«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туған жерін түлеткен Эльбрус

Туған жерін түлеткен Эльбрус
ашық дереккөз
Туған жерін түлеткен Эльбрус
«Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық» дейді дана халқымыз. Туған жердің топырағында аунап, ауасын жұтып, туған елдің мейірімін көріп өскен бала есейгенде дүниенің қай қырында жүрсе де бүйрегі өзінің алақандай ғана ауылына бұрып тұратыны рас. Отан алдындағы перзенттік борышты сезіндіретін қасиет те осы шығар, сірә. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болғалы отырған Эльбрус Құндықұлұлы да ержетіп азамат болғанында арман қуып, ауылынан алыстап, қалада тіл үйреніп, бойына білім жиды. Талай жетістікке жетті. Бірақ, жүрегінің түкпіріндегі туған ауылына, өз жұртына деген сүйіспеншілік оны өскен өлкесіне қайтарды. Ол бүгінде Т.Рысқұлов ауданындағы Ақбұлақ ауылында «АбдиЕлнұр» шаруа қожалығының иесі. Оның іс-әрекетінен «Мен мемлекетіме не бере аламын?..» деген талпынысты, Отанына деген сүйіспеншілікті байқадық. Ауданға барған іссапарымызда Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжеғара «Әкімшіліктің жұмыстарына үнемі демеушілік жасап, ешкімге айтпай ауыл халқына көмектесіп жүретін кәсіпкеріміз бар» деп, бізді бірден «АбдиЕлнұр» қожалығына алып барды. – Жеке кәсіпкер Эльбрус Мөңкебаевты мұндағы жұртшылық іскер азамат әрі қайырымды, жомарт жан ретінде таниды. Бұрын әкесі осы ауылда мал баққан қарапайым шаруа кісі еді. Қария дүние салған соң қалада тұрып, әжептәуір қызмет атқарып жүрген жерінен Эльбрус ағамыз ауылға көшіп келді. Әкесінен қалған мал басын құрап, жеріне егін салып, шаруа қожалық құрды. Көрген-білгені көп ағамыз істі жаңаша бағытта дөңгелетіп әкетті. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға да үлкен үлес қосып отыр. Қожалығында тек мал бағып, егін егумен шектелмей, түрлі құс өсіреді. Бірнеше жылдан бері ауыл шетіндегі мемлекет меншігіндегі көлді уақытша пайдалануға алу үшін көп жүгірді. Жақында ғана аукционнан жеңіп алды. Енді сол көлде балық шаруашылығын жүргізіп, жағалауын реттеп, демалыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Одан да басқа ауқымды жоспарлары барын айтып, әкімшілікпен ақылдасып отырады. Әкімшілік тарапынан мереке күндеріне арналған мәдени- көпшілік іс-шараларын ұйымдастырарда Эльбрус ағадан көмек сұрасақ, ешқашан бас тартқан емес. Ауылымыздағы тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларына асарлатып үй саларда да Эльбрус Құндықұлұлы 600 мың теңгеге құрылыс материалдарын өзі жеткізіп берді. Өткен жылы ауылымыздың орталық мешітіне күрделі жөндеу жүргізді. Оған қоса, мешіттің ішкі керек-жарағын түгелдей жабдықтады. Одан бөлек, ешкімге айтпай жасап жүрген қайырымдылықтары да баршылық. Мысалы, ауылдағы дүкеншіден естідім, қарызы 20 мыңнан асып кеткен ауылдың 20 тұрғынының берешегін өзі өтеп беріпті. Міне, кеше ғана өткен Қарттар күніне арналған ауылдың мерекелік іс-шарасында да ауыл қарттарына арнап дастарқан жайды. Ата-әжелеріміздің көңілінен шығатындай мереке өткізуімізге қажетті материалдық шығындарды ұлы Нұрлан екеуі өз жауапкершіліктеріне алып, атқарды. Бұл кісілерге ақбұлақтықтар дән риза, – дейді ауыл әкімі Сәбит Жұмағалиұлы. Ақбұлақтықтар айтқандай, Эльбрус Құндықұлұлы өзі туралы айтуда расымен де өте ұяң екен. Шаруаның жайын сұрағанымызда да «Мен жасадым» демеді, «Бәрі де мейірімі шексіз, аса жомарт Алланың бергені, мен тек себепкермін» дегенді ауызға ала берді. Жасаған қайырымдылықтарын ауыл әкімінен естігенімізді айтқанда «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген, жақсылықты жариялап, мақтану үшін жасамайды адам» деп қалды. – Бәріне мәлім, Ақбұлақ ауылы кеңестік кезеңде асыл тұқымды қой өсірумен абыройлы аты шыққан Ленин совхозы болған. Сол кезде әкем марқұм кеңшардың малын баққан қарапайым шаруа кісі еді. Бала күнімізде әкемізге көмектесе жүріп, шаруаның жайын үйреніп өстік. Әкем егіннің бабын баптап, малдың күтімін жасауды іспен үйрете жүріп, өзінің үлгілі әрекеттерімен, өнегелі сөзімен біздің бойымызға адамгершіліктің де дәнін септі. Ол кісі өмірден өткен соң қара шаңыраққа ие болуға ауылға қоныс аударып, қайтып келдім. Қолда бар мал-мүлікпен шаруа қожалықты балаларыммен бірге құрдық. Кәсіпкерлігімді немерем Абдинұр мен інімнің баласы Елнұрдың есімдерімен «АбдиЕлнұр» деп атадым. Інімнің сол баласының есімін өзім қойған едім, ал немеремнің Абдинұр деген есімі «Алланың сүйікті құлы» деген мағынаны береді. Міне, осылай періште бөбектерімнің есімдерімен атап, жақсылыққа ниеттеніп, бастаған кәсіпкерлігім, шүкір, жайлап өркен жайып келеді. Қазір ірі қара да, ұсақ мал да бағып жатырмыз. Қаз-үйректеріміз де бар. Сауын сиырлардан алған сүттен құрт-май, ірімшік, қаймақ әзірлеп, сатылымға шығарамыз. Мал бордақылап, ет өндіреміз. Енді құстардың қатарын толықтырып, бөдене бағуды қолға алсақ деп отырмыз. Бөдене өндірісте жұмыртқа және ет бағытында пайдаланылады. Біз осы екеуін де игерсек деген ойдамыз. Бөденелерді бағатын орындарын да салып, дайындап қойдық. Бәріне белгілі, қазір көп азық-түлік консервіленген, ұзақ уақытқа сақталу үшін, иісі мен дәмін арттыруға түрлі қоспалармен дайындалады. Ондай қоспалардың адам денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайтыны тағы бар. «Ас – адамның арқауы» деп халық бекер айтпайды. Ішкен-жегеніміздің бәрі де бойымызға дарып, қуат береді, ағзаға қажетті дәрумендерді сол ішкен-жегенімізден аламыз. Сондықтан, астың тазалығы маңызды. Осы тұрғыда біз халыққа таза табиғи өнім беруді көздеп, шағын цехтар ашуды жоспарлап отырмыз. Ет, сүт, ұн өнімдерін және түрлі құстардың жұмыртқаларын таза табиғи қалпында тұтынушыға ұсынбақпыз, – деп істің көзін тапқан Эльбрус Мөңкебаев бірнеше цехқа арнап салған құрылыстарымен таныстырды. Зәулім үйінің кең ауласынан қатарласа салынған бірнеше бөлмелердің бірі жартылай фабрикат тағамдарды, құс етінің алуан түрлерін, сүттен жасалатын азықтарды, макарон, кеспе секілді ұн өнімдерін дайындауға арналған. Бұдан бөлек, іскер азаматтың көздеп отырған үлкен жоспары бар. – Көріп тұрғандарыңыздай, үйіміздің дәл қасында көл бар. Әрине, мемлекеттің меншігіндегі көл. Осыны пайдалану құқығын алу үшін екі жылдан бері жүгірдік, ауыл әкіміне рақмет, қолдан келген көмегін аямады. Жақында ғана аудан әкімі де келіп, шаруамыздың жай- күйімен танысып кетті. Сол көлді пайдалану құқығына биыл ие болып отырмыз. Әзірге бұл көлдің шеткі жақтарын ну қамыс басып жатыр. Тек бір ғана тұсындағы жағалауына тұрғындар келіп, балық аулайды. Осындай әдемі жерлерді ажарландырып, неге елдің игілігіне пайдаланбасқа? Осы көлдің жағалауына жол салып, сәндеп, демалыс орнын ашсам деп, арнайы сызбасын да әзірлеп қойдым. Демалушылар көлден балық аулайды, кеме, катамарандармен суда серуендейді. Балық шаруашылығын дамыту үшін уылдырық асырайтын бассейн салып, сонда өсіріп, өзінің мерзімінде көлге жібереміз. Оған қоса көл маңынан адамдар шомылуға арналған бассейндер саламыз. Демалушылар үшін атпен серуендеу, велосипед тебу, балаларға арналған бассейн, футбол алаңшасы секілді нағыз табиғат аясында тынығатын орындарды саламыз. Тамақтанатын орындар, киіз үй, сәкілер де болады. Көлдің ортасына әуенді субұрқақ орнатсақ дейміз. Жағалауға халықтың сүйіп тамашалайтын тауыс (павлин), қоян, пони сияқты түрлі құстар мен жануарлардан шағын хайуанаттар бағын қоямыз. Әсіресе, жастарға қазақы рух берерліктей, жылқыға мініп, киіз үйден қымыз ішіп, тынығатындай демалыс орны болса екен деген басты мақсатым бар. Бұйыртса, бұл демалыс орнымыз 1-2 жыл көлемінде іске қосылады деген ойдамыз. Сонымен қатар, биыл үй жанындағы алқапқа алма талдарын отырғыздық, сол жерден алма бақ өсіруді қолға алмақшымыз. Соның қасынан жылыжай салмақшымыз. Қажетті құрал-жабдықтарының бәрін алып қойдық, жылыжай салынған соң әр мезгілде халықтың сұранысына қарай түрлі көкөністерді егіп, өсіреміз. Өнімдерімізді алдымен өз ауданымыздың тұрғындарына қолжетімді бағамен сатылымға ұсынамыз. Содан соң ғана облысқа, басқа да өңірлерге шығарамыз. Қазір апта сайын облыс орталығы мен аудан орталығына ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып жатыр. Оған да өз үлесімізді қосып жүрміз, болашақта жәрмеңкеге апарар өнімдеріміздің қатарын көкөніс, жеміс- жидектермен толықтырсақ деген ойымыз бар, – дейді кәсіпкер. Қазіргі уақытта қорасында бордақылау үшін 250 тоқты бағылуда. Жылқылары құмдағы өрісте екен, қысқа қарай бордақылау үшін қораға әкелінеді. Сауын сиырлар үшін де бөлек қора салынған. Оған қоса, үйрек, қаз, түйетауықтардың балапандарын инкубатордан шығарып, өсіріп, апта сайын базарға шығарып тұрады. Қазіргі уақытта бұл шаруа қожалық 7 адамды тұрақты, ал маусымдық кезеңде одан да көп кісіні уақытша жұмыспен қамтып отыр. Тұрақты жұмысшыларына 150-300 мың теңге аралығында жалақы төлейді. Жылыжай, демалыс орны, алма бақ жұмыстары жүргізілген кезде көптеген жұмыс көздері ашылмақшы. Сөз арасында кәсіпкер алдымен өз ауылының тұрғындарын жұмысқа алатынын да айтып қалды. Шағын ауыл үшін кәсіпкердің қолға алған жұмыстары, бірнеше шағын цехтың іске қосылуы үлкен олжа. Жоспарлары сәтті жүзеге асса, ел экономикасын ілгерілетіп, жұмыссыздықты жоюға да ауқымды серпін берер еді. Батырлық тек соғыста ғана болмайды, елінің игілігі үшін адал еңбек еткен шаруа да ісімен ерлік көрсетеді. Біз еңбекқор Эльбрус Мөңкебаевпен әңгімелесіп, шаруасымен танысқанда оның туған халқына деген сүйіспеншілігі мен ерлігін байқадық. «Елім» дейтін ерлердің қатары арта берсе екен...  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар