықтан жұмысқа орналасу туралы өтінішін білдірсе, Ә.Ноғаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның кейбір баптары бойынша өзгерістер енгізу туралы ұсынысын жеткізді. Алғашқы азамат бос жұмыс орны қарастырылатындықтан өзі туралы түйіндемені қалдырып кетсе, кейінгісінің де ұсынысы қабылданды. Ал Жуалы ауданы әкімдігінің қызметкері С.Қойбақовтың бірнеше ұсынысына М.Қожабаев пен оның орынбасары Ғ.Тұрсынбаев қолдау білдірді. Оның біразы агенттікке жолданатын болса, кейбіріне бірден тиісті жауаптары берілді. Сонымен қатар Байзақ аудандық жастар орталығының директоры лауазымындағы еңбек өтілі мемлекеттік қызметтегі басшы лауазымға орналасуға артықшылық ретінде қарастырылмайтындығын жеткізген Ернұр Мадияровқа басқа салалар бойынша басшы лауазымға орналасуға болмағанымен, бұл талпынысын ішкі саясат, жастар саясаты салаларында жүзеге асыру мүмкіндігі түсіндірілді. Байзақтық Т.Адасханов болса, ауылдық жерлерге жұмысқа баратын мемлекеттік қызметшілерге неліктен баспана және тағы басқа қосымша шығындар қарастырылмайтындығын көтерді. «Расында бұл мәселе өзекті болып тұр» деген М.Қожабаев алдағы уақытта ол республика деңгейінде қаралатындығын, бірақ қазіргі уақытта аудандағы баспана кезегіне тұруға кеңес берді. Аталған аудан тұрғыны Б.Кеңесбековтің «Арнайы орта білімі бар жастар мемлекеттік қызметке орналаса ала ма?» деген сауалына, «облыстық мекемелердегі бас маман деңгейіне дейін жұмысқа тұруға болады» деген жауап берілді. Ал жалпы бір орында шектеліп қалмаймын деген жанның ары қарай жоғары білім алғаны дұрыс. Жамбыл ауданының тұрғыны Ж.Оспанованы «Халықтық ІРО» акцияларын мемлекеттік қызметкерлердің сатып алуына бола ма?» деген сауал мазалайды екен. Оған сатып алуға болады, бірақ дивидент алу үшін сенімді басқаруға беру керектігі айтылды. «Компания инвест» ЖШС басшылығы өткен айдың жалақысын бермей отыр деген З.Абатовтың шағымы жазбаша қабылданды. Қоғамдық қабылдауға келген басқа да азаматтардың мәселелеріне мұқият көңіл бөлініп, тиісті кеңестер берілді.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар