«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұртқа жұмыс тауып берген жоба

Жұртқа жұмыс тауып берген жоба
ашық дереккөз
Жұртқа жұмыс тауып берген жоба
Асыраушы сала болып саналатын ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар талай кәсіпкердің шаруасын тіктеуге серпін берді. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы аясында жүзеге асырылып жатқан негізгі жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы көптеген аймақтардағы шаруаларға оң ықпалын тигізді. Жуалы ауданына жасалған баспасөз турында осыған көз жеткіздік. Жуалы ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев жобаның қаржыландыру бағыттарын айтып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды да мәлімдеді. – «Ауыл Аманаты» жобасы өңдеу саласына қатысты жобаларды, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту, басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландырады. Шағын несие мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Шағын несиенің ең жоғарғы сомасы – ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни 8,6 миллион теңге, зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтары және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК, яғни 27,6 миллион теңгеге дейін. Ал, сыйақы мөлшері жылына 2,5 пайыздан аспайды. Бұл жобаға қатысу үшін несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс. Басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек. Мемлекеттік кірістер органдарына берешегі болмауы тиіс. Сонымен қатар, несие алушы кепілмен қамтамасыз ете алуы керек, зейнет жасына жетпеген болуы шарт және ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайдың, яғни жер телімі, қорасы болуы қажет. Білесіздер, бұл жоба бұдан бұрын тек біздің облыста ғана пилоттық жоба ретінде қолданылған болатын. Мемлекет басшысы да осыны атап өтіп, тиімділігі байқалғандықтан, бүкіл республика аумағында «Ауыл аманаты» жобасы деп жалғастыруды тапсырған еді. Міне, сол пилоттық жоба кезінде ауданымызда 2019 жылы Ақтөбе, Ақсай ауылдық округтері алды, енді Жетітөбе ауылы алып отыр және Қарасаз бен Қызыларық ауылдық округтері қосылды. «Ауыл аманаты» жобасының кәсіпкерлік бағыты бойынша ауданымызда екі тігін цехы мен наубайханамыз қолдау тапты. Жобаның тиімділігі сол, ауданда табыс артып келеді. Мысалы, ауданда үш мыңға жуық ірі қара алынды. Тұрғындардың игерілмей жатқан жерлерін пайдаланып, кәсіп көзіне айналдырып, табыс табуына да оң ықпалын тигізді, – дейді Ержан Байұзақұлы. Өткен жылы Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған елді мекенінде бірнеше тұрғындар бірігіп, «Жетітөбе – 2022» кооперативі құрылған. Қатарына кіруге ниеттілер әлі де өтініш білдіріп жатыр екен. – Бұның алдында, яғни 2014 жылы ашылған өзімнің жеке шаруа қожалығым бар болатын. Қожалығымда мал шаруашылығымен айналысамын. Өткен жылы ауыл тұрғындарымен бірігіп, осы кооперативті құрдық. Қазіргі уақытта 137 мүше бар, әлі де қосылатындарын айтып, хабарласып жатқандар бар, біразы құжаттарын дайындап жүр. «Ауыл аманаты» жобасымен құны 138 миллион теңге болатын ауыл шаруашылығы техникаларымен жабдықтадық. Кооперативіміздің негізгі бағыты – егістік. Бидай, арпа, мақсары, жоңышқа егеміз. Қазір 200 гектар мақсарымызды комбайндар орып жатыр. Кооператив мүшелігіндегі кісілердің жерлеріндегі егіннің бар жұмысы осы техникалармен атқарылады, – дейді Александр Уразовский. Осы округтегі тағы «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырған «Рахым» жеке кәсіпкерлігі. Тасбастау ауылының тұрғыны Рахымжан Әбдікәрімов аталған жоба аясында 6 миллион 400 мың теңгеге 15 бас сауынды сиыр алған. Қазіргі уақытта күніне 140 литр сүт сауып, «Бурный сыр зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізуде. – Бала күнімнен мал бағып, күтімін жасау ісіне араласып өскенмін. Әкем малшы, анам сауыншы болатын. Небәрі 6 жастан енді асқанымда әкемнен айырылып қалдым. Содан соң шаруашылыққа толықтай араласып, анама жәрдемдесіп, еңбекпен есейген жанмын. «Ауыл аманаты» жобасы жайлы естігенде, бірден құжаттарымды реттеп, сауынды сиыр алуға кірістік. Одан бұрын да біраз сиыр ұстап, жұбайым оннан аса сиырды жалғыз өзі сауатын. Ол іс бізге жат емес еді. «Ауыл аманаты» жобасымен екі жарым пайыздық несие алып, соған сауынды сиырмен қоса 6 тонна жем және шөбін сатып алдым. Бұны алғанымызға екі ай ғана болды. Табысы жаман емес, күніне екі мезгіл сауамыз. Әр күнде бір сиырға екі килограмнан жем беремін. Қазір енді жаздағыға қарағанда сүт азаятын уақыт қой, соның өзінде әрқайсысынан бес литр сүт сауып аламыз. Сүт зауытына литрін 150 теңгеден күніне 50-55 литр сүт өткіземіз. Тараз қаласынан 250 мың теңгеге сиыр сауатын аппарат сатып алдық. Жобамен алған несиеге осынша мал аламын деп ойламаппын, 8 гектар жерімде жоңышқам бар еді, соны орып, жетпегенін сатып алдық. Өзімнің 21 гектар жерім бар, малыма керек шөпті енді сонда егіп аламын деп ойлап отырмын. Алдағы уақытта мал басын бұдан да көбейтсек деген ойдамыз. Үйіміздің жанында кең жеріміз бар, сол жерден кешенді қора салсақ деген жоспарымыз бар. Екі ұлым бар, қазір олар осы ауыл тұрғындарының сиырларын өріске жаяды, кешенді қораны сол ұлдарыммен бірлесіп тұрғызып аламын, бұйыртса, – дейді кәсіпкер Рахымжан Әбдікәрімов. Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Қайнарбек Беделбековтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы әкімдіктің біраздан ойда жүрген жұмыстарын шешуге де әсерін тигізіпті. Бұл ауылда арық суын жүргізу осыған дейін күрделі мәселе болып келген. Ауылдың жоғарғы жағында кішігірім тоған бар, содан ауыл ішіне арықпен су әкелуді ұйымдастыру әкімдіктің міндеті. Аталған жобаға қатысқан жетітөбелік екі нысанмен бірлесіп, ауылды толықтай сумен қамту мәселесі де оңтайлы шешілген. Жобаның 5-бағыты, яғни бизнесті қаржыландыру бойынша несие алып, цех ашқан Гүлнара Жандарбекова сүт өнімдерін шығарумен айналысады. Қайрат ауылындағы бұл кәсіпкер келіншек сиыр сүтінен табиғи ірімшік, сары май, құрт, йогурт, сұранысқа сәйкес брынза өндіруде. Кәсіпорынның қуаттылығы 2 тоннаны құраса, тәулігіне 1 тонна сүт қабылдайды. Мұнда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. – Пилоттық жобамен 2020 жылы осы цехты ашқан болатынбыз. Қазіргі уақытта бізге сүт өткізетін 10-15 шаруа қожалық бар. Өнімдеріміздің бәрі де ешқандай қоспасыз таза табиғи тағамдар. Өнімдерімізді «Фиркан», «Нұрислам» дүкендер желісіне өткізудеміз. Сонымен қатар, Астана , Алматы қалаларына да шығарып тұрамыз. Өз ісін ашып, еңбек етемін деген халыққа жеңілдетілген несие беріп, қолдау көрсетіп жатқан мемлекетімізге рақмет! Жұмысымызды жүргізіп, отбасын асырауға жобаның көп көмегі тиді. Тек кәсіпкерлерге ғана емес, жұмыссыз тұрғындардың жұмыспен қамтылуына да зор ықпал етіп отыр. Әрине, мұнымен тоқтап қалмай, кәсібімізді кеңейтетін жоспарларымыз да бар, – деді кәсіпкер Гүлнара Жандарбекова.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар