Білім саласында серпін бар
2023-2024 оқу жылында облыстағы 500 мектепке 246 371 бала барды. Оның ішінде, 23819 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оқулықтарды сатып алуға биыл 3,1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Биыл 1 қыркүйек күні Жамбыл ауданы, Шоқай ауылының оқушылары үшін қуанышты сәт туды. Алғашқы қоңырау, яғни білім күні 150 орындық мектеп ашылып, балалардың игілігіне берілді. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылы 25 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 9 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қалған 8 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылыстары жұмыс кестесіне және келісімшартқа сәйкес биылғы жылдың қараша, желтоқсан айларында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал, 11 нысан құрылысы 2024 жылы аяқталады.
Бұдан бөлек, 17 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 4,4 миллиард теңге қарастырылған. Мектептердегі сабақ кестесін бекіту, мұғалімдердің күнтізбелік жоспарларын және сағаттарды бөлуде әдеттегідей білім беру ұйымдарының әкімшілігі жауапты.
Бүгінгі күні облыста үш ауысымды 4 мектеп, апатты 3 мектеп, оқушы орнының тапшылығы бар 2 мектеп тіркелген. Үш ауысымда оқытылатын 4 мектептің мәселесі 2024-2025 жылдары шешілетін болады. Ал, 2 мектептің мәселесі қосымша құрылыс есебінен шешілсе, қалған 2 мектептің мәселесін «Жайлы мектеп» құрылысы есебінен шешу жоспарланып отыр.
2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 12 мектеп салу жоспарлануда. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 7 мектеп, 2025 жылы 5 мектеп пайдалануға беріледі.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Aitas» компаниясының қолдауымен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоры есебінен «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында облыста 2022 жылы 250 миллион теңгеге бір мектептің (Сарысу ауданы Б.Адамбаев атындағы орта мектебі) 35 оқу кабинетінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 116 педагог «Назарбаев зияткерлік мектептері» арқылы оқыту курстарынан өтті. 2024 жылы жоба аясында облыстың 8 мектебін қайта жабдықтау жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, «Инженерлік білім беруді дамыту» қорының және «Арман Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен аудандар мен шағын қалалардан келген балаларға бағдарламалауды, робототехниканы, схемотехниканы зерделеуге мүмкіндік жасау және инженерлік дағдыларды қалыптастыратын салаларда қолжетімді сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында «Болашақ инженерлер-1» жобасы да іске асырылып жатқанын мамандар қуана айтып жүр.
Жоба аясында облыс бойынша 66,3 миллион теңгеге 13 робототехника кабинеті жабдықталды. Сонымен қатар, бағдарламалау және робототехника негіздері бойынша мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетіліп, оқу- әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін «Болашақ инженерлер-2» жобасы аясында шағын қалаларда (Қаратау, Жаңатас) 42 миллион теңгеге 7 робототехника кабинетін жабдықтау жоспарланып отыр.
2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап барлық бастауыш сынып оқушылары бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Сондай-ақ, биыл оқу жылында 7946 бала мектептерге және кері қарай күнделікті тасымалдануда. Мектеп оқушыларын тасымалдайтын 118 автобустың 35-і білім бөлімінің, 19-ы мектептің, 63-і кәсіпкерлердің меншігінде.
Автобустардың барлығы техникалық байқаудан өткен және медициналық көмек қобдишаларымен, өрт сөндіру құралдарымен, апаттық жағдай мен «Абайлаңдар, балалар!» белгілерімен, арнайы жарық және дыбыстық сигналдарымен жабдықталған. 2023-2024 оқу жылы республикалық бюджет есебінен 842 миллион теңгеге балалар тасымалдау үшін жаңа 14 автобус лизингпен сатып алу жоспарланып отыр.
Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу мәселесі де жіті қарастырылған. Осы мақсатта облыстың барлық мектептері «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесіне қосылған. Былтырдан бастап «Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм каналы жұмыс істейді, онда балалар кімдердің буллинг жасайтынын, ақша бопсалау, қысым көрсету фактілерін жазып көрсете алады, ақпарат беруші туралы мәлімет анонимді болғандықтан, балалар өз ойларын еркін білдіреді. Аталған телеграм каналға облыстық прокуратураның, полиция департаментінің білім басқармасының, білім бөлімдерінің жауапты мамандары қосылған.
Облыста 573 мектепке дейінгі ұйымдарда 60 мыңға жуық бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі енгізген «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру» ақпараттық тегін es.iac.kz (ес.иак.кз) жүйесіне көшу бағытында жұмыс жүргізілуде.
Бүгінгі таңда аталған министрлік тарапынан балабақшалардағы орындарды бөлу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін облыстардағы электронды кезектер республика бойынша бірыңғай базаға енгізіліп, біріктірілу жұмысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы облыста аталған жүйені пилоттық жобаға енгізу жоспарланған. Сонымен қатар, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру мақсатында биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап еңбекақы 30 пайызға өсті.
Өңірдегі «Мейірім» жобасы аясында 96 мекеме 137 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға әлеуметтік қолдау көрсетілген. Жоба аясында 1331 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар 65 миллион теңгеден астам қаржы аударды. Бұл жобаға қолдау көрсету – жастардың өмірден өз орнын табуға зор септігін тигізері анық.
«Өткен оқу жылында демеушілердің қолдауымен 150 миллион теңгеге психологиялық, медициналық, педагогикалық кабинеттердің материалдық базалары нығайып, қызметтік автокөліктер алынды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен Қаратау қаласындағы облыстық «Үміт» мектеп-интернаты 28,7 миллион теңгеге қажетті құралдармен қамтылды. Аталған қорға алдағы уақытта 8 мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 654 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтардың жобалары әзірленіп, жолданды. Бүгінгі күні ата-аналардың ұсыныстарын ескере отырып, «Асыл Мирас» аутизм орталығында күндізгі ұзартылған топтарды ашу үшін және Мектеп олимпиадалары мен мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта да осы санаттағы балаларға арналған үйірмелерді ашу үшін қосымша ғимарат соғу бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Қазіргі таңда, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану аса маңызды. Облыста 78 қосымша білім беру мекемелерінде 68570 оқушы, мектептегі үйірмелерде 121596 оқушы қосымша біліммен қамтылып, қамту көрсеткіші 80,3 пайызды құрап отыр», – деді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстағы резиденция ғимараты жыл бойына жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылғаны көңіл қуантады. Бірінші ауысымда 50 бала қамтылып, ауысымның ұзақтығы 15 күнді құраса, қыс мезгілінде 20 күнге дейін демалуына мүмкіндік жасалған.
Облыста 78 қосымша білім беру мекемелерінде 68570 оқушы, мектептегі үйірмелерде 121596 оқушы қосымша біліммен қамтылып, қамту көрсеткіші 80,3 пайызды құрап отыр. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары тарапынан мемлекеттік тапсырыс аясында спорт (6818 бала) және шығармашылық (5273 бала) үйірмелермен 12091 бала қамтылған.
Жастарға кәсіптік-техникалық білім беру – маңызды мәселе. Облыстағы 44 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 26 164 студент оқыса, 16 284 (62%) студент мемлекеттік білім тапсырысы аясында білім алуда. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша, 2023-2024 оқу жылына 6350 орын бар екен.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді